Бүгінгі демографиялық дүмпу Үкіметтен ертеңгі қамға кірісуді талап етеді

/uploads/thumbnail/20170708202151624_small.jpg

 Елбасы ұдайы Үкіметтен әлеуметтік салаға бекем болуды талап етіп келеді. Осы саланың билік назарынан тыс қалмауы қатаң жүктеліп, жыл сайынғы Жолдауларда әлеуметтік басымдықтар туралы ауқымды тапсырмалар алдыға қойылып та жүр. Басқасын былай қойып, жақында ғана Парламент қабылдаған 2014-2016 жылдарға арналған бюджет шығыстарының 40 пайызы осы саланы қамтитынын еске алсақ та баршама жайтты аңғаратындаймыз. Дегенмен, әлеуметтің әлеуетін арттыратын шараларға көңілі толмайтынын Мемлекет басшысы Үкіметтің 11 қазандағы кеңейтілген отырысында да айтып қалып еді. Осыған орай жақында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте денсаулық, білім және ғылым, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің басшылары әрбір саладағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндаған болатын. Тоқтала кететін жайт, дәл осы дәстүрлі брифингке министрлер ғана емес, Үкіметтегі осы саланың үйлестірушісі Вице-Премьер Ербол Орынбаев та қатысты.
 Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев ұсынған мәліметтерге үңілсек, елдің бүгінгі әлеуметтік көңіл-күйі де, тұрмыс-тіршілігі де қалыпты. Тіпті, әлем елдерінің қайсыбір жағдайларымен салыстырсақ, Қазақстандағы ахуал анағұрлым. Айталық, дағдарыстың дегбіріне қарамастан Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі де төмендей түскен. Сөйтіп, жер жаһанда жұмыссыздықтың жағымсыз құбылысы жағадан алып жатқанда, Қазақстан өзінің басты көрсеткішін уыста ұстапты. Тағы айталық, ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларының қорытындысы бойынша, Қазақстандағы жалпы ішкі өнім нақты мәнде 5,8 пайызға өскен. Мысалы, 2012 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 12 мың АҚШ долларын құраса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 13 мың 326 АҚШ долларына жетеді деп күтілуде. Ал, Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, Қазақстан 2011 жылы табысы орташа деңгейден табысы жоғары елдердің қатарына еніп, бүгінде Түркия, Бразилия, Малайзия секілді елдермен терезесін теңестірген, әлеуметтік бағыттағы өзінің көрсеткіштерін нығайтып, позициясын арттыра түскен. Дегенмен, бұл елдегі әлеуметтік мәселелерге деген жауапкершілікті еш жеңілдетпесі анық. 

Үкімет демографиялық дүмпуден неге үркеді?

Халықтың өмір сапасының жақсарғанын оның өмір сүру жасымен де салыстырып қарауға болады. Мәселен, Вице-премьер Ербол Орынбаев 2013 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру жасы 70,3 жылды құрайтынын болжайды. 2012 жылы еліміздегі бұл көрсеткіш 69,6 жылды құраған екен. Үкімет басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде өмір сүру ұзақтығының көрсетші тұрғысында кеңестік кезеңдегі деңгейден асып түсіпті. «Бізде өмір сүрудің ең жоғары орташа ұзақтығы 1974 жылы 68,3 жыл болған еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өмір сүру ұзақтығының 63 жасқа дейін төмендеуі байқалды. Яғни, соңғы жылдары біз оны қалпына келтіріп қана қоймай, тарихи жоғары көрсеткіштен асып түстік», - деді Ербол Орынбаев. Түйіндей айтсақ, бұл көрсеткіш елдегі өмір сүрудің әлеуметтік сапасын көрсетуде. Алайда бұл бағытта әлі де жіті назарды қажет ететін жұмыстар баршылық. Бұл қандай жұмыстар? Ең бірінші мәселе – урбанизация. Бұл ретте Вице-Премьер 20 жылдан кейін Қазақстан қалаларында халықтың 65 пайызы өмір сүретінін алға тартады. Үкімет басшысының орынбасары келтірген мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде қалаларда 9,4 миллион адам тұрып жатыр әрі бұл ел халқының 55 пайызын қамтып отыр. Алдағы 20 жылда урбанизация тағы 10 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан бөлек, Ербол Орынбаев Қазақстан бойынша урбанизация деңгейі біркелкі емес екендігін де қаперге салады. Яғни, кейбір өңірлерде халықтың қалалық жерге ағылу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып тұр. Бұл тұрғыда бірінші орындарда Астана, Алматы қалалары, Оңтүстік Қазақстан мен Алматы облыстары тұр. Сонымен қатар халық саны төмендеп келе жатқан өңірлер де баршылық екен. «2005 жылдан бері Қазақстанда бала туу көрсеткіші жоғары деңгейде сақталып келеді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, ондай үрдіс 2016 жылға дейін жалғаспақ. Бәлкім, одан кейін де тоқтамайды. Мәселен, 2004 жылда 270 мың адам туса, 2005 жылы бұл көрсеткіш бірден 279 мыңға өсті. 2006 жылы – 302 мың, 2007 жылы – 322 мың бала болып кете береді. 2011 жылда 372 мың бала дүниеге келді. Бұл көрсеткіш қазір де сақталып отыр», - дейді Ербол Орынбаев. Әлбетте, демографиялық дүмпу аса маңызды. Өйткені, Қазақстанның басқа емес тек экономикалық қауіпсіздігі үшін халық санының ең кемі 20 млн. адам болғаны құпталатыны тағы бар. Дегенмен, Үкімет бұл үдеріске үрке қарайтындай. Мысалы, Вице-Премьер бүгінгі туу көрсеткiшiнiң артып жатқанын есепке ала отырып, келешекте еңбек нарығында проблема туындамаудың алдын алу қажеттігін де еске салады. «2004-2005 жылдары дүниеге келгендер қазiр 8-9 жас шамасында. Бұл «Балапан» бағларламасы, мектепке дейінгi бiлiм беру бағларламасына және денсаулық сақтау саласындағы бағдарламаларға деген сұранысты тудыратындар. Осы бағыттағы мәселелер біраз баршылық және ол Үкiметтiң басымдық беріп отырған саласы болып табылады. Сонымен қатар, мұның да өзіндік себебі бар. Бүгінде еңбек нарығында тұрақты жағдай қалыптасқан. Өйткені, 1993-2004 жылдары аралығында Қазақстанда дағдарыс болып, бала туу көрсеткіші төмендеп кеткені белгілі. Алайда кейін туған балалар 2023 жылдары еңбекке нағыз араласатын жасына келеді. Сол кезде олар біраз қиындықтар туғызуы әбден мүмкін . Бір сөзбен айтқанда қазiргi «бэби-бум» толқыны 2023-2024 жылдары еңбек нарығында проблема туындатуы әбден ықтимал», - дейдi Ербол Орынбаев. 

Әлбетте, болашақты қолмен қойғандай айту қиын. Дегемен, болжамның да, бағдардың да болғаны абзалырақ. Ендеше, Үкімет те бүгінгідей жағымды үдеріске қатысты келешектің жайлы жауаптарын жасауға қазірден қамданып, кіріскені қажет. 

Министр емханалардағы ұзын-сонар кезекпен бел шеше күреспек

Брифинг барысында денсаулық сақтау саласына жауапты министр Салидат Қайырбекова да «бэби-бум» үдерісінің жағымды тұсын қуаттап шықты. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстандағы ана мен бала денсаулығын сақтау бойынша атқарылған шаралар өзінің тиімді нәтижелерін таныта бастаған. Мәселен, соңғы жылдары елімізде ана өлімі 3 есе азайса, бала өлімінің көрсеткіші 25 пайызға төмендеген. Ең бастысы, бұл жағдай тұрақты түрде сақталып келеді. Демек, қолға алынған іс-шаралардың нақты нәтижесі бар. Бұдан басқа, жүрек-қан тамыры жүйесі мен онкологиялық ауру-сырқаттардан болатын қайғылы оқиғалар да біршама азайыпты. Ал тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы арнайы электронды жүйе арқылы жүргізіледі. Министр Салидат Қайырбекова алға тартқан мәліметтерге үңілсек, қазақстандық дәрігерлер тәулігіне 2 мың ота жасайды екен. Оның ішінде жоғары технологиялық оталар жасауға да отандық дәрігерлер кеңінен машықтанып жатқаны бұқараға да жақын таныс. Сонымен қатар министрдің атап өтуінше, Қазақстанда жедел жәрдем қызметтері бір күннің ішінде 18 мыңнан астам шақыртуларға қызмет көрсетеді.

Денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштер көңіл көншіткенімен, келеңсіз жайттар да баршылық. Соның бірі емханалардағы ұзын-сонар кезек. Бұл біраздан өзекті әңгімеге айналып жүрген мәселе. Брифинг барысында министр Салидат Қайырбекова осы проблемаға да кеңінен тоқталды. «Бұған қатысты бүгінгі күні арнайы регламент бар. Халықтың орналасу тығыздығы, емханаларға бару жиілігі білгілі бір регистраторға тіркелген. Шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген науқастың жоспар бойынша қаралуға келген азаматтармен бір кезекте отыруына жол берілмеуі тиіс», - деп толықтырды министр. Бұған қоса, дәрігер қаралуына кезекке электрондық түрде тұру және оны үйге шақырта алу мүмкіндіктері де қарастырылған. 

«Біртіндеп емханалардағы кезектер қысқара бастайды. Ең бастысы оған қажетті инфрақұрылымды құру қажет. Сондықтан «350 емхана мен СВА» жобасы аясында бұл іс жүргізіліп жатыр. Меніңше, болашақта біз кезек мәселесінен де айырыламыз. Бірақ ол үшін емханалардың көптеп салу қажеттігін ұмытпаған жөн », - дейді С. Қайырбекова. 

Екінші бір келеңсіз мәселе – еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі медицина ұйымдарындағы қымбат құрал-жабдықтардың 130 түрінің іске қосылмай тұрғандығын анықтаған. Ведомство басшысы Салидат Қайырбекованың атап өтуінше, еліміздегі барлық медицина ұйымдарына аталған бағытта арнайы тексеру жұмыстары жүргізіліп, біраз жайттың беті ашылыпты. «Біздер құрал-жабдықтардың 130 түрі бойынша фактіні анықтадық. Материалдарды Бас прокуратураға жібердік. Сатып алынған қымбат құрал-жабдықтардың жұмыс істеп тұрғандығына мүдделіміз», - деді министр. Оның айтуынша, мәселенің бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, кей жағдайда аталған аппараттармен жұмыс істей алатын мамандар жоқ болса, кейде емделетін науқастардың аз болуына қарамастан қымбат құрал-жабдықтар сатып алынған. Ал, бұл орын алған проблемаларды жою үшін министрлік медициналық құрал-жабдықтарды сатып алу жүйесін қайта қалыптастырды. Сонымен қатар медицина ұйымдары бас дәрігерлерінен келген өтінімдердің барлығына да сараптама жүргізіледі.

Білім министрі «e-learning» бағдарламасы тиімді жүргенде ғана қаражат бөледі 

Соңғы уақытта Білім және ғылым министрлігінің басынан «қара бұлт» үйіріліп жүр. Бұрынғы министр қызметтен кетісімен білім саласындағы былықтар, ондағы жемқорлыққа жол берген құбылыстар да аршыла бастағандай. Ал тізгінді қолға алған жаңа министр    Аслан Сәрінжіпов білім саласындағы реформаларға тың көзқарас танытумен ерекшеленіп келеді. Дегенмен, қазіргі министрге ең алдымен білім саласындағы бүгінге дейінгі қордаланған мәселелерді тазартып алу ең бірінші қажеттілік секілді көрінеді. Соның бірі депутаттар тарапынан да сын нысанына ілігіп жүрген «e-learning» бағдарламасы. Брифингте Білім министрі де осыған салмақ сала әңгімеледі. «Біз осы бағытта «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз, бұл проблеманы жою мәселесін төтесінен қойдық. Осынау шараларға 2011 жылы 1,5 млрд. теңге бөлініп, 44 мектепке электрондық оқыту жүйесі қосылған болатын. 2012 жылда 12 млрд теңге бөлінді. Ол кезде 500-ден астам мектептерде аталған жүйе іске қосылуы тиіс болған. Бірақ 500 мектептің ішінде 50-ден астам оқу орнында жүйе дұрыс жұмыс істемеді. Ал 2013 жылы «e-learning» бағдарламасы аясында 15 млрд. теңге қарастырылған. Осы уақытқа дейін 5 млрд. теңгесі аванс ретінде төленді. Қазір бұл жүйенің дұрыс істемеуіне байланысты көптеген мектептерден арыз-шағымдар түсіп жатыр. Сондықтан 578 мектепте электрондық оқытудың бағдарламасы тиісті деңгейде жұмыс істеген жағдайда, сондай-ақ мұғалімдер мен оқушылар осы жүйені толық пайдаланған кезде, біз қалған 10 млрд. теңгені аударып беретін боламыз», деп ашығын айтты министр А. Сәрінжіпов. Министр бұл ретте электрондық оқыту жүйесінің балаларға қажет тұстарына тәптіштеп тоқталып, дегенмен ондай оқыту нақты тиімділік танытқанда ғана қаржы бөлінетінін аңғартты. 

Жұмысшы жалақысындағы сәйкессіздік үшін жауапкершілік қатаяды

Әлеуметтік блоктың ішіндегі маңызды бір бағыты еңбек һәм халықты жұмыспен қамту саласы. Осыған орай, Тамара Дүйсенова ханым «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жай-жапсарын әңгімелеген болатын. Негізінен ауыл азаматтарын, соның ішінде ауыл жастарын жұмыспен қамтуды көздейтін бағдарлама туралы министр ханым ауыз толтырып әңгіме айтқанымен, бұған дейінгі брифингтерде халық қалаулылары осы бір тұсты талай сынға алған. 

Дегенмен, ресми органның статистикасына да көз жүгіртсек. Бағдарламаның көмегіне жүгінген 256 мыңнан астам адамдың жартысы – жастар. «Демек, біз негізгі мақсатқа сай жұмыс істеп келеміз. Әрине, жергілікті жерде бағдарлама толыққанды іске аспай жатады. Біз оны да білеміз, мойындаймыз. Себебі ауыл халқы көп жағдайда барлық қолдау шаралары турасында біле бермейді. Сондықтан біз, ең алдымен, жергілікті әкімдер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандарын оқыту туралы шешім қабылдадық. Сосын олар бәрін халыққа жеткізетін болады. Қазірдің өзінде бұл жұмыс басталып кеткен», дейді Тамара Дүйсенова. Жалпы, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына қатысушылардың 51,7 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған. «Ағымдағы жылдың 1-шi шiлдесiнен бастап iске асырылып жатқан «Жұмыспен қамту жол картасы» қатысушыларының 63%-ы жұмыссыздар, 30%-ы өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар, 6%-ы әлеуметтiк тұрғыдан алғанда аз қамтылғандар, ал 1%-ға жуығы жалдамалы жұмысшылар болып табылады», - дедi министр Тамара Дүйсенова.

Осы саладағы түйткілді дүниенің бірі жалақыдағы сәйкессіздік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, ағымдағы жылы еңбек инспекциясы Бас прокуратурамен бірлесіп, 70 ұйымда тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жергілікті және шетелдік мамандар арасындағы еңбекақы төлеуде сәйкессіздіктер анықталған. «Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің жауапкершілігін күшейту үшін Әкімшілік және Қылмыстық кодекстердің жобаларында жалақыдағы сәйкессіздікке қатысты құқық бұзушылықтың жаңа нормасы енгізілуде. Жобалар Мәжіліс қарауында. Яғни, аталған нормаға сәйкес, бірдей жұмысы үшін бірдей жалақы алудағы жұмысшы құқығының бұзылғаны үшін әкімшілік, сонымен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылады», - деді Т.Дүйсенова. Жалпы еңбек инспекторлары еліміздің жыл басынан бері ведомствоның еңбек инспекторлары 650 ұйымның 44 мың жұмысшы алдындағы берешегі 3,7 млрд. теңгені құрап отырғандығын анықтаған. «Қаржы, Әділет министрліктерінің, Бас прокуратураның және облыс әкімдері жанындағы дағдарысқа қарсы штабтардың бірлескен жұмыстарының арқасында 35 мың жұмысшы алдындағы 2,7 млрд. теңге көлеміндегі қарыз жойылды», - деді министр. 

Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 15 қарашасындағы жағдай бойынша 83 кәсіпорынның жұмысшылар алдындағы қарызы 985 млн. теңгені құрап отыр. 

Дереккөз: Би-нюс

Қатысты Мақалалар