Елбасы белгіленген 100 нақты қадам бойынша әр салада жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлт жоспары елімізді дамытуға серпін бере алады. Сондықтан оны орындау барысында жауапкершілік керек.
Осы орайда Қызылорда облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы Мұрат Емелұлы Келесовпен әңгімеміздің басы «100 нақты қадамның» орындалу барысы туралы өрбіді.
– Мұрат Емелұлы, енді сіздің салаға мойын бұрсақ, төтенше жағдайдың алдын алу – тұрақтылық пен аманшылықтың белгісінің кепілі емес пе?
– Расында да, солай. Өткен жылдың аяғында ұжым жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Дәлірек айтсақ, 2014 жылдың қыркүйек айында облыс әкімшілігі тарапынан Төтенше жағдайлар департаментіне жалпы көлемі 3029,0 шаршы метр көлеміндегі жаңа әкімшілік ғимарат бөлінді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, SSANGYONG KYRON автокөліктері, шалшық су айдайтын мотопомпа; «HOLMATRO» маркалы құтқару құрал жабдықтары; контейнерлік типті жылу-түтін камерасы; азаматтық қорғаныс саласына құтқару құрал-жабдықтары; жедел әрекет ететін өрт сөндіру көлігі, авариялық құтқару көлігі алынды. Облыс әкімдігі тарапынан зор көңіл бөлушілік төтенше жағдайлар саласындағы қызметтің қарқынды жұмыс жасауына негіз болды.
Осы ретте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 25 ақпандағы ұйымдастыру нұсқауына сәйкес, 12-13 наурызда «Көктем-2015» Республикалық оқу-жаттығу өтті. 2014-2015 жылдың қыс-көктем мезгілдерінде су тасқынының алдын алуға арналған дайындық шаралары туралы облыс әкімдігінің мәжілісі өткізіліп, онда жергілікті атқарушы органдарға, қала, аудан әкімдері мен су тасқынының алдын алу мақсатындағы іс-шараларды атқаратын тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді. «Қызылорда облысы аумағында 2014-2015 жылдардың қыс-көктем кезеңдеріндегі Сырдария өзенімен келетін артық суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспарын» облыс әкімі бекітті.
Су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қаңтар айында Сырдария өзеніндегі сең жүру кезінде су алу қаупі туындаған немесе су алған кезінде басқару органдарының, авариялық-құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының шұғыл әрекет етуі мен іс-қимылының дайындығын тексеру үшін аудандар мен Қызылорда қаласында арнайы тактикалық оқу-жаттығу өткізіліп, анықтама дайындалып, облыс әкіміне және ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетіне жолданды.
Жалпы, облыс аумағындағы қорғаныс бөгеттерін қайта қалпына келтіру жұмысына облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, игерілді. Авариялық-құтқару қызметтерінің техникасы мен күш-құралдары үнемі дайындықта болды. 2014 жылдың желтоқсан айында және 2015 жылдың ақпан айында Сырдария өзенінің жағдайын бақылау мақсатында облыс әкімі орынбасарының басшылығымен облыстық су шаруашылығы қызметтері басшылары, Департамент бастығымен «Қазәуеқұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағымен мониторинг жасалды. 2014 жылы маусым айында Әзірбайжан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен Габала қаласында өткен «Жас құтқарушы» ІІ халықаралық балалар мен жасөспірімдер жарысына облыс командасы қатысып, 24 команда ішінен 3 орынды иемденді. Биылғы жылы да осы құрамда дайындық қарқынды жүргізіліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің «Жартасты қала – Астана» оқу-жаттығу полигонында «Қазқұтқару-2015» 20-халықаралық жиын-семинарында Қызылорда қаласынан қатысқан «Жас құтқарушылар» командасы 2 орынды иеленіп қайтты. 2014 жылы қыркүйек айында «Нептун -2014» республикалық оқу-әдістемелік жиыны облыста өтті. Осы жарысқа республикадан 14 команда және Ресейден ТЖМ Байқоңыр қаласынан да команда қатысты.
Ағымдағы жылдың І тоқсанында облыс көлемінде 987 авариялық құтқару жұмыстары жүргізіліп, 3233 адам және 1247 техника жұмылдырылды. Авариялық-құтқару жұмыстарында 790 адам құтқарылды, зардап шеккен 166 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар аумағынан 351 адам және 137 техника көшірілді. 50 мәйіт шығарылды. 2015 жылдың І тоқсанында тіркелген төтенше жағдай саны – 13, зардап шеккен адам саны – 15, қайтыс болған адам саны – 12. «112» арнайы телефонына халықтан түскен қоңырауларға жасалған талдау бойынша 2014 жылдың І тоқсанында орта есеппен 801 қоңырау түскен («101» - 3; «102»-52;«103»-63;құтқару жұмыстары бойынша – 144;анықтама бойынша – 51; басқа да қоңыраулар – 488). Халықты құлақтандыру мақсатында «Кселл», «Билайн», «Алтел» операторлары арқылы облыс халқына «дабылды ескертулер», «облыс автожолдарында автокөліктердің қозғалысына шектеу қою» туралы 935 134 абонентке СМС хабарламаларын тарату ұйымдастырылды.
Осы уақытта облыста 72 өрт оқиғасы орын алып, 4 адам қаза болып, 6 адам зардап шеккен. Өрт оқиғасы әр түрлі нысандарда, жеке үйлерде орын алды. Мерзім ішінде 144 нысанға және 17 687 жеке тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізілді. Өрт қауiпсiздiгi қағидасы талабын бұзған 6 жеке тұлғаға ескерту жасалып, 14 жеке тұлғаға, 70 лауазымды тұлғаға ақшалай айыппұл салынды. Елбасының 2014 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» №757 Жарлығын басшылыққа алып, облыс көлемінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жұмыстары тоқтатылды. Осыған байланысты, күнделікті жұмыс орында кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V «Азаматтық қорғау туралы» Заңы, ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1682 қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидалары», Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 қаңтардағы №14 Қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» техникалық регламенті талаптарының сақталуына назар аударуы қажет. Сондықтан да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төтенше жағдайдың алдын алу жұмысы жалғасуда. Департамент тарапынан 2013 жылдан бері ай сайын «Сыр құтқарушысы» журналы жарыққа шығып келеді.
– Енді Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 2015 жылғы І жартыжылдығында азаматтық қорғау саласында атқарылған жұмыстары және 2015 жылдың ІІ жартыжылдығында алға қойылған мақсаттарға тоқталсаңыз.
– Ақпараттық-сараптамалық жұмысты жандандыру мақсатында Қауіпсіздік паспорты, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың қауіп-қатер каталогы, облыстың су айдындарының паспорты дайындалды және оларға өзгерістер енгізілді. Паспорт және каталог ақпараттар дерегін жинақтау банкісінің негізін құрайды және облыс аумағында туындауы мүмкін табиғи және техногендік сипаттарды сараптауға және қауіп-қатерді анықтауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы және аудандардағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою комиссияларының 36, оның ішінде: облыстық ТЖК-4 отырысы (оның 2-і кезектен тыс), 32-қалалық, аудандық ТЖК отырыстары, 3 селекторлық мәжілісі өткізілді. 2014 жылы есепті мерзімде ТЖК 6 отырысы өткізілді. Биылғы жылғы есепті мерзімде облыстық ТЖК келесі мәселелер:
Қосалқы басқару пункттерінің, қорғаныс құрылыстарының және азаматтық қорғаныстың жеке қорғану құралдарын жинақтаудың жай-күйі; Облыс аумағындағы өрт қауіпсіздігі; Арал ауданында орын алған төтенше жағдай және Жаңақорған ауданындағы Қыраш су қоймасының жөндеу жұмыстары; Қыс мезгілінде облыстың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; Конго-Қырым геморрогиялық қызбасының алдын алуға байланысты дәрілеу (дезиинсекциялау) залалсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыру; 2014-2015 жылдардың желтоқсан-қаңтар айларында Шиелі ауданы аумағында су тасқыны салдарынан орын алған төтенше жағдай шығындарын өтеу; Сырдария өзені қорғаныс бөгеттері мен жағалауда орналасқан елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу; Жазғы мезгілде облыстың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы мәселелері қаралды.
– Комитеттің жоспары шеңберінде мақсатты индикаторға қол жеткізу жұмыстарына тоқталсаңыз:
– Дерекке жүгінер болсақ, тіркелген төтенше жағдайлар саны – 54, бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 18,5 % көбейген. Төтенше жағдайларда зардап шеккен адамдар саны – 37, бұл көрсеткіш 2014 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 63,7 % төмендеді. Төтенше жағдайларда қайтыс болған адамдар саны – 33, бұл көрсеткіш 2014 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 17,5 % азайды. Облыс аумағындағы су айдындарында 17 табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар (судағы зардап шеккендер) көрсеткіші 2014 жылдың сәйкес мерзімімен салыстарғанда 11,7% көбейген. Зардап шеккендер – 21 адам, бұл көрсеткіш 2014 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 23,8% артты. Үгіт насихат жұмыстарының жүргізілуіне қарамастан көпшілігі суға түсуге, суда демалуға әлі құмар, оның ақыры қайғылы оқиғаға себеп болуда.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша анықталған 30 аса қауіпті кезек күттірмейтін участоктерді қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 236,9 млн теңге қаржы бөлінді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жаңақорған ауданындағы «Көлтоған» су қоймасының қорғаныс бөгетін қайта нығайтып, темірбетонмен бекітуге және 8 шақырым лоток каналын салу бойынша жұмыстар атқарылуда.
– Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде де ешқандай мәселе жоқ шығар.
– Авариялық-құтқару қызметтерімен облыс аумағында орын алған төтенше жағдайларда 1419 авариялық-құтқару жұмыстары жүргізіліп, 2281 жеке құрам және 653 техника бірлігі жұмылдырылды. Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде 261 адам (оның ішінде – 98 бала) құтқарылды, 107 зардап шеккендерге (оның ішінде – 14 бала) алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар аумағынан 164 адам көшірілді, қар басқан аумақтардан және авариялық жағдайларда 34 автокөліктер эвакуацияланды, туындаған төтенше жағдайлар кезінде қаза болған адамдардың 38 мәйіттері шығарылды. Республикалық маңызды жолдардың қауіпті учаскелерінде күре жолдық медициналық құтқару бекеттері тәулік бойына кезекшілікті жүзеге асырады, облыс аумағында зардап шеккен халыққа жедел медициналық және психологиялық көмек көрсету үшін 3 күре жолдық медициналық құтқару бекеттері қызмет атқаруда. Облыс әкімінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 39 «Облыстық азаматтық қорғау қызметтерін құру туралы» шешімімен 15 облыстық Азаматтық қорғау қызметтері құрылды және олардың Ережелері бекітілді. Облыс бойынша 1 республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу, 8 нысанды жаттығулар, 73 командалық-штабтық жаттығулар, 304 «Балаларды қорғау күні», 54 арнайы-тактикалық жаттығулар, 80 сейсмикалық жаттығулар, 920 авариялық жағдайлар бойынша жаттығулар өткізілді. Департаменттің позитивтік имиджін құру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдар арқылы 2040 мақала жарияланды, 194 телебағдарламалар көрсетілді, 1216 радиобағдарламалар дайындалды, ҚР ІІМ ТЖК веб-сайтында 89 мақала жарыққа шықты. 2013 жылдан бастап, департаменттің ведомстволық «Сыр құтқарушы» журналы жарыққа шықты. Апта сайын департаменттің сайты (dchs-kyzylorda.kz) толықтырылады және жаңартылады.
2015 жылдың ІІ жартыжылдығында Департаменттің негізгі және алға қойған мақсаттары азаматтық қорғау саласында мемлекеттік саясатты жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулылары, ҚР ІІМ және ТЖК бұйрықтарының талаптарын жүзеге асыру; 2015-2016 жылдың су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту және су қоймаларына күрделі жұмыстарды жүргізу, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда зардап шекендер мен қайтыс болғандардың санын, материалдық шығынның көлемін азайтуға бағытталған алдын алу жұмыстарын жандандыру, департамент қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын және мәдениетін көтеру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету, департамент қызметкерлерінің тарапынан сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды болдырмауды қамтамасыз ету сияқты басқа да міндеттер тұр. Сондықтан Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларын, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар комитетінің бұйрықтары мен тапсырмаларын орындау мақсатында облыстық азаматтық қорғау жүйесін тиімді үйлестіре отырып, облыс әкімдігінің және азаматтық қорғау қызметтерінің қолдауымен азаматтық қорғау саласындағы міндеттерді толық және сапалы орындау – басты міндет.