Астанада Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Әзірбайжан қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Закир Гасановпен кездесті. Бұл туралы «Қамшы» порталы ҚР-ы қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кездесу барысында қос министр 2016 жылға арналған әріптестік жоспарын бекітті.
«Қазіргі таңда Әзірбайжан мен Қазақстанның теңіз флоттары арасында байланыс орнатуға аса зор мән берілуі керек. Бұл бағытта Каспийдегі тату көршілік пен қауіпсіздік мәселесін нығайтуда екі ел басшылары деңгейінде шешілген маңызды мәселелер бар», - деді өз сөзінде Иманғали Тасмағамбетов.
Әзірбайжан Республикасының қорғаныс министрі Закир Гасанов Каспий акваториясында біріккен оқу-жаттығулар өткізудің маңыздылығына тоқталды. Иманғали Тасмағамбетов әріптесін келесі жылы Астанада өтетін «КАДЕКС-2016» әскери қару-жарақ пен техникалардың халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды және Ұлттық қорғаныс университетінде әскери кадрлар даярлауды ұсынды.
Ведомствоның баспасөз қызметі сондай-ақ, жақын уақытта екі ел әскерилері біріккен жаттығулар өткізуді қолға алатынын хабарлады.