«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы облыстық филиалы Санкт-Петербургтегі Дипломнан кейінгі педагогикалық білім академиясымен бірігіп «Білім беру ортасы және психологиялық қауіпсіздік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Онда оқыту және тәрбиелеу үдерісінде бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоқан-лоқы, күш көрсетуден сақтандыру, сапалы білім, саналы тәрбие алуға қолайлы жағдайлар жасау тақырыптары бойынша талқылаулар ұйымдастырылып, іс-тәжірибелер таныстырылды. Заманауи теориялық және практикалық көзқарас, өмірлік қиын жағдайларда балаларға әдістемелік көмектер беру, арнайы білім алу және интернат ұйымдарында психологиялық ахуал орнықтыру мәселелері үлкен қызығушылық тудырды. Алқалы жиынға АҚШ, Ресей, Украина, Грузия, Өзбекстан, Қазақстан, тағы басқа елдерден 200-ге жуық баяндаманың түсуі, олардың арасында 19 ғылым докторы мен кандидаттың болуы күн тәртібіне ұсынылған мәселелердің ауқымдылығын аңғартса керек.
Пленарлық отырыста Қорған облысы білім беруді дамыту және әлеуметтік технологиялар институтының мектепке дейінгі және бастауыш жалпы білім беру кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты Елена Алфеева, Ресей халық шаруашылығы академиясының (Санкт-Петербург қаласы) қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, сертификатталған гештальт-терапевт Анна Сосновская, Өскемен медициналық колледжінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Бақыт Сейлханова білім сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жағдайында колледж студенттеріне психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығын атап көрсетті. Олардың айтуынша, қазіргі таңда ювенальды соттың негізгі міндеті балаларды қорғау, сол себепті, педагогика саласымен тығыз байланысты әріптестік қарым-қатынас орнатудың мәні айрықша. Қауіпсіз білім беру ортасындағы қауіп-қатер жөніндегі пікірін Петропавл қалалық ішкі істер басқармасы әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асылбек Рамазанов ортаға салса, психоневрологиялық диспансердің психологі Татьяна Яковлева балалардың психикалық мінез-құлқындағы өзгешеліктерді сөз етті.
Білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығының әдіскері Ирина Якимова білім беру жұмысын ұйымдастырудың жаңашылдықтарымен бөлісті.
Пленарлық отырысты «Өрлеу» БАҰО жергілікті филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Алма Мырзалинова қорытып, салмақты пікірлер айтты.
Секциялық отырыстар педагогтардың, әлеуметтік ұстаздардың қатысуымен психологиялық тренинг, коучинг, шеберлік сынып түрінде өтті. Білікті психологтардан құрылған сараптама тобы конференцияда айтылған ғылыми-тәжірибелік ұсыныстарды топтастырып, білім ұйымдарына тарататын болып келісті. Конференцияға қытысушылардың бір тобына арнайы сертификаттар табыс етілді.
Осы күні филиалдың деңгейлік бағдарламалар орталығы ұйымдастырған «Ынтымақтастық орта – оқу қоғамдастығының маңызды буыны» тақырыбы бойынша республикалық вебинар өткізілді.
Онда мұғалімдер мен оқушылардың танымдық белсенділіктерін арттыру үшін ынтымақтастық орта құрудың жаңа амалдары қарастырылды. Мектепке дейінгі тәрбие және бастауыш білім беру кафедрасының аға оқытушысы Дариға Әбішеваның айтуынша, үш бөлімнен тұрған аталған шараға еліміздің облыстарынан 300-ге жуық ұстаз қатысып, ой-пікірлер алысты. Деңгейлік бағдарламалар орталығы тренерлерінің баяндамалары тыңдалып, белсенді әрекетке жұмылдыру мәселелері қозғалды. Заманауи мектеп жағдайында ынтымақтастық ортаны қалыптастырудың өзектілігі, мұғалімнің рөлі қамтылды. Мәселен, алматылық аға оқытушы, биология ғылымдарының кандидаты М.Тұрарбеков оқыту барысында репродуктивті әрекеттен шығармашылық әрекетке өту дағдыларын іске асырудың тиімді жолдары жайлы тәжірибесімен таныстырды. Шығыс Қазақстан облыстық деңгейлік бағдарламалар орталығының маманы Г.Берікполова Говард Гарднердің оқыту және білім алу үдерістеріне байланысты коллаборативті ортаны құру теориясын нақты мысалдармен байланыстырды. Басқа да пікір білдірушілер өз сабақтарында коллаборативті ортаның оқу қоғамдастығында алатын орнын мақұлдайтындарын білдірді.
Вебинардың қорытынды кезеңінде қатысушылар ақпараттың тиімділігін, ұсынылған зерттеу жұмыстарының тақырыпты аша білгенін алға тартты. Осындай өзекті тақырыптар шеңберінде жиі кездесіп, ұтымды талқылаулар ұйымдастырып тұруға уағдаласты.
Дереккөз: «Егемен Қазақстан».