Шардара аудандық емханасы туралы көпшілік ризашылықпен айтып жүр. Шынында да шалғайда орналасқан бұл аурухана аудан тұрғындарының көңілінен шығатындай қызмет көрсетеді. Шардаралық дәрігерлер туралы түрлі газеттерде жағымды материалдар жиі жарияланып тұрады. Жақында республикалық «Айқын» газетінде сондай бір мақала жарық көрді. Оны біз өз оқырмандарымызға жеткізуді жөн санадық.
Ұлт саулығы бүгінгі таңда басты мәселе екені айқын. Сондықтан медицина қызметкерлерінің алдында халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін азайту міндеті тұрғаны белгілі.
Бұл орайда аймақтағы ақ халатты абзал жандар ойдағыдай қызмет атқаруда деп айтуға болады.
Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі Шардара ауданы – шалғайдағы аудан қатарында. Десек те, аудан тұрғындарына медициналық көмекті аудандық емхана көрсетеді. Қазір емханаға келушілердің саны да жылдан-жылға көбейіп келеді.
Аудандық емхана қызметінің оңай емес екенін мына бір мысалдардан-ақ аңғаруға болады. Шардара аудандық емханасының құрамына – 1 орталық емхана, жедел жәрдем бөлімі, клиникалық-диагностикалық зертхана, 13 дәрігерлік амбулатория (Сол жағалау, ІІ мөлтекаудан, Жаушықұм, Шардара, Қоссейіт, Сырдария, Ұзын-ата, Қазақстан, Қызылқұм, Сүткент, Ақ-алтын, Достық, Қазақстанның 60 жылдығы), 8 медициналық пункт (Төменгі тоғай, Нефтебаза, Бимырза, Ақберді, Қуанқұдық, Бозай, Құйған, Жаушы-құм-1) кіреді.
Аудандық емхананы медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Жанар Мықтыбекқызы Оспанова басқарады. Бұл орайда өңірде саланы жас дәрігерлермен қамту мәселесі жолға қойылған. Атап айтар болсақ, аудандық емхана мекемелеріне 2013 жылы 8 жас маман келсе, оның ішінде 3 жас маман ауылды жерлерге жіберілді. 2014 жылы 16 дәрігер келіп, оның 4-еуі ауылды жерлерге орналасты, 2015 жылы қазіргі таңға дейін 5 жас маман дәрігер келіп, 1 жас маман ауылды жерге жұмысқа орналасты. Мұның өзі өңірде жас маманға қамқорлықтың барын көрсетеді. Нақты айтар болсақ, аудандық емхана бойынша – 109 жоғары білімді дәрігер, 294 орта буын медицина мамандары қызмет атқарады. Мамандардың ішінде 47 дәрігер, 172 орта буын медицина мамандарының жоғары, бірінші және екінші біліктілік санаттары бар.
– 2015 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасымен келісе отырып, Алматы қаласындағы Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің мамандарын ауданымызға шақырту арқылы «Тиімді перинаталды технологиялар. Жүкті әйелдерді антенатальдік бақылау» тақырыбында 15 дәрігер және 15 акушер көшпелі циклда өз біліктіліктерін арттырды. Қазіргі таңда 1-қыркүйектен бастап, көшпелі цикл тағы ұйымдастырылып, емханамыздың 35 дәрігері «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтуде. Ауылдық жерлерге жұмысқа жіберілген медициналық және фармацевтикалық қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету шаралары барысында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 8 жас маман қызмет атқаруда. Жаушықұм ауылында 1 терапевт, Шардара ауылында 2 терапевт, 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, Қоссейіт ауылында 1 терапевт, Қазақстан ауылында 1 педиатр, Ұзын-ата ауылында 1 жалпы тәжірибелі дәрігер және Сырдария ауылында 1 жалпы тәжірибелі дәрігер, жас маман ретінде қызмет атқаруда. Бұл мамандар біржолғы әлеуметтік пакет, ай сайынғы коммуналдық төлемдер, пәтерді жалға алу, жылына бір рет көмірмен қамтамасыз етіліп отыр. 2 жас маман ауылшаруашылық бөлімінің қолдауымен тұрғын үймен қамтылды, – дейді өз сөзінде аудандық емхананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Оспанова.
Жанар Мықтыбекқызы Президент сайлауы штабты ұйымдастыру қызметін белсене атқарғаны үшін Елбасының «Алғыс» марапатына ие болды. Сонымен қатар бас дәрігер «Қазақстан Конституциясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Жанар Мықтыбекқызының еңбекқорлығы мен іскерлігін, сонымен қатар ұйымдастырушылық қызметінің өте жоғары екендігін мына бір көрсеткіш аңғартып-ақ тұрғандай. Биылғы Наурыз мерекесіне орай аудан көлемінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада Шардара аудандық емханасы бас жүлдеге ие болып, бағалы сыйлық алды. Облыста аудандық медицина мекемелері арасындағы рейтингтік көрсеткіштерден Шардара ауданы медицина саласы бойынша 14- орыннан қазіргі таңда 2013 және 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 9-орынға шықты. Мұның барлығы медицина саласына жауапкершілікпен қарап, бас дәрігердің белсенділік танытуы арқасында орын алғанын көрсетеді.
Жанар Оспанова гендерлік комиссияның мүшесі ретінде аудандағы ана мен бала денсаулығына аса қатты көңіл бөліп отыр. Жақында ғана тағайындалған Оңтүстік Қазақстан облысының жаңа әкімі Бейбіт Атамқұлов Шардара ауданына келген іссапарында аудандық емхананы назардан тыс қалдырмай, істелініп жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Шардара ауданы тұрғындарының қажеттілік сұранысын қанағаттандыру мақсатында бірінші ауысымда 250 келушіні қабылдауға арналған жаңа емхана құрылысын 2016 жылы бастауға ықпал жасайтынын білдірді. Мұның өзі медицина саласындағы ақ халатты абзал жандарға жасалған үлкен қамқорлық екені ақиқат.
– Біздің ұжым жұмысының алға басуына, игілікті шаралардың жемісті болуына жан-жақты көмек жасап, ақ халатты абзал жандардың баянды бастамасына үнемі қамқорлық жасап, істерінің ілгері басуына қолғабыс көрсетіп отырған Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымының кандидаты Сейітжамал Орынбасарұлы Пакеев мырзаға ризашылығымызды білдіреміз, – дейді аудандық емхананың бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Оспанова.
Болашақта аудан орталығы Шардара қаласының іргесінде сәулетті, заманауи үлгідегі жаңа емхананың құрылысы басталмақ. Бұл игі істі жаңашыл бастамасымен көзге түсіп, халық аманатын арқалап жүрген іскер басшы Жанар Мықтыбекқызы іске асырмақ. Ғылым мен тәжірибені бірге ұштастырып, ауыл медицинасына үлкен бетбұрыс жасап, ұлт денсаулығының жақсаруына сүбелі үлес қосып жүрген жаңашыл дәрігер Жанар Мықтыбекқызының игілікті істерін аудан әкімі Қамытбек Нұржанұлы Айтөреев мырза да қолдау үстінде.
Осы орайда, ана мен бала денсаулығын көтеру – басты парыз. Демографиялық дүмпуі қарқынды Шардара ауданында биылғы жылдың 6 айында мыңға жуық нәресте дүниеге келді. Аудан көлемінде демографиялық өсім көрсеткіші жылдан-жылға артып келеді.
Ұлт денсаулығын басты бағдар еткен Шардара аудандық емханасында бүгінгі таңда 31 кабинет жұмыс істейді. Қазіргі таңда барлық емдеу мекемелеріне енгізілген АПП порталы жүйелі жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе арқылы әрбір емделушінің жағдайы толыққанды тексеріліп, тиісті емін алу үшін емдеу орындарына жіберіледі. Шардара ауданында да амбулаториялық емханалық көмек (АЕК) ұйымдастырылып, дәрігерге алдын ала жазылып, электрондық жүйеде жұмыс істей бастады. Ендігі жерде емделушілер электронды жүйе арқылы кезекке жазылып, өзі таңдаған маманнан кеңес алады.
2014 жылдың қаңтарынан бастап, ауылдық елдімекендерге аптасына 1 рет онколог, травматолог, хирург, дерматолог, невропатолог, педиатр, акушер-гинеколог мамандары барып, халыққа медициналық көмек көрсетіп отырады.
Елбасы атап көрсеткендей, халық денсаулығын нығайту мақсатында аянбай еңбек ету – дәрігерлердің басты міндеті. Бұл орайда, Шардара аудандық емханасы облыстық 9 медициналық мекемемен экономикалық келісімге отырды. Атап айтқанда, облыстық клиникалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық перинаталдық орталық, облыстық офтальмологиялық аурухана, облыстық эндокринологиялық диспансер, облыстық кардиологиялық орталық, облыстық тері-мерез диспансері, облыстық консультативті-диагностикалық орталық және жүкті әйелдерді генетикалық зерттеуден өткізу үшін «Инвиво» зертханасы. Бұл экономикалық келісім негізінде аудан халқы дәрігердің жолдамасы арқылы осы аталған 9 мекемеден тегін дәрігерлік кеңес алады. Ультрадыбысты зерттеуден (УДЗ) өтіп, кеңесті ақысыз негізде алатын халық бұл іске дән риза.
Дереккөз: http://adiletgazeti.kz/