Кеңес өкіметі тұсында толықтай тоқтатылған қажылыққа сапар еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қайта жанданғаны белгілі.
Алғашқы жылдары ниет еткендер саны 100-ге әзер жетіп жығылатын болса, жыл өткен сайын исламның бесінші парызын өтеуге бет бұрғандардың қарасы көбейе түсуде. Республика бойынша биылғы жылы 5 мыңға жуық кісі исламның бесінші парызын өтеп қайтты. «Қажылықты саяхат сынды көретіндер бар. Қажылыққа баратындардың саны көбейгені – соның бір көрінісі» дейтіндер де кездеседі. Өзіңізге осымен үшінші рет қасиетті жерлерге зиярат ету нәсіп болған екен. Осы сынды пікірлерге айтар қан-дай уәжіңіз бар?» деген сауалды Түркістанның тумасы, ұстаз Расулхан Әбдіраманға қойған едім.
– Қажылық – қыдыру, саяхат емес, исламның бес парызының бірі. Исламды терең түсінбей тұрып, қажылыққа бару – жай шаршау болады. Исламның тарихын білмей тұрып қажылыққа сапар – бекершілік. Бұрындары кейбіреулерден еститін «Қағбаның айналасында таптап кете жаздайды, басып кетуі мүмкін» деген сынды әңгімелерді жүрегім қабылдамайтын, көңілім сенбейтін. «Алла тағаланың қонағы бола тұра, оның үйінде күнә істеуге қалай дәті барады?» деп ойлайтынмын. Өзіме Алладан нәсіп болып, қасиетті жерлерге табаным тигенде, естіген кейбір әңгімелердің бос сөз екеніне көз жеткіздім.
Мекке – тұнып тұрған мейірім әлемі. Бір Алланың бірлігін, хақтығын ұқтырып, ұғындырып тұрған нұр жауған өңір, ғаламда – жалғыз. Адамзатқа ақиқат жолын, тура жолды көрсетуші сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) табаны тиген жерлерді көзбен көріп, зиярат еткен сайын, тұла бойыңызда өзіңізге беймәлім ұлы өзгерістің болғанын аңғарасыз. Өзгеге жақсылық жасау, игі істер атқаруға ықыласыңыз ауады. Өйткені адам кемелдене түседі. Меккенің Алланы тануға ұмтылдырар қасиетін тілмен жеткізу мүмкін емес. Оны тек сезіне білу керек. Сондықтан қажылыққа аттанатындар саны неғұрлым көбейген сайын, елімізде атқарылар игі істер де арта түспек дегім келеді. Ал игілікті істі бастау ешқашан кештік етпейді, – деген Расулхан қажы өзін толғандыратын кейбір мәселені де ортаға салды.
– Біз әлі күнге өзімізге бөлінген орынды толтырып көрген емеспіз. Яғни бұл – біздің елімізден баратындардың саны көп емес, қайта аз дегенді білдіреді. Себебі Сауд Арабиясының бекіткен үкімі бойынша, әрбір миллион мұсылманнан бір мың адамның қажыға баруына рұқсат етіледі. Осыған орай Сауд Арабиясы тарапынан 10 миллион мұсылман бар деп есептелетін Қазақстанға 10 мың адамға дейін қажылыққа баруға квота бөлінеді. Алайда бізге берілетін орын толып көрген емес. Ал ежелден ислам дінін ұстанатын мемлекеттерде, бесінші парызын өтеуге кезекті бірнеше жыл бойы күтіп, сарылатындар жетіп артылады екен, – дейді Расулхан қажы.
Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан қажылық парызын өтеуге 217 адам бар-ды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын қажылық сапарын ұйымдастыруды жетілдіріп келеді. Дәрігерлермен бірге имамдарды да көптеп қосуда. Олар қажылық сапар барысында атқарылар барлық рәсімдерді түсіндіріп, бесінші парызын өтеу барысындағы болашақ қажылардың сауалдарына толыққанды жауап беріп отырады. Қажылық парызын 68 жасында өтеп қайтқан Түркістанның құрметті азаматы, инженер Клара Шарафиқызына «Имандылыққа кім баулыды?» деген сауалды көлденең тартқан едім.
– Кез келген жан тәрбиені өз отбасынан сіңіреді. Жақсыны да, жаманды да өз отбасының тірлігінен қабылдайды. Әкемнің зейнетке шыққаннан кейін қолынан Құран түспеді. Ата-анамыз біз ес білгеннен түнде жатар алдында, таңертең тұрғанда не айту керектігін үйретті. «Құдайсыз қурай да сынбайды. Қандайда бір істі бастамас бұрын Алланың атымен бастауды ұмытпаңдар» дейтіні жадымда, – дейді Клара қажы.
Көпбалалы отбасында тәрбиеленген Клара апайдың әкесі Шарафи партия қызметкері болыпты. Атасы елге жақсылығы көп тиген, Жаңақорғандағы стансаны салысуға атсалысқан, халқы сүйіспеншілікпен Елтияр би атандырған тұлға екен. Бірде атасы бір ауылдан екінші ауылға кетіп бара жатса, жолда атқа мінген аппақ сақалды кісіні кездестіреді. «Қолыңды жай, балам. Бата беремін» дейді. «Екі некелі боласың, екеуінің де аты бір-біріне ұқсас болады. Үрім-бұтақтарың ешкімнен кем болмайды» дейді де, жоқ болып кетеді. «Өңім бе, түсім бе?» деп атасы қалады.
– Әкем Шарафи ашаршылық жылдары қызмет бабымен Ақтөбеге барған бір сапарында темір жолдың бойын жағалап, аштан өліп қалмаудың қамымен оңтүстік өңірден босқан жұртты стансада жолықтырып қалады. Темір жолдың бастығына барып, «бір вагон беріңіз, халқымды елге жеткізейін» деген өтінішіне, «берер вагоным жоқ» деп қысқа қайырады бастық. Құжатын көрсетіп, өзінің кім екенімен таныстырмақ болғанында, «Сен Елтиярдың кімісің?» дейді темір жолдың бастығы.
– Баласымын.
Сол арада темір жол бастығы бір емес, үш вагон бөлдіртеді. Баяғыда оңтүстік өңірде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген ғалымдардың көлігі бұзылып, заттарын екінші нүктеге жеткізу үшін бір түйе бере тұруын сұрап барғанында, Елтияр би: «Сендер – отбасыларыңнан алыста, ел игілігі үшін зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген азаматсыңдар. Бір емес, үш түйе беремін. Қайтарып беремін деп әуре болмаңдар. Игілікті іске қызмет етсін» деп құрметтеп шығарып салса керек.
«Елтияр би болмағанда айдалада сүйегіміз қурап қалар ма еді?» деген станса бастығы осылайша бір кездегі көрген жақсылығына жақсылықпен жауап қайтарыпты. Өмірбаяныма аздап шолу жасағанымның өз сыры бар. Айтайын дегенім, түптің түбінде кімнің болса да жасаған қандай да бір ісі ескерусіз қалмайды, жақсылық – жақсылыққа, жамандық – жамандыққа ұласады» деген Клара қажы бесінші парызын өтеу барысында түйген ойларын одан әрі былайша өрбітті.
– Мекке – адамзат атаулыға ізгі ниетте, жақсы пиғылда, бір ниетте, өзара түсіністік пен сыйластық үстемдік құрған жерде еш түсінбеушілікке орын қалмайтынының, теріс әрекетке жол берілмейтінінің, жер бетінде жарасым үстемдік құрып, ғалам мейірімге бөленіп тұратынының дәлелі. Жалпы, адам баласы бір-біріне тек жақсы сөз айтып, игі істер атқаруға жұмылса, жазықсыз жандардың қаны бостан-боска төгілмес те еді жер бетінде. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Жаратушыдан қорықпайтындар – жан әлемін әзәзілге жаулатқан адам кейпіндегі ібілістер. Бұл күндері әлемнің түкпір-түкпіріндегі қантөгістер, атыс-шабыстар – сондай жан әлемі қарайғандардың ісі» дейді Клара қажы.
– Қажылыққа баруды армандап жүрдік. Төрт баламыз бар. Бала өздігінен өспейді. Күтім керек, бап керек. Отбасында алған тәрбиесі, есейгендегі бүкіл іс-қимыл әрекетінің көрсеткішіне айналмақ. Соларды жетілдіреміз деп отағасы Түгелбай Шәкіров екеуіміз тыным таппай еңбектендік. Қыздарымызды құтты орнына қондырдық, ұлдарымызды отау етіп шығардық. Бәрі жетілді. Үйлі-баранды болды. Ешқайсысына ата-ана ретінде міндетсіген емеспіз. Олардың да өз отбасы, араласатын құрбы-құрдастары бар ғой. Ешкімге салмақ салмай, өз күндерін өздері көруге қол жеткізгені – біз үшін баға жетпес қуаныш. Соған тәубе дестік, – дейді Меккеге жолы тұңғыш рет түскен Қалдыкүл Шайхықызы.
«Біздің перзенттік парызымыздың мыңнан бірі деп қабылдаңыздар. Меккеге қажылыққа барып қайтыңыздар». Қос ұлы келіп осылай дегенде, айтары жоқ, Қалдыкүл қатты риза болады. «Қастарыңызға Расулхан ағаны да ертіп алыңыздар» деген балаларына «Расулханның да жол қаражатын көтересіңдер ме?» деп айтуға батылы бармайды. «Алайда балаларым бізбен бірге оның алдында екі рет қасиетті жерге зиярат ету нәсіп болған інімнің де жол қаражатын түгелдей көтеріп, бізбен сапарлас болуды аманаттады» дейді қуанышын жасыра алмаған Қалдыкүл қажы.
– Қағбаның жанында 62 тамырым шымырлап, ерекше бір күйді бастан өткердім. Жылы да жұмсақ әлемнің үстінде қалықтап жүргендей күй кештім. Тамаша. Балаларыма, бауырларыма, барша таныстарыма, еліме, жұртыма тек жақсы тілек тіледім, – деді ол.
– Бұл жолғы қажылық өзіңіз үшін несімен ерекшеленді? – деген сауалыма қасиетті жерлерге табаны осымен үшінші рет тиген, аманат қажылықты арқалаған Расулхан Шайхыұлы жауапты бірден қайтарды.
– Негізі, біреуі ата-анасын тапсырып жіберіп жатыр, бадал қажылық деп жатыр, мұның бәрін алып жүру өз қажылығыңды өтеуден де жауапкершілігі зор екенін сезіндім, – деді. Негізгі мамандығы мұғалім Расулханның шәкірттеріне де айтары аз емес.
– Ұстаз ретінде шәкірттерімнің бойына бірінші кезекте әділдікті сіңіргім келеді. Өйткені әділ, Құдайдан қорқатын адам ешқашан жамандыққа бармайды. Шәкірттеріме айтамын, «біреуге жамандық істемек тұрмақ, өзгеге қатысты теріс пиғылда болудың өзі – күнә. Себебі қос иығыңда отыратын қос періште істемек әрекетіңнен бұрын, ойыңды да жазып жатады. Бірі – жақсыны, екіншісі – жамандықты. Таяқтың екі ұшы бар деген. Сол үшін әрқашан адал, ақ тілеу үстінде жүргеннен артығы жоқ.
Ізгі ниеттегі жанға Алла тағала қан-дай тығырықтан болса да жол көрсететініне сенімдімін. Бәріміз де Жер-Ана-ның перзенттеріміз. Жер-Ана бәрімізге ортақ. Жер-Ананың саулығы – барша жер бетіндегі тіршілік иелерінің саулығы. Соны неге ұға алмайтынымызға таңғаламын. Оны ұқтыруға, ұғынуға адамзат баласын пендешілік жібермейді. Себебі шайтанның о баста күнәһар болып көктен қуылғандағы басты мақсаты да – адамзат ұрпағының арасына отжағу болатын. Әзәзілдің арам ойының іске аспауына төтеп берер күш адамзат баласының өзара түсіністігі мен шынайы пейіл, ықыласына тікелей байланысты. Бұл ретте, татулықты ту еткен көпұлтты елімнің ынтымағы жарасып, күші – бірлікте екенін, сонда ғана баршамыздың ойға алған ісіміздің оралымды боларына бағытталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына дән ризамын. Алла тағала елімізді осы бағытынан тайдыра көрмегей!– дейді Расулхан қажы.
Дереккөз: Айқын-ақпарат