Болашақтың тұтқасы – білімді ұрпақ

/uploads/thumbnail/20170708201757855_small.jpg

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалы Санкт-Петербургтегі Дипломнан кейінгі педагогикалық білім академиясымен бірігіп «Білім беру ортасы және психологиялық қауіпсіздік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Онда оқыту және тәрбиелеу үдерісінде бала қауіпсіздігін қам­тамасыз ету, қоқан-лоқы, күш көрсетуден сақтандыру, сапалы білім, саналы тәрбие алуға қолайлы жағ­дайлар жасау тақырыптары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, іс-тәжірибелер таныстырылды. Заманауи теориялық және практикалық көзқарас, өмірлік қиын жағдайларда балаларға әдістемелік көмектер беру, арнайы білім алу және интернат ұйымдарында психологиялық ахуал орнықтыру мәселелері үлкен қызығушылық тудырды. Алқалы жиынға АҚШ, Ресей, Украина, Грузия, Өзбекстан, Қазақстан, тағы басқа елдерден 200-ге жуық баяндаманың түсуі, олардың арасында 19 ғылым докторы мен кандидаттың болуы күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің ауқымдылығын аңғартса керек.
Пленарлық отырыста Қорған облысы білім беруді дамыту және әлеуметтік технологиялар институтының мектепке дейінгі және бастауыш жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі, пси­хология ғылымдарының кандидаты Елена Алфеева, Ресей халық шаруашылығы академиясының (Санкт-Петербург қаласы) қоғам­мен байланыс кафедрасының до­центі, сертификатталған гештальт-терапевт Анна Сосновская, Өс­­­кемен медициналық кол­лед­­­жінің оқытушысы, педагоги­ка ғы­­лымдарының магистрі Ба­қыт Сейл­ханова білім сапасын халық­аралық стандарттарға сәй­кес­тендіру жағдайында колледж студенттеріне психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын атап көрсетті. Олардың айтуынша, қазіргі таңда ювенальды соттың негізгі міндеті балаларды қорғау, сол себепті, педа­гогика саласымен тығыз байланыс­ты әріптестік қарым-қатынас ор­натудың мәні айрықша. Қауіпсіз білім беру ортасындағы қауіп-қатер жөніндегі пікірін Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инс­пекторы Асылбек Рамазанов ор­таға салса, психоневрологиялық дис­­пансердің психологі Татьяна Яков­лева балалардың психикалық мі­нез-құлқындағы өзгешеліктерді сөз етті.
Білім беру саласындағы ақ­па­раттық технологиялар және әдіс­темелік жұмыс орталығының әдіскері Ирина Якимова білім беру жұ­мы­сын ұйымдастырудың жаңашыл­дықтарымен бөлісті.
Пленарлық отырысты «Өрлеу» БАҰО жергілікті филиалының директоры, педагогика ғылым­дарының докторы Алма Мыр­за­линова қорытып, салмақты пі­кірлер айтты.
Секциялық отырыстар педагог­тардың, әлеуметтік ұстаздардың қа­тысуымен психологиялық тренинг, коучинг, шеберлік сынып тү­рінде өтті. Білікті психологтардан құ­рыл­ған сараптама тобы конференцияда айтылған ғылыми-тәжірибелік ұсы­ныстарды топтастырып, білім ұйым­дарына тарататын болып келісті. Конференцияға қытысушылардың бір тобына арнайы сертификаттар табыс етілді.
Осы күні филиалдың деңгейлік бағдарламалар орталығы ұйымдас­тырған «Ынтымақтастық орта – оқу қоғамдастығының маңызды буыны» тақырыбы бойынша республикалық вебинар өткізілді.
Онда мұғалімдер мен оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру үшін ынтымақтастық орта құрудың жаңа амалдары қарастырылды. Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Дариға Әбішеваның айтуынша, үш бөлімнен тұрған аталған шараға еліміздің облыстарынан 300-ге жуық ұстаз қатысып, ой-пікірлер алысты. Деңгейлік бағдарламалар орталығы тренерлерінің баянда­малары тыңдалып, белсенді әре­кет­ке жұмылдыру мәселелері қоз­ғал­ды. Заманауи мектеп жағ­дайында ынтымақтастық ортаны қалып­тастырудың өзектілігі, мұғалімнің рөлі қамтылды. Мәселен, алматылық аға оқытушы, биология ғылымдарының кандидаты М.Тұрарбеков оқыту барысында репродуктивті әрекеттен шығармашылық әрекетке өту дағ­ды­ларын іске асырудың тиімді жолдары жайлы тәжірибесімен таныстырды. Шығыс Қазақстан облыстық деңгейлік бағдарламалар орталығының маманы Г.Берікполова Говард Гарднердің оқыту және білім алу үдерістеріне байланысты коллаборативті ортаны құру теориясын нақты мысалдармен байланыстырды. Басқа да пікір білдірушілер өз сабақтарында коллаборативті ор­таның оқу қоғамдастығында алатын орнын мақұлдайтындарын білдірді.
Вебинардың қорытынды кезеңінде қатысушылар ақпараттың тиімділігін, ұсынылған зерттеу жұмыстарының тақырыпты аша білгенін алға тартты. Осындай өзекті тақырыптар шеңберінде жиі кездесіп, ұтымды талқылаулар ұйымдастырып тұруға уағдаласты.

Дереккөз: «Егемен Қазақстан».

Қатысты Мақалалар