Ұлыбритания сапарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев британдық компания басшыларымен кездесті. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.

Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқылардың қатарында кездесу мүмкіндігіне Shell компаниясының атқарушы директоры Бен ван Берден ие болды. Кездесу барысында энергетика және мұнай химиясы салаларындағы ынтымақтастықты бұдан әрі дамытудың перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы компания біздің елімізге келгелі бері бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырғанын, соның арқасында Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бірі болып отырғанын атап өтті.
Б. ван Берден өз сөзінде біздің республикамен ынтымақтастық концерн жұмысының басымдығы бар бағыттарының бірі екенін айтты. Ол сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Арселор Миттал» басшысы Лакшми Митталмен де кездесіп, металлургия саласындағы әріптестік, шикізат нарығындағы өзгерістер жайын сөз етті. Л. Миттал Президент Н. Назарбаевқа шетелдік инвесторлардың жұмысына лайықты жағдай туғызып отырғаны үшін алғыс білдірді.
Елбасымен сонымен қатар, «J Rothschild Capital Management» компаниясының басшысы Лорд Джейкоб Ротшильдпен жүздесті. Инвестициялық әріптестік жайы сөз болған кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Халықаралық қаржы орталығының құрылатынын айтып, осы бағыттағы әріптестік қарым-қатынастарға сенім артатынын жеткізді. Д. Ротшильд Қазақстанның Орталық Азиядағы қаржылық хаб мәртебесін иеленудегі зор перспективаларына тоқталды.
Елбасымен кездескендердің бірі «Рио Тинто» компаниясының бас директоры Сэм Уолш. Кездесу барысында тараптар геологиялық барлау саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелері сөз болды. Президент Н. Назарбаев Қазақстанның табиғи ресурстарға бай ел екенін айтып, компанияның еліміздегі жұмысынан көп жаңалықтар күтетінін жеткізді. Уолш та Қазақстанның «Рио Тинто» компаниясының зор қызығушылығын туғызатынын айтты.
«Хикма Фармасьютикалс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Саид Дарвазбен кездесу кезінде компанияның қызметі қазақ мемлекеті үшін үлкен маңызға ие екендігін білдірді. Кездесуде фармацевтика саласындағы әріптестікті дамыту жайы сөз болды. Дарваздың пікірінше, Қазақстан – дәрі-дәрмек шығару саласын дамытуда үлкен әлеуетке ие ел.
Президент Н. Назарбаевтың британдық іскерлермен болған кездесуіне сондай-ақ, «Royal Dutch Shell», «BG Group», «Barclays Bank», «Vitol Group», «De La Rue», «Glencore», тағы басқа компания басшылары қатысты.

Біләл Қуаныш
Лондон