– Ассалаумағалейкүм, Қасым аға! Мен сізді «Шынның жүзі» арқылы танимын. Қазір қайда жүрсіз? Осыған дейін қайда болдыңыз? Бұрынғы «Қазақстан» арнасында бірге жұмыс жасаған әріптестеріңізбен араласып тұрасыз ба? Жеткіншек, Орал
– Қазір республикалық жекеменшік телеарналардың бірінде қазақ редакциясының жетекшісімін. Бұрынғы әріптестерімнің қайда жүргендерінен хабардармын. Бәріміз бір ортада, яғни журналистика саласында жүрміз. Ұлттық арнадан кеткеннен кейін «Жас қазақ» газетінде жұмыс істедім, Шәкәрім бабамыз жайында «Мұтылған» атты деректі фильм, Болатхан Тайжан туралы деректі фильм түсірдім. «31 арнада», КТК арнасында, «Намыстан» бейнепорталында авторлық жобалар жасадым, «Тәуелсіз» деп аталатын саяси ток-шоу жүргіздім.
– Сәлеметсіз бе, Қасым аға?! Сізбен тілдескеніме өте қуаныштымын! Сіз басында жүргізген «Ақжүніс» бағдарламасының жүргізушісі Сәуле апай бар, тағы да басқа бір топ тележурналистер көрінбей кеттіңіздер. Қайда жүрсіздер? Сол кезде сіздерді «сектанттар» деп айыптады. Осы қаншалықты рас? Сізді алдағы уақытта ауылдық жерлерге тарайтын «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан көре аламыз ба? Құсни, Ақтөбе – Өмір болған соң әртүрлі жағдайлар болып жатады. Өмір бойы телеэкраннан көрініп жүру шарт емес деп ойлаймын. Иә, сол кезде бізге «сопылар, зікіршілер, сектанттар» деп жала жапқаны рас. Бұл «Қазақстан» ұлттық арнасындағы біздерге қарсы топтың ойлап шығарған лас тәсілі болатын. Сол кездегі Мәдениет министрі Ермұхамет Ертісбаев өз саясатын жүргізіп, ұлттық арнаға өз адамын әкелді. Ол адамдары министрдің Шыңғыс Қабидин деген баласының АҚШ-тағы шотына бір миллион долларды заңсыз аударып жібергенін білетін боларсыздар. Яғни Е.Ертісбаевтың не себепті Ғ.Доскенді орнынан алып тастағаны содан-ақ мәлім болған... Біз солай боларын кезінде-ақ айтқанбыз. Алайда біздің уәжімізді ешкім тыңдамады. Амал жоқ, жүзге тарта журналистер жұмыстан кетті. Ішінде мен де бармын. Кеткен журналистердің бәрі аман-есен, әрқайсысы өз тірліктерін атқарып, журналистиканың маңайында жүріп жатыр. Өз басыма келер болсам, егер мемлекеттік арналар шақырып жатса, қойған талаптарыма сай бағдарлама шығаруға келіссе, ойлануға болады. – Соңғы екі сұрағым бар еді. Мен өздеріңіз сияқты журналист болғым келеді. Бірақ қазір бағдарламалардың көбісін әнші-әртістер жүргізетін болды. Телеарнаның рейтінгісі үшін бұл жақсы тәсіл шығар, бірақ маған ұнамайды. Осы мәселеге көзқарасыңыз қалай? Мықты тележурналист болу үшін не керек деп ойлайсыз? Сыртқы келбет, дауыс... Сосын? Және сатқындықты қалай кешіруге болады? – (Күлді). Бұған бір жағы түсіністікпен қараймын. Әр телеарна өз бағдарламаларын тартымды ету мақсатында осындай қадамдарға барып жатады. Бұл сұрақ бүгін ғана қойылып отырған жоқ. Біраз адамның ашуына тиіп жүрген дүние. Мұны сол саланы басқарып отырған басшылардан сұрау керек. Әртістер жүргізген хабарды мен де көрмеймін. «Мықты тележурналист» болу үшін ең бірінші білім қажет. Сосын тіл қолданысы жатық болуы керек. Сөзді әсірелеп, өтірік әдемілеуден қашқан жөн. Сосын елге сүйкімді бет-бейне де маңызды. Жалпы, қарындасым, тележурналист болам деп емес, журналист болсам деп мақсаттану керек. Бетті жылтыратып эфирге шығуға ғана ұмтылсаңыз, жолыңыз бола қоймас... Ал сатқындықты... жүрегіңіз кең болса уақыт өте келе кешіресіз... – Қасеке, «Жалғыздың үні шықпас» деген бар. Айналаңыздағылардың көбісі республикалық телеарналарға кетіп жатыр. Сіз неге бармайсыз? Алмасбек, Қостанай – Айналамдағылар барып жатса, бәрі де журналистиканың маңында жүрген қыз-жігіттер. Барғаны жақсы. Ал менің бармауымның себептерін былай топшылаймын: біріншіден, мен республикалық телеарна басшыларының көбін танимын, олар да мені жақсы таниды. Бірақ олардың «сағыныштарын» байқамадым. Шамалауымша, қоғамдық пікірлерім кедергі... – Сәлеметсіз бе, аға?! Сізді «Шынның жүзі» арқылы танып-білдік. Бір сұхбатыңызда «Шынның жүзінің» идея авторы – Тұрсынжан Шапай» деп едіңіз. Бірақ мен бұл хабардың авторы тараздық айтыскер ақын Серік Қалиев деп естіп едім. Осыған не айтасыз? Шолпан, Қордай ауданы, Жамбыл облысы – Қарындасым, мынадай нәрсе бар: велосипедті қайтадан ойлап табудың қажеттілігі жоқ. Ол баяғыда ойлап табылып қойған. Сол сияқты телесұхбат жанры әу бастан қалыптасқан. Телесұхбатты батыл, өткір қылып жасаудың идеясын табу үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Ежелден бар дүние. «Шынның жүзінің» бірінші сәттілігі – атауында. Бұл атты қойған белгілі әдебиетші, сазгер, «Қазақстан» ұлттық арнасының сол кездегі бас редакторы – Тұрсынжан Шапай. Екінші сәттілігі – жүргізушісінде. Сіз айтып отырған Серік Қалиев сұхбат жанрындағы бір телебағдарлама жасағысы келді. Бірақ оның атауы мүлдем басқа болатын. Секең сынақ-сұхбатты студияда жазып та көрді. Бірақ жарамады. Әрі қарай «Шынның жүзінің» атын қойып, бағытын айқындап берген – Тұрсынжан аға, ал шығармашылық жұмыстарын өзім жасадым. Сондықтан бұл жерде біреудің «Шынның жүзінің» авторы мен едім» деуі күлкілі. – Отбасы, бауырларыңыз жөнінде білгім келеді. Олар қайда, нендей шаруалармен айналысады? Балаларыңызбен шүйіркелесіп отыруға қолыңыз тие ме? Қатал әкесіз бе? Жазира, Астана – Жұмсақ адаммын дей алмаймын. Қаталдау әкемін десем де болады. Бірақ балаларымды қыспаққа алып емес, өз табиғатына қарай еркіне салуға тырысамын. Әрине, бұл өте қиын... Әйелімнің де мамандығы – журналист. Үлкен ұлым Қараш – он екіде, Жәнібек – тоғызда, Әлихан наурызда беске толады. Үшеуін анасы екеуміз қолымыздан келгенше бағып-қағудамыз. Адал, қолынан бір кәсіп келетін, өзінен асып жатса өзгеге де пайдасы тиетін қарапайым азамат болып өссе екен деп армандаймын. Алты ағайындымыз. Шүкір, бәрі аман, елде. Әке-шешем ертерек қайтқан. Бауырларым – өте қарапайым, жарқын мінезді адамдар. – Арада қанша уақыт өтсе де көрермен «Шынның жүзін» әлі күнге дейін ұмытпайды. Мұның өз себебі бар шығар. Қазіргі тележурналистикада көзге түскен кімдерді айтар едіңіз? Болашақта «Шынның жүзін» қайта жаңғыртуыңыз мүмкін бе? Мейрамгүл, Есік қаласы, Алматы облысы – Өкінішке қарай, өз салам болса-дағы телеарналарды өте сирек қараймын. Тек бірнеше арналардың кешкі жаңалықтарын көремін. Сондықтан біреудің атын атап, түсін түстеу қиын. «Шынның жүзін» қайта шығару ойымда бар. Бірақ ендігі талап үлкендеу. Оған тізесі шыдайтын телеарналардан ұсыныс болса – ашықпын. – Аға, сәлеметсіз?! «Шынның жүзі» сізді тым салмақтандырып, мойныңызға жауапкершілік артып тастаған жоқ па? Шынар, Шымкент – Хабардың атынан халықтың үміті зор болды, ол рас. Демек, «Шынның жүзі» деген атау көрерменге әсер етті. Ал жеке басыма «Шынның жүзі» деген ат әсер етті деу қиындау. Өйткені әр нәрсені өз атымен атауым бұрыннан болған. Сын мақалаларым тұрақты шығып тұрды. Тележурналистікке дайын кәсіби маман болып келдім. Әу баста тележүргізуші болуды армандаған жоқпын, тіпті журналист болуды көздеген емеспін. Бала жастан тарихшы-археолог болғым келді. Бертін келе Джек Лондон, Эрнест Хемингуэй сияқты бүкіл өмірді өз басымнан кешіп жүріп жазатын жазушы болғым келді. Бірақ тағдыр айдап журналистикаға келдім. Өкінбеймін. Мамандығымды жақсы көремін. Ал телеарнаға келудегі мақсатым – атақты болу немесе шындық пен ақиқаттың жалауы болу емес, өз кәсібімді адал атқару ғана. – Адам баласының өмірінде тағдырына әсер ететін қадамдар болады. Оны «тағдыр қадамы» деп атасақ болатын шығар. Сізге сәттілік алып келген қадамдарыңыз болды ма? Керісінше, өмірде мүмкіндіктерді жіберіп алған сәттеріңіз болды ма? Райхан, Келтемашат ауылы, Түлкібас ауданы, ОҚО – Сәттілікті әр адам әртүрлі түсінеді. Мен үшін сәттілік жақсы адамдармен дос болу, солардың мектебінен өту. Осы жағынан алғанда сәтті қадам деп ҚазМУ-дің журфагынан шығып кетіп, жұмыссыз, үй-күйсіз жүрген кезімде Жұмабай Шаштайұлы, Тұрсынжан Шапай сияқты қазақтың керемет азаматтарымен жолыққанымды айтар едім. Бұл кісілерді ұстаздарым деп санаймын. Ал зор мүмкіндікті жіберіп алдым дей алмаймын. Өйткені көп адам өз тағдырымен келісіп, соған сай өмір сүреді. Жалпы, өткен өміріме өкінішпен қарамаймын. – Оппозицияда жүрген азаматтарды сырттан қаржыландырады деген сөздерді естиміз. Қазіргі табыс көзіңіз қалай? Жамал, Алматы – Мұндай сөз бұрыннан бар. Менің оппозицияның маңында жүріп келгенім рас. «К+» деген шетелден қаржыландыратын телеарнада жұмыс істегенім, Жаңаөзен оқиғасынан бір күн бұрын «Назарбаев өз халқына оқ ата ма?» деп хабар жасағаным да рас. Ол телеарнаны дәл қазір Францияда түрмеде жатқан Мұхтар Әбілязов қаржыландырды деп білеміз. Ол да рас болуы керек. Бірақ Мұхтар Әбілязов – шетелдің емес, Қазақстанның азаматы, сіз бен біз сияқты қазақтың баласы. Бүгінде «халық жауына» айналған сол азаматтың телеарнасында адал еңбегіммен заң аясында журналистік қызмет атқардым. Қазір шағын бір телеарнада бас редактормын. – Сәлеметсіз бе, аға?! Сізбен Тікелей сөйлесіп тұрғаныма қуаныштымын! Кейінгі кезде оппозициялық топтан бой көрсетіп, билікке қарсы пікіріңізді білдіріп жүрсіз. Бұл қадамға келуіңізге не түрткі болды? Қазіргі билік туралы ойыңыз қалай? Ашық пікір білдіруден өміріңізге қауіп келмей ме? Айжан, Алматы – Бізде оппозиция десе, мемлекетке қарсы деген түсінік қалыптасқан. Керісінше, оппозицияда жүргендер – мемлекеттің қамын ойлайтын адамдар. Оппозициялық пікірдегілерді елден, мемлекеттен бөліп тастауға болмайды. Менің билікке көзқарасым Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлының өлтірілуі, Шаңырақ, Жаңаөзен оқиғасынан кейін қатая түсті деп ойлаймын. Әзірге өміріме тікелей қауіп төнген сәттер болған жоқ. Болмай-ақ та қойсын. Жалпы, бақылауда тұрғанымды, «қара тізімге» енгенімді сеземін. Әрі қарай не боларын уақыт көрсетер. – Сіздіңше, бүгінгі қазақ телеарналарының қай тұсы ақсап тұр? Данияр, Талдықорған – Қазіргі бағдарламаларды тұрақты түрде қарамаймын. Дегенмен олардағы жетіспейтін дүние – саяси еркіндіктің жоқтығы, адамдарды алалау. Елге жаны ашитын, салмақты ой айта алатын адамдар шет қалып, айтары болмаса да «ақ тізімдегі» жиырма-отыз адам бар телеарнаны айналып жүре береді. Дәл қазір қазақтың тең жартысы банкке қарыз. Осы мәселені көтеріп жүрген Ермек Нарымбай деген азамат бар. Бірақ сол Ермекті бір телеарна шығармайды, шақырмайды. Бұдан кейін телеарналар туралы не айтуға болады?! Одан кейінгі мәселе – журналистердегі білімнің таяздығы. Біздің көпшілік журналистерде интеллектуалдық база төмен. Өзгесін айтпағанда, кімге қандай сұрақ қоярын білмейді. – Қазір көрінбей кеттіңіз, қайда жүрсіз? Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Қасым Аманжол деген атыңызға затыңыз сай ма? Қаламгерлерден кімдерді оқып жүрсіз? Рухани нәрді қайдан аласыз? Сандуғаш, Тараз – Сұрағыңыз көп екен. Жоғарыда қайда жүргенімді айттым. Өмірлік ұстанымым деп қатып қалған қағидам жоқ. Адал, тәуелсіз ғұмыр кешу. Зая өмір сүрмеу. Атым мен тегім туралы айтсам, Қасым деп атымды қойған – әкем Аманжол. Ол кісілер – ақын Қасымның өлеңдерін сүйіп оқып өскен ұрпақ. Әкем Қасым ақынды жатқа білген екен. Қасымдай тұлғаға тартсын деген жақсы ниетпен қойған шығар деп ойлаймын. Әдебиетте қазіргі ақын-жазушылардың еңбегін түгел ақтарып жүрмін десем өтірік айтқан болармын. Ақындардан Тоқтарәлі Таңжарық, Есей Жеңісұлы, Ырысбек Дәбей секілді ақындардың өлеңдерін соңғы уақыттарда оқып шықтым. «Рухани нәр» дегеннің не екенін түсінбеймін. Бұлдыр сөз... – Алғашында жүргізген қыз-келіншектерге арналған «Ақжүніс» бағдарламасы сізге онша келіңкіремеген сыңайлы. Сосын «Шынның жүзі» нағыз сіздің бағдарламаңыз болды. Тағы да сондай қадамға неге бармасқа? Тойларға барып тұрасыз ба, билей аласыз ба? Әйгерім, Алматы – Шақырған тойлардың бәріне болмаса да кейбіреуіне барып тұрамын. Даңғазаны ұната бермеймін. Көңіл-күйіме байланысты шағын дос-жаранның ортасында билеуім мүмкін... – Оппозицияға келген жігіттердің көбісі соңына дейін бастапқы ұстанымында тұра алмай, беделін жоғалтып, орта жолда қалып қойып жатады. Осыған не себеп? Қайнар, Тегістік ауылы, Райымбек ауданы, Алматы облысы – Саясат – біреу келіп, біреу кетіп жатқан дүние ғой, сондықтан бұған философиялық тұрғыдан қараймын. Ол да өмір, тағдыр. Оның үстіне біздегі саяси жүйенің сипаты сондай – оппозициялық топқа кірдің бе, демек, алдын ала бүкіл ауыртпалық, қиындық, кедергіні мойындап, бойұсынып келу керек сияқты. Өйткені біздің қоғам жаңарып, өзгерген жоқ. Жиырма үш жыл! Бір адам өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Ылғи жеңіліс, ылғи қамау, өлтіру, опасыздықтар... Осы жылдар арасында оппозицияға қанша адам келіп, қаншасы кетті. Мен оларға айыптап емес, аяушылықпен қараған жөн деп ойлаймын... – Сізді дос-жарандарыңыз, араласатын адамдарыңыз «Қасым өз жасынан әлдеқайда қартайып кеткен» деп жатады. Кейбіреулер сізді «Асанқайғы» деп те атайды екен. Сізді тұйық қылып жіберген не нәрсе? Әлде үлкен адамдармен жасаған сұхбаттарыңыз сізді есейтіп жіберді ме? Сымбат, Шымкент – (Күлді). Оны қайдан естіп жүрсіз?.. Тұйықпын деп айта алмаймын, керісінше, ойымды ашық айтатын адаммын ғой. Егер жасынан үлкен көрінеді деп жатса, мүмкін, солай да шығар... Бірақ бұл оймен аса келіскім келмейді. Және «Шынның жүзін» бастағанымда жиырмадан енді асқан едім, қазір отызды орталадым... Бір айтарым, баспасөзде болсын, телеарнада болсын жеңіл-желпі тақырыптарға барғаным жоқ, мүмкін, содан... Ал «Шынның жүзі» арқылы танымал адамға айналғаным рас, бірақ сол бір хабар сана-сезімімді өсіріп, қартайтып жіберді деп айта алмас едім. – Қасым аға, сізді және оппозицияда жүрген біраз жастарды Қырғызстан мен Ресейдің оппозиция мектебінің дайындығынан өтіпті деп естиміз. Рас па? Қарсыбек, Ұзынағаш ауылы, Жамбыл ауданы, Алматы облысы – Саясаттың маңында, оның үстіне оппозициялық ұстанымда болғаннан соң мұндай сөздердің талайы айтылып жатады. Бұл да сондай қаңқу сөздердің бірі деп ойлаймын. Бәкиевті құлатқан кезде революцияны көзбен көріп, бақылап қайтқаным рас... – Қандай жерде болсын дін, тіл, діл жайлы сөз бола қалса, сіздің жаныңызға бататыны бар ма? Мира, Арал қаласы, Қызылорда облысы – Мұның бәрін тізіп айтсаң әңгіме көп. Тілдің мәселесі тек билікке қатысты. Ал ділге байланысты айтсам, ерте ме, кеш пе, қазақтың ұлттық ұстанымдары күш алады. Өйткені мемлекеттің негізгі бөлігі – қазақтар. Ал дінге байланысты тартыс өте көп, болашақта да бола береді. Ең жаманы, мұның соңы мемлекеттегі ең үлкен шайқалуларға әкеп соға ма деген қорқынышым бар. Әсіресе діншілдер мен зайырлы мемлекетшілдердің арасында үлкен қақтығыстар туындайды деп ойлаймын. – Кейбір жағдайларға байланысты кейбір шындықтардың көмейіңізге кептеліп, айтылмай қалатын сәттері бола ма? Марал, Жетісай қаласы, ОҚО – Жоқ, ондай өкінішім жоқ. – Қасымжан, амансың ба? Бір сұрақ. Осы біз ұлт мәселесіне келгенде көп нәрседен кеш қалып қойған жоқпыз ба? Советжан Рахимов, Атырау – Кеш қалған жоқпыз деп ойлаймын. Барлығы уақытпен және демографиямен шешіледі деп сенейік. Керісінше, «ұлт мәселесін» меншіктеп алғандар осы арқылы арзан ұпай түгендеумен айналысып кетпесе екен деймін. – Қасым, «Мәңгілік ел» идеясы ұсынылған биылғы Жолдау еліміздің жарқын болашағына жол сілтей ала ма? Жамал, Көкшетау – «Мәңгілік ел» – атауы жақсы, орындалуы бұлдыр дүние. Келесі жолдауда ұмытылып кететін кезекті бір қасиетті ұғымды құрбандыққа шалу. – Қасымжан, амансың ба? Атыңа затың сай болып жүре бер! Елдегі болып жатқан жан ауыртар жайттарды менен жақсы білесің. Біздегі жүйе, өмір сүру осылай тұра бере ме, соңы неге алып барып соғады? Базарбай, Алматы – Рахмет. Әркім өз еңбегіне ғана сенетін «жетім қозы» деңгейіне жеткен елдің болашағын болжау қиын. Бір адам қайтыс болған соң, мемлекеттік жүйенің мүлдем өзгеретінінен үміттеніп отырған, бірақ қалай өзгеретінін айта алмай отырған елден не сұрауға болады?.. Жазып алған Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
"Жұлдыздар отбасы - Аңыз адам" журналы