Латвияның мемлекеттік тіл орталығы ел тұрғындарына жұмыс орындарында тек латыш тілінде сөйлеуді талап еткен үндеу жариялады. Бұл туралы «Қамшы» порталы inforesist.org–ге сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл талап барлық саланың жұмысшыларына қатысы бар көрінеді. Әсіресе, дүкендер, қоғамдық көліктер мен кеңсе, мекемелер сынды халыққа қызмет көрсету орындарында тек мемлекеттік тілде тіл қатысуға аса қатты мән берілген.
«Орыс диаспорасы өкілдері өзара орыс тілінде сөйлесу арқылы латыш тіліне қауіп төндіреді және құрметсіздік танытады» делінген үндеуде.
Мұндай шешім тұрғындар тарапынан келген арыз-шағымдар негізінде жасалған. Қоғамдық орында, басқа адамдардың арасындағы екеуара әңгіме айналасына естілетін болса «ресми сипат» алатындықтан, латын тілінде болуы керек екендігі үндеуде ашық айтылған.
«Қызметкерлер өз қызметтік міндеттерін атқара отырып өзара шет ел тілінде сөйлесуіне жол берілмеуі керек» дей келе, Орталық Латвия – латыш тілі дамып, кең тарай алатын әлемдегі жалғыз ел екенін еске салған.
Үндеуге сай енді Латвиядағы ұйым, мекеме басшылары өз бағыныштылары арасында қызмет бабында тек мемлекеттік тілді қолдану туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
PS.: Кеше ғана КСРО шекпенінен шыққан одақтас елдің бұл батыл бастамасы өткеннің елесінен әлікүнге арыла алмай жүрген қазақстандықтарға ой салса игі.
Дархан Мұқан