Ұлт мақтанышы

/uploads/thumbnail/20170708203403213_small.jpg

Отыздан астам кітаптың авторы – әңгіме жазудың шебері, көрнекті прозашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында құрылған халықаралық Жазушылар одағының «Ұлт мақтанышы» төсбелгісімен марапатталып отыр.
Жазушыға үлкен жауап­кер­шілік жүктейтін халықаралық сыйлық Әлібек Асқаровтың өзі басқарып отырған ҚР Ұлттық кітапханасының ұжымы алдында табысталып, қазақ әдебиеті үшін айтулы оқиғаға Алматыдағы зия­лы қауым өкілдері ортақтасты. Жазушының «Социализм әңгі­мелері» мен «Әйел парасаты» топтамасына берілген төсбелгіні «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ шығармашылық бірлес­тігінің Қарағанды облысы бо­йынша өкілетті директоры Мұха­медқали Баймұханов тапсырды.
Әрі қазақ қаламгерлерінің де қауышып, дидарласуына септескен салтанатты оқиғада әдебиеттің, әңгіме жанрының төңірегінде тамаша пікірлер ай­тылды. Әлібек Асқаровтың қаламына арқау болған әйел жанының күрделілігі, ана па­расаты, қиындық көрсе қай­ыс­па­ған қазақ қыздарының көркем бейнесі туралы сөз болды. Көр­кем әде­биетке деген замана талабы, оқырман сұранысы жайлы мүд­делі ойлар ортаға салынды.
– Әлібек Асқаров – бүгінгі әдебиетіміздің көрнекті өкілі, қоғам қайраткері. Жазушының соны тәсіл, тың өрнектермен өрілген шығармалары эстети­калық тұрғыдан әсерлі, көр­кемдік деңгейі биік дүниелер. Сондай-ақ, ол шығармалар образ сомдаудағы өзіндік тәсілмен, бояуының қа­нықтығымен, та­биғатты сурет­теудегі нәзік на­қыштарымен да­раланады. Табиғаты тұнып тұрған Ка­тон­қарағай өңірінің тумалары – Қалихан Ысқақ, Оралхан Бөкеев сынды көркемсөз зергерлерінің лайықты ізбасары бола білген Әлібек Асқаров осы үрдісті жал­ғастырып келеді.
Әлібек Асқаровтың әрбір шы­ғармасы тылсым табиғатқа, туған жерге, ауыл адамдарына деген сүйіспеншілікке, жүрек жылуына толы. Жазушы шеберлігінің бір сыры – кез келген уақыт өзге­рістерін, заман талқысын оқыр­ман көз алдына келетіндей қазақ­тың қарасөзімен сомдай білуі, дейді әріптестері қаламгердің қолтаңбасы жайында.
Алматы зиялыларының рухани ордасына айналып келе жатқан Ұлттық кітапханада жалпы әдебиетке қатысты, оның ішінде, суретші-жазушы Әлібек Ас­қаровтың туындыларын даралайтын айшықты стилі хақында әдемі әңгіме өрбіді.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар