Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-ші сессиясында сөйлеген сөзі

/uploads/thumbnail/20170708202718254_small.jpg

                                                                                      Құрметті Төраға мырза!

                                                                                 Құрметті Бас директор ханым!

                                                                                      Ханымдар мен мырзалар!

 

Мен үшін Бас конференцияның 38-ші сессиясына қатысушылар мен қонақтар алдында сөз сөйлеу – зор мәртебе.

 Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша.

Осыдан 70 жыл бұрын құрылған  бұл Ұйымды  «адамзаттың ар-ұяты» деп атайды.

Ол тарихи-мәдени мұраларды сақтау ісіне зор үлес қосты.

Білім, ғылым, коммуникация салаларындағы халықаралық байланыстар аясын кеңейтті.

Қазақстан ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды.

Бұл ұйымның негізгі басымдығы – Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналады.

Мен осы мінберден 20 жыл бұрын, тәуелсіздігіміздің бастапқы кезінде жас мемлекеттің мақсат-міндеттері туралы баяндаған едім.

Бүгінде біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Мыңжылдық даму мақсаттарының көбіне қол жеткіздік.

Кедейшілік деңгейі 11 есе (34 проценттен 3 процентке дейін) төмендеді.

Біз жүздеген мектеп пен аурухана салдық.

Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 19 есеге өсті.

Халықтың жан басына шаққандағы табысы орташа табысты елдер деңгейіне жетті.

Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты.

Ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеді.

СПИД-ке, безгекке және туберкулезге қарсы күресте айтарлықтай жетістікке жеттік.

Біз орнықты даму мақсатымен толық үндесетін «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасын қабылдадық.

Сондай-ақ, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу ниетіндеміз.

Құрметті делегаттар!

 

Соңғы жылдарда этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кетті.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші  сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді.

Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған.   

Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын ұсынамыз.

Оның мәнісі –  соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау.

Бұл бүкіл әлемде жаһандық инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға барлық ұлттың  әділетті түрде қол жеткізуі, сондай-ақ адамзат дамуына деген жалпыға ортақ жауапкершілік негізінде дамудың жаңа трендін қалыптастырады.    

Адамзаттың басты мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру болуға тиіс.

Сол үшін біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынамыз.

2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады.

Бұл әлем қоғамдастығының ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады.

Терроризм мен діни экстремизмге қарсы біртұтас халықаралық майдан ашу кезек күттірмес міндет болып тұр.   

Әлемдік өркениеттер мен негізгі діндердің бесігі болған ежелгі Месопотамия жері бүгінде аяусыз бүлініп, тонауға түсті.

«Ислам мемлекеті» деген атты жамылғандар Таяу Шығыстың бірегей тарихи-мәдени мұрасына орны толмас зиян келтіруде. 

Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін батыл айыптайды.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттің әлемдік бірыңғай желісін құруды ұсынамыз. 

Ислам радикализмімен күрес кезінде оны бейбітсүйгіш исламмен шатастырып алмау маңызды.

Экстремизмге тек мәдениетаралық және дінаралық диалог негізінде ғана қарсы тұруға болады.

Біздің «Ислам терроризмге қарсы» атты форум жөнінде идея көтеруіміздің себебі сол.  

Бейбітшілік пен халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету барысында ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажет.

ЮНЕСКО жанынан Бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөніндегі  халықаралық академия құруды ұсынамын.

Академия озық әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, бейбітшілік пен орнықты дамуды қолдау жөнінде прогрессивті идеялар мен тиімді шаралар әзірлей алар еді.

ЮНЕСКО-ның «Әлем мәдениеті» тұжырымдамасын жүзеге асыру арқылы қақтығыстардың ертерек алдын алу жолын іздестірудің ерекше маңызы бар.

Аталған тұжырымдама қағидаттары Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдауымен «Жаңа Болашақ» (NEW FUTURE) тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі бастамасымен үндеседі.

 

 Құрметті ханымдар мен мырзалар!

 

Француз монахы Гильом Рубрук 13-ғасырдың ортасында христиан, будда, манихей және мұсылман қауымы тату тіршілік кешкен қазақтың көне Қойлық қаласында болыпты.

Былтыр Қазақстан, Қытай және Қырғызстанның бастамасымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне Ұлы Жібек жолында орналасқан сегіз археологиялық нысан енгізілді.

         Бұл тізімде толеранттылықтың, діни төзімділік пен достықтың символы – Қойлық қаласы да бар.

Еліміз таяуда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтті.

Біз Ұлы Даланың тарихи-мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып жатырмыз.

ЮНЕСКО-ның алдын ала есепке алу тізіміндегі ескерткіштер мұқият қорғалуда.

Олардың қатарында Отырар, Түркістан, Сауран және Сығанақ бар.

Қазақстан 2013 жылы тұңғыш рет ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар комитетінің мүшелігіне қабылданды.

Бұл бізге тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінде айрықша жауапкершілік жүктейді.

 Ұлы Жібек жолы дәстүрлерін жаңғыртудың ерекше маңызы бар.

Оның тарихына қарап, тығыз ынтымақтастық пен өзара мәдени байланыс бүкіл адамзат үшін бейбітшілік пен даму негізі екеніне көз жеткіземіз.

ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне Алматы қаласының
1000 жылдығы
енгізілгенін ризашылықпен атап өткім келеді.

Бұл қала Жібек жолының Жетісу бөлігіндегі тоғысу орталығы болған.

Қазақстан көп этностық және көп конфессиялы ел болғандықтан толеранттылық пен ұлтаралық келісім идеясын берік ұстанады.

Біз бастамашылық еткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Біріккен Ұлттар ұйымының жоғары бағасын алған танымал халықаралық сұхбат алаңына айналды.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының 2013-2022 жылдарды мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығы деп жариялауына бастамашы болды.

ЮНЕСКО-ның осы бағдарламаны табысты жүзеге асыруына жан-жақты және қаржылай қолдау көрсетіп отырмыз.

Астанада Мәдениеттердің жақындасу орталығын құру жөніндегі  бастаманы ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттер қолдайды деп үміттенеміз.

 

Құрметті конференцияға қатысушылар!

 

Тату өмір сүрудің, орнықты дамудың және ХХІ ғасырдағы адамзат  прогресінің кілті білімде екеніне сенімдімін.

Білім беру саласындағы әлемдік көшбасшы ретінде ЮНЕСКО әлемнің барлық елдері ұмтылатын білім беру сапасының бірыңғай стандарттарын әзірлеуге тиіс.

Қазақстан өз кезегінде білім берудің ұлттық жүйесін жаңғыртуда.

Біздің ел посткеңестік елдер арасынан алғашқылар қатарында жоғары білімнің еуропалық аймағына енді (1997).

Бес жыл бұрын біз Еуропалық мәдени конвенцияға және Болонья процесіне қосылдық.

Елде халықаралық деңгейдегі зияткерлік мектептер мен колледждердің ұлттық желісі құрылды.

Назарбаев Университеті ғылым және білім беру саласындағы озық жоба болып саналады.

Жалпы, Қазақстан 130 ел арасында ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі жөнінен көш басындағы төрт елдің қатарында тұр. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының «Баршаға арналған орнықты энергетика» бастамасына қолдау көрсету үшін 2017 жылы Астанада «ЭКСПО» дүниежүзілік көрмесі өткізіледі.

Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық мемлекеттерді «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуға шақырамын.

Көрме аясында ұйымның орнықты дамуға қол жеткізудегі рөлін көрсету үшін дербес «ЮНЕСКО павильонын» ұйымдастыруды ұсынамын.

Біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің  инфрақұрылымы базасында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Жасыл технологияларды дамытуға арналған халықаралық орталық құруды көздеп отырмыз.

ЮНЕСКО сол орталықтың   қосалқы ғылыми демеушісі бола алар еді деп ойлаймын.

 Қымбатты достар!

 

Қазақстан ЮНЕСКО-ның тиімділігін арттыруды, беделін нығайтуды, ұйымды жаңғыртуды және оның заманауи сын-қатерге бейімделуін қолдайды.

ЮНЕСКО-ның алдағы уақытта да мемлекеттер мен халықтардың ағарту, гуманизм, бейбітшілік жолындағы тиімді ынтымақтастық форумы міндетін атқара беретініне сенімдімін.

ЮНЕСКО Бас конференциясына қатысушылардың адамзат игілігі жолындағы жұмысына табыс тілеймін!

Назарларыңыз үшін рахмет!

Қатысты Мақалалар