Соңғы 5 жылда елімізде ана өлімі 3 есеге, нәресте өлімі 1,5 есеге азайды. Мұндай мәлімет ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі Салидат Қайырбекованың Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында жария етілді, деп хабарлайды BNews.kz.
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму бірінші вице-министрі С.Қайырбекова Жамбыл облысына жұмыс сапары шеңберінде Тараз қаласында ана мен нәрестелер өлімін, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді азайту үшін жедел шаралар қабылдау жөніндегі республикалық штабтың көшпелі отырысын өткізді.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, жиынға еліміздің оңтүстік өңірлері: Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары және Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармаларының жетекшілері, Акушерлік, гинекология және перинотология ғылыми орталығы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы және Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің басшылары жиналды. Қалған өңірлер селекторлық режімде қатысты.
Штаб отырысында Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында орын алған ана және нәресте өлімі жағдайлары қаралды.
Баяндама жасаушылар 2014 жылғы 11 айдың қорытындысында елімізде туылған балалардың жартысынан астамы және аналар өлім-жітімінің 55,5%-ы оңтүстік өңірлердің үлесіне тиетінін алға тартты.
Ана өлім-жітімі оқиғалары орын алған өңірлер жетекшілері, перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың бас дәрігерлері медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жасалып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Салидат Қайырбекова БҰҰ Мыңжылдықтың даму мақсаттарына жету және әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру денсаулық сақтау жүйесі үшін басым бағыттардың бірі екенін алға тартты. Ал бұл салада ана мен бала денсаулығын сақтау басты көрсеткіштердің бірі. Осы орайда ол «Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің шақыруымен, қазір Қазақстанда ана өлім-жітімі көрсеткіштерін бағалау үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық тәуелсіз сарапшылар тобы жұмыс істеп жатыр»,-деді.
Бірінші вице-министр соңғы жылдары елімізде бұл салада ауқымды жұмыстар атқарылып, көрсеткіштер елеулі түрде жақсарғанын атап өтті. Перзентханалар мен балаларды емдеу ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтау жақсарып, тиімді халықаралық технологиялар, диагностикалау мен емдеу стандарттары мен хаттамалары енгізілуде.
Ана мен бала денсаулығын қорғау қызметіне жасалған сараптама алғашқы көмек буыны белсенді жұмыс істей бастағанын көрсеткен. Тәуекелі жоғары әйелдерді уақтылы емдеуге жатқызу барлық жерде жолға қойылды.
Сонымен қатар, елімізде балалар мен аналар өлімінің төмендеуіне жүкті әйелдерді тәулік бойы мониторингілеу жүйесінің енгізілуі және тарифке енгізілген қаражат есебінен дәрігерлердің біліктілігін арттыру оң септігін тигізді.
Штаб төрайымы бекітілген стандарттар мен хаттамаларды қатаң сақтауға, барлық мамандарды үздіксіз және сапалы оқытуға шақырды. Өйткені, мамандардың біліктілігін арттыруға бөлінген қаражат медициналық ұйымдардың өздеріне берілген, тиісінше олар өз мамандарын қайда және қалай оқыту керектігін дербес шешеді. Сондай-ақ, тұрғындарды ақпараттандыру деңгейін көтеру керек.
Соңғы 5 жылда елімізде ана өлімі 3 есеге, нәресте өлімі 1,5 есеге азайды. «Қазақстандықтардың ортама өмір сүру ұзақтығын арттыруға және өлім-жітімді азайтуға мүмкіндіктеріміз бен әлеуетіміз бар. Ең алдымен, ол сектораралық өзара іс-әрекеттестікке қатысты, өйткені, адам денсаулығы 70-80%-ы оның өмір сүру салты мен қоршаған ортасына байланысты»-деді бірінші вице-министр.
Жұмыс сапары аясында Салидат Қайырбекова бірқатар медициналық ұйымдарда: облыстық балалар ауруханасында, облыстық перинаталдық орталықта, № 1, 2, 4, 5, 7, 9 емханаларда және облыстық және қалалық балалар ауруханасында болып, медициналық қызметкерлермен және азаматтармен кездесті.
Дереккөз: Би-нюс