Дінтанушылар форумы – келелі басқосу

/uploads/thumbnail/20170708202147015_small.jpg

Кезекті Қазақстан дінтанушыларының бесінші форумы өз деңгейінде өтті ғой деген ой түйдім. Себебі, былтырғы қозғалған мәселелердің барлығы болмаса да іске асырылғаны және сол үшін біраз жұмыс атқарылғаны да көрініп тұр. Дегенмен де, әлі де дін саласы бойынша жетілдірілетін мәселелерде жоқ емес. Форумда сөз алған баяндамашылардың дені осы жетілмей жатқан мәселелер бойынша ой қозғап, оның іске асырылуы туралы өз ұсыныстарын айтса, бірде дін проблемаларының алдын алу істерін одан әрі дамыту үшін  сындар да айтылып жатты. Әсіресе, баяндамашы белгілі дінтанушы-тарихшы З. Жандарбектің діни басқарма қызметкерлеріне айтылған сындарының кейбір тұстарымен келісуге болады. Ғалымның айтуынша діни басқарма мамандарына тек теологиялық білімдерін ғана емес, сонымен бірге, қоғамдық-саяси білімдерін жетілдіру міндетті. Олай болмаған күнде имамдар діни экстремизмге қарсы тұру былай тұрсын, олардың ықпалына түсіп, сойылын соғуға бейім тұрады. Соның салдарынан елімізде салафизм бағытын ұстанушылардың саны күннен-күнге артып барады екен. Бұның себебі де жоқ емес.  Расында, кейінгі кездері жастар арасында салафилік тенденция артып бара жатқаны да жасырын емес екені зерттеп жүрген маманға бұл айқын. Бұл жерде діни басқарма мамандарын түбегейлі жаман деп айтудан аулақпыз. Тек мұнда шешілмеген бірнеше мәселелер бар. Біріншіден елімізде шет елде білім алған дін мамандарын қайта даярлаудан өткізетін бейімдеу орталықтары жоқ болғандықтан бұл олқылықтардың орнын басқа ұйымдар өз діни танымдары арқылы толтырып отырғаны белгілі. Екіншіден экстремистік топтардың түрлі (саяси-әлеуметтік және психологиялық) қыспақтар көрсетуінің нәтижесінде өз мақсаттарын діни басқарма арқылы іске асыруға тырысуда. Осыдан-ақ  бағамдауға болатын шығар кімнің ұтылып, кім ұтып отырғанын.

Сонымен қоса, белгілі дінтанушы ғалым А. Әбдірәсілқызының қоғамда дауға айналған хижап мәселесі мен А.Ясауи бабамыздың іліміне әсіресе оңтүстік өңірінде кері пікірлердің қалыптасуына байланысты  кеңінен тоқталуы мына жәйларды аңғартады. Әуелі дәстүрлі  діни танымдық түсініктерді жою үшін жасалынып жатқан мүдделі топтардың кері әрекеттері екені мәлім.  Бірақ, біз үшін басты проблема бұл емес. Ең бастысы тек діннің формалық жағын баса айтып, оның мәні мен мазмұнына терең бойлай алмауымыздан, келесі мәселе дін ғалымдары  мен мамандардың діни құндылықтарды жалқы түрде емес, жалпы түрде насихаттауында жатыр. Қазіргі уақытта осы санадан орын алған жағымсыз ақпарттардан құтылу үшін біз жалпыдан жалқыға (индукциядан дедукцияға) өтуіміз керек деп ойлаймын. Бұл уақыт талабы.

Осы тұста ғалым-профессор А.П.Абуов ағамыздың: «Ясауи қазақ санасынан өшетін болса, онда имамдар да, мүфтият та, Қазақстан да жоқ болатының ұмытпаңдар!»,-деген ойы ұлттық рухымызға қуат, шабытымызға қанат беретін сөз болды. Егер еліміздің болашағы жарқын болсын десек, өткенімізді ұмыттыруға емес, жаңғыртып одан әрі дамытуға іс қылайық.

Форумда әр облыстан келген басқарма басшылары, ғалымдар мен мамандардың жасаған баяндамаларында әркім өз өңірлерінде жақсы істер атқарып жатқандарымен бөлісті. Бір облыс түрлі сахналық қойылымдар әзірлеп халыққа тарту жасаса, біреулері бейне роликтермен көп сериялы фильмдер шығарыпты. Бұл өте жақсы құптарлық әрі дамытатын үрдіс. Бірақ, бұл сахналық қойылымда, фильмдерде діни экстремизмнің алдын алудағы басты атқарылған іс деп ғана емес, діни сауаттылықты арттудың қосымша құралы ретінде қарауымыз керек секілді. Осы орайда, әр өңірлерден келген мамандардың ойлары мен пікірлерін жинақтап, зерттеп әрі талдай отырып діни экстремизммен күресуде дін істері комитеті ортақ бір ғылыми жүйе жасап ұсынса дұрыс болады деп ойлаймын. Сонымен қоса, еліміздегі аймақтардың бір біріне ұқсамайтын әр-түрлі деңгейдегі ерекшеліктерін де ескеру керек.

Мемлекетіміздің басты байлығы адам ресурсы болғандықтан әрі адам жеке - индивид. Өкінішке орай, кейде адамның осы тұлғалық қасиеттері ескерілмей кететін тұстары да жоқ емес. Мәселен, біздің елде дәстүрлі емес діни қозғалыстар мен кері діни ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды арашалап алып, қалыпты өмірге бейімдеуден бұрын оны қаралау басым түсіп жатады. Қандай жағдай болса да ол адам мемлекетіміздің азаматы, байлығы оны сыртқы итеріп тастай алмаймыз. Ал, ол азаматты қалыпты өмірге бейімдеу әр маманның міндеті деп білемін. Осы экстремистік діни топтардың алдауына түсіп, олардың жанды қуыршағына айналған адамды қалыпты жағдайға келтіру тек дінтанушы теологтың ғана қолынан келетін іс емес әрі мұндай азаматтарды тек діни уағыз айтып қалыпты жағдайға түсіру жеткіліксіз тіпті кейбір жағдайларда мүмкін де емес. Себебі мұндай экстремистік топтар өз құрбандарын екізжүзділікке бейімдеп тәрбиелейді. Өзінің әлсіздігін сезінген жағдайда мемлекетті мойындай салады болмаса, заңға қарсы әрекет жасамаймын деген алдаулармен өз әрекетін жасырын түрде іске асыра беруі де мүмкін. Оны біз осынша уақыттағы жинақтаған тәжірибемізден білеміз. Оларға түрлі деңгейде гипноздар жасау арқылы оның санасын түрлі психологиялық әдістермен жаншып, өз еркіне айырып,  қоғамда өз мақсаттарын іске асыруға пайдаланады. Бұл бұрыс бағытта жүрген азаматты толық қалыпты жағдайға түсті деп айту ертерек. Кері діни ағымдардың жетегінде жүрген азаматты түбегейлі қалыпты өмір сүру жағдайына бейімде үшін психологтар мен психотерапевтардың да көмегіне жүгіну керек. Немесе  дінтанушы-теолог мамандарға қосымша психологиялық білімдерін жетілдіру жолдарын қарастыруда бүгінгі заман талабы деп ойлаймын.           

Төрағаның: «Біз зайырлы мемлекетпіз сондықтан біздің елімізде бір дінді баса насихаттамауымыз керек»,- деген сөзі қуаттай отыра қоғамдағы дін құбылысына жан-жақты зерттеулер жасап, халқымыздың діни сауаттылығын арттырып және жастарымызды қоғамда тұлға ретінде қалыптастыру мақсатында аянбай еңбек етейік.

Ал, жыл сайын өттін дінтанушылар форумы еліміздегі шешімін таппай жүрген діни мәселерді көтеріп, талқылайтын ғылыми бас қосудың ордасына айналса екен деген тілегім бар.

 

Таңжарық Тұрғанқұлов

дінтанушы

Қатысты Мақалалар