Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияға ресми сапарының бірінші күні табыспен қорытындыланғанын кешегі мақаламызда жаздық. Сол күннің басты нәтижесі ретінде Қазақстан мен Ұлыбритания арасында 13 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылғанын айтуға болады. Бұл – Ұлыбританиядан Қазақстанға ағылатын инвестициялардың жаңа ауқымын көрсете алатын көрсеткіш.
Сапардың бірінші күні Елбасымыз жоғары деңгейдегі кездесулер мен маңызды отырыстар және бизнес-форумнан тыс британдық айтулы іскер топтардың айшықты өкілдерімен, яғни Ұлыбританияның қоғамдық өміріндегі ықпалды тұлғалармен бірқатар кездесулер де өткізіп үлгерген еді.
Іскер топ өкілдерімен өткен сондай бір кездесуге «Royal Dutch Shell», «BG Group», «Barclays Bank», «Vitol Group», «De La Rue», «Glencore» және басқа да компаниялардың басшылары қатысты. Олардың қолындағы активтер көлемі 500 миллиард доллардан астам қаржыны құрайды делінеді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның инфрақұрылымдық даму, көлік және телекоммуникация, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, металлургия және мұнай химиясы салаларында белсене жұмыс істеп жатқандары үшін британ инвесторларына алғыс айтты. Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен жұмысты жалғастыру үшін қажетті әлеует бар екенін атай отырып, еліміз инвесторларға аса қолайлы жағдай жасау ісін жалғастыра беретінін атап көрсетті.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, «J Rothschild Capital Management» компаниясы басқармасының төрағасы Лорд Джейкоб Ротшильдпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың келешегіне қатысты ойларымен бөлісті. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, Астанада құру жоспарланып отырған Халықаралық қаржы орталығы туралы айтты және серіктестік қарым-қатынастарды бұдан әрі нығайтуға мүдделілік танытты. Д.Ротшильд өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі қаржылық хаб мәртебесін алу үшін жақсы перспективалары бар екенін атап өтті.
Елбасымыздың «Арселор Миттал» компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лакшми Митталмен кездесуі барысында металлургия саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қазақстан Президенті әлемдік шикізат нарығындағы қазіргі өзгерістер салаға әсер ететініне назар аудара отырып, осыған байланысты компаниядан өндіріс қарқынын сақтау үшін зор күш-жігер талап етілетінін атап өтті. Ал Л.Миттал шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
04-11-05-05
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хикма Фармасьютикалс» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Саид Дарвазамен де кездесті. Кездесу барысында фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Елбасы компанияның Қазақстандағы қазіргі жұмысының мемлекетіміз үшін елеулі маңызы бар екенін айтты. С.Дарваза өз сөзінде республикамызда фармацевтика саласының даму әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы «Рио Тинто» компаниясының бас директоры Сэм Уолшпен кездесуі кезінде геологиялық барлау саласындағы бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асырудың негізгі аспектілері қарастырылды. Тараптар, сонымен қатар, заманауи іздеу және барлау технологияларының трансферті, сондай-ақ, Қазақстан мамандарын оқыту сияқты ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Мемлекет басшысы бірлескен жұмыстың жемісті әрі табысты болатынына сенім білдірді.
«Қазақстан аумағы ресурстарға бай. Осыны ескере отырып, сіздің компанияның жұмысынан зор нәтижелер күтеміз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ал С.Уолш компания Қазақстанда біраз бір уақыттан бері жұмыс істейтінін және «Рио Тинто» үшін біздің ел қызығушылық тудырып отырғанын айтты.
Бұлар – Елбасының Ұлыбританиядағы ресми сапарының бірінші күні болып өткен оқиғалар. Ал кеше, яғни сапардың екінші күні Ұлыбритания жерінде өткен маңызды оқиғалардың бірі осы елге ресми сапармен келген Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Ұлыбритания Патшайымы ІІ Елизаветаның Букингем сарайында қабылдауы, түстік аста бас қосуы болды. Әдетте, бұл елге ресми сапармен келген мемлекеттер басшыларын Патшайым ІІ Елизавета көбіне-көп қабылдай бермейді. Сондықтан, мұны біз Ұлыбритания жерінде Президентімізге көрсетілген ерекше құрмет деп түсіндік.
Нұрсұлтан Әбішұлымен ІІ Елизаветаның арасында бұрыннан сыйластық қарым-қатынас қалыптасқан. Егер оның тарихына назар аударсақ, 1991-2014 жылдар аралығындағы кезеңде Қазақстан Президентінің Ұлыбританияға сегіз сапары (1991, 1992, 1994, 1997, 2000, 2006, 2012 және 2013 жылдары) жасалғандығын бұрнағы күнгі мақаламызда айтқан болатынбыз. 2002 жылдың 15 қарашасында Букингем сарайында өткен кезекті кездесуде ІІ Елизавета Елбасын ядролық қарудан бас тарту жолындағы қызметі үшін «Әулие Михаил мен Әулие Георгий Орденінің Үлкен Кресімен» марапаттаған еді.
Ал Елбасы осы жолғы кездесу барысында Патшайымға Біріккен Корольдікке сапарының қорытындылары туралы әңгімелей отырып, екі жақтың арасында көптеген келісімдердің жасалғанын ризашылықпен атап өтті. Қазақстан Президенті еліміздің сыртқы саясатында британдық вектордың маңызы жоғары екенін, оған елдеріміздің арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстар ғана емес, іскер топтардың, академиялық қоғамдастықтардың, сондай-ақ, екі мемлекет ведомстволарының арасындағы мықты серіктестік байланыстар да айғақ болатынын айтты.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан Қазақстан экономикасын жаңғырту жөніндегі реформаларға және осы үдерісте британдық капиталдың атқара алатын рөліне тоқталды.
ІІ Елизавета Патшайым да өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондонға ресми сапарының қорытындыларына жоғары баға беріп, оның нәтижелері екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Біріккен Корольдік халықтарының өркендеуіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Жалпы, Патшайыммен қатар, оның отбасы мүшелері де Қазақстанмен біршама жақсы таныс деп айтуға болады. Мәселен, оның балалары Анна ханшайым мен Чарльз ханзада, сәйкесінше 1993 жылдың шілде айы мен 1996 жылдың қараша айында Қазақстанда болып қайтты. Сонымен қатар, Елбасы Патшайымды әрқашан айтулы даталармен (туған күн, үйлену тойы, т.с.с) құттықтап отырады. Атап айтқанда, 2011 жылдың 29 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев II Елизаветаны туған күнімен және Уильям ханзаданың үйлену тойымен құттықтады.
2015 жылдың 20 сәуірінде Қазақстан Республикасының Ұлыбритания мен Біріккен Корольдіктегі елшісі Ержан Қазыханов Патшайымға Н.Ә.Назарбаевтың сәлемін жеткізе отырып, Сенім грамотасын тапсырды. Рәсім кезінде Қазақстан елшісі екіжақты саяси, экономикалық, білім беру және мәдени қарым-қатынастар дамуының жоғары қарқынын атап өтті. Өз кезегінде, Патшайым ІІ Елизавета екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың және кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
II Елизавета – жасы бойынша Ұлыбритания тарихындағы ең көп жасаған британ (ағылшын) монархы. Қазіргі таңда ол Британия тағында билік құру ұзақтығы бойынша рекорд жаңартушы болып табылады. Ал дүниежүзі бойынша қазіргі таңда мемлекет басқарып отырғандардың ішінде жоғары қызметте ең ұзақ отырушылардың бірі. Сонымен қатар, қазір мемлекет басындағы барлық әйелдердің ішіндегі ең егдесі, ал Еуропадағы ең жасы үлкен мемлекет басшысы. Елизавета Патшайым тұсында Британия монархиясында көптеген тарихи оқиғалар болды: мәселен, Британия империясы ыдырап, Ұлттар достастығының құрылғандығын айқындайтын елдерді отарлаушылықтан бас тарту үрдісі аяқталды.
II Елизавета ескі билік дәстүрі келмеске кете бастаған осынау күрделі кезеңде өзінің қызметі мен жеке басының қадір-қасиеті арқылы Британия монархиясының абыройын сақтап қала алды және оның Ұлыбританиядағы абыройы мен беделін әлі күнге дейін түсірмей келеді. Мәселен, Британия қоғамында қалыптасқан сана мәселесіне келсек, қазіргі таңда британдықтардың басым көпшілігі II Елизаветаның қайраткерлігіне оң баға береді (жұрттың 69 пайызы монархиясыз ел жағдайы жаман болар еді дейді, 60 пайызы монархия елдің беделін, яғни имиджін басқа әлем елдерінің алдында көтереді деп есептейді, тек 22 пайызы ғана монархияға наразылықтарын білдірген).
Негізінен, Патшайым саясатқа араласпайды. Алайда, ол өзінің ұзақ жылдар бойы билік еткен кезеңінде көптеген премьерлермен және басқа да елдердің басшыларымен жұмыс істегендіктен, оның кеңестеріне жіті көңіл аударылады. Сондай-ақ, II Елизавета қайырымдылықпен және қоғамдық қайраткерлікпен белсенді айналысады. Британия Патшайымы 600-ден астам қоғамдық және қайырымдылық ұйымдарының қамқоршысы болып табылады.
Өзінің осы және тағы да басқа қызметтерімен қоса, II Елизаветаның монархия (айрықша құзырет) сияқты ажыратылмайтын құқықтары бар. Мәселен, Патшайымның парламентті таратуға, сондай-ақ, премьер-министрдің кандидатурасын алып тастауға құқығы бар.
1952 жылы патша тағына отырғаннан кейін Елизаветаға әкесі VІ Георгтан жеті мемлекет, атап айтқанда: Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка, Пәкістан және Цейлон аралдары мұра ретінде қалдырылды. Ұлыбритания қол астында болған бірқатар елдер тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін II Елизаветаның билігі бірқатар жаңа мемлекеттерге тарады. Осылайша II Елизавета өзінің 52 жылдан астам уақыт ішінде 32 мемлекеттің монархы болып үлгерді. Қазіргі кезде II Елизавета жалпы саны 128 миллион адамды құрайтын Еуропа, Америка, Кариб бассейні және Океания аумағында 16 мемлекеттің басшысы болып табылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сапарының соңында Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хэммондпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар және өңірлік қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Қазақстан Президенті Ұлыбритания премьер-министрімен өткен келіссөздер жемісті болғанына, нәтижесінде тараптардың барлық бағыттар бойынша, соның ішінде экономикалық және саяси мәселелерге қатысты өзара түсіністік тапқанына назар аударды. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасында өзара ықпалдастық жөніндегі арнаулы комиссия құру туралы жоспарды оң бағалады, бұл комиссияның міндеті Қазақстан мен Ұлыбританияның барлық уағдаластықтарын нақты жүзеге асыру болмақ.
Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэрмен кездесуінде инвестиция саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы сөз болды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті ұсынған іс-қимыл бағдарламасы елімізге әлемдік экономикада қалыптасқан ахуалды тиімді еңсеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Лондонда өткен бір қызық оқиға қазақстандық журналистердің «Ұлы Даланың оңтүстігіне таман: Томас және Люси Аткинсондардың Шығыс Қазақстанға 1847-1853 жылдарғы саяхаты» атты кітаптың авторы Н.Филдингпен кездесіп, сұхбаттасуы болды. Ник Филдинг – The Sunday Times газетінің бұрынғы қызметкері. Сол газетте қызмет істей жүріп, ол 2001 жылдың 11 қыркүйегі күні болған лаңкестік жайында егжей-тегжейлі және жүйелі жазған.
Қазіргі күні Н.Филдинг The Guardian, Sunday Times and The Telegraph басылымдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуде. China Outlook онлайн-журналының редакторы. Орталық Азия мен Сібірге бірнеше рет саяхатпен барып қайтқан. Биылғы жылдың 10-11 қыркүйегі күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Астанадағы ғылыми-практикалық конференцияға қатысқан.
Қорыта айтқанда, Қазақстан басшысының Ұлыбритания Біріккен Корольдігіне ресми сапары діттеген мақсатына жетіп, табысты аяқталды деуге толық негіз бар.
Дереккөз: егемен Қазақстан