Торғайдан қандай әңгіме басталса да, оның тарихына тоқтамай кету мүмкін емес. Ғафу ақын «Тарихтың тастап кеткен арбасындай» деп жырлаған бұл өңірдің өткені таңғаларлық және тағылымы бөлек. Бүгін де Торғай өңіріндегі Қабырға өзенінің бойындағы бір қауым ел облыс орталығынан 600-700 шақырым қашықта жатқан жерді жайлап отыр. Олар атам заманнан көшіп-қонып, сайын далаға мал өргізіп, емін-еркін жайлады. Әрісін айтпағанда, кешегі ХХ ғасырдың басынан басталған талай ауыртпалық белін қайыстырғанда қазекем туған жерді тастамады. 1922 жылғы «жұт қоянның» өзі халықты сансыратып, енді бауырын көтере алмастай еткенде де, қайтадан бір малын екеу етуге ұмтылған ғой. «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, ХХ ғасырда халқымыздан шыққан озық ойлы азаматтар отырықшы болып, егіншілікпен де айналысып, уақыт талап еткен өркениет көшінің соңынан ілесуді мақұл көрді. Кезінде қыпшақ Сейітқұл бабаның егін салып, елдің басын қосқан отырықшылыққа әрекеті де нақ осы Қабырға өзенінің бойында өткен. Отырықшы болса да, малын бақса да жайылымға су керек болды. Жаз бойы көктен тамшы тамбайтын Торғай аймағында табиғат ананың өзі тығырықтан жол тауып қойғандай еді. Торғай өзенінің салалары көктемде тасып, жан-жаққа су жайылып, шабындық, жайылым бітік болатын. Бірақ ол кезде Қабырға өзенінің суы төңірегіне жайылмай, жаз соңына дейін кейбір тұсы тартылып, ойдым-ойдым қара суға айналады екен. Су жайылмаған соң шабындық жоқ. Шабындық болмаған соң, малының жағдайына қараған ел шүйгін жайылым қуып, қу далаға тарыдай шашылып бет-бетімен кететін болған. «Қабырға өзені қаңсып жатады» дейді екен сол жерді жайлаған жұрт. Сондықтан Қабырға өзенінің суын ел игілігіне жарату туралы ойланған арда азаматтың бірі Айса Нұрманов болатын. Қысқасы, ол суы арнасын теппей, аяғы құрдымға барып, құмға сіңіп кететін осы өзенді ортасынан буып, айналасын албарлап кеңейтіп, бөгеуге тәуекел етті. Бұл күш атасын танымастың ісі еді.
Айсаның мақсатын Торғай топырағының тумасы, алаш ардақтысы Байқадам Қаралдин қолдап, үкіметтің осы іске қаржы бөлуіне ықпал етсе, Әліби Жангелдин бөгеттің жоба-сметасын жасау және оны салу жұмыстарына көмектесіп, арнайы экспедиция шығарды. Оны инженер Д.Букинин басқарған еді. Бұл инженер 1924 жылы «Торғай, Ырғыз өзендерінің суын пайдалану мәселесі» деген кітапша жазды. Албарбөгет жәй домбайлап салына салған жоқ. Оған Айса Нұрмановтың ізденуімен облыс орталығынан арнайы гидротехникалық мамандар шақырылды.
Қазір техниканың дамып, күншілік жерге көзді ашып-жұмғанша жететін кездің өзінде Торғайдың орталықтан алыстығы білініп қалады. Ал өткен ғасырдың 70-ші жылдарына дейінгі Торғайда жол қатынасы қалай болды дегенді ойлаудың өзі қиын. Албарбөгетке пайдаланылған бөренелерді 400 шақырымдағы Аманқарағайдан түйе керуенімен тасыды. Тасты да солай етті. Су екпіні топырақты жырып кетпеу үшін шыбықтан шыпта тоқылып, бөгеттің жел жақ бетіне топырақ салынған қапшықтар үйілді. Қысқасы, Қабырға өзенін бөгеген ұзындығы 18-20 шақырым болатын бөгет бір техникасыз, адамдардың таза қол күшімен салынды. Екі болыстың адамдары екі жыл бойы жаз шыққаннан мұз қатқанша осында топырақ тасып, жұмыс істеді. Тарихын тағылым деп білетін Торғай халқы осы бөгеттің салынуына қатысқан 160-қа жуық ауылдастарының атын жатқа біледі. Осылардың арасында әйелдер де аз болмаған.
– Жас келіншек кезі екен, Нұрпейістің Жұмакүлі деген апамыз екі-үш жігіттің жұмысын бір өзі атқарғанын айтып отыратын еді көзкөргендер, – дейді бүгінде Кәкімжан Кәрбозов ақсақал.
Міне, осылай адамдардың көзсіз ерлігімен, төзгісіз бейнетімен салынған Албарбөгет 1924 жылы басталып, 1926 жылы аяқталған. Қайран, Айса Нұрманов 1937 жылы ұйытқытып соққан жынды желдей саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып кете барды. Ал оның ерекше ұйымдастыру қабілетімен бас-аяғы екі-ақ жылда салынған бөгет 90 жыл бойы Торғай өңірінің ырысына айналды. Бөгелгеннен кейін Қабырға өзенінің ені 102 метрге дейін, тереңдігі 16 метрге дейін жетті, ұзындығы 95 шақырымды құрайды. Бөгет шамамен 55-60 миллион текше метрдей суды ұстап тұрады. Кеңес Одағы жылдары Албарбөгеттің батыс жағы 6 кеңшарды, Көкалат, Аралбай, Шеген, Ақшығанақ ауылдарын, Торғай кентін сумен қамтамасыз етті. Ал шығыс жағы Амангелді ауданындағы Крупская атындағы кеңшарды және Қабырға ауылын, Үрпек ауылын, Қараторғай, Сарыторғай шаруашылықтарын сулы етті. Көктемде өзен тасиды, шабындық пен жайылымдардың шөбі белуардан келеді. Ел тойынады. Шаруашылықтарда қой мен сиыр мыңдап өргені баршаға аян.
90-шы жылдары Торғайдағы шаруашылықтар талан-тараж болып, ауылдан сән түгіл мән-мағына кетіп, жұрт беті ауған жаққа үдере көшкенде Албарбөгеттің де күні біткендей көрінген. Қазір мал шаруашылығы дамып келеді, соған орай бөгет суы да қайтадан сұранысқа ие болып, ауылдардың ырыс-құтына айналды. Ол Көкалат ауылдық округінде 11 мың гектар, Аралбай ауылдық округінде 9500 гектар, Қалам-Қарасуда 6500 гектар, Шеген ауылында 10 мың гектар, Ақшығанақта 4,5 гектар шабындықты суландырып отыр. Жаңбыр өте аз жауатын өңірде шаруашылықтар малдың шөбін өсіріп, шауып алады. Жангелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғариннің айтуынша, шаруашылықтар 2011 жылдан бастап «Сыбаға» бағдарламасымен 1210 бас сиыр, «Алтын асық» арқылы 1200 қой, «Құланмен» 45 жылқы алған.
– Осы малдардың 70 пайызы Көкалат ауылдық округіне қарасты Албарбөгет ауылынан. Су болған соң малға шөп те, шабындық та мол, – дейді еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов.
2007 жылы тұрғындардың өтінішімен бөгетті қайта қалпына келтіруге мемлекеттік бюджеттен 73 миллион теңге қаржы бөлінді. Ұзындығы 17 шақырым болатын бөгетке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта қалпына келтірілді. Ол 2014 жылы иесіз қалған Албарбөгет жанашырларының шырылдауымен Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігіне қарасты Су ресурстары комитетінің балансына өтті. Қазір оған осы комитеттің шаруашылық жүргізу құқы бар республикалық мемлекеттік «Казводхоз» кәсіпорнының облыстық филиалы бір трактор, бір машина және мұрап бөлген. Маман шамасының жеткенінше оны қарап отыр. Бірақ 90 жыл да бір дәуір екен. Күн мен жел нені қойсын, таза топырақтан салынған бөгеттің әбден тозығы жетті.
– Алғаш салғанда бөгет құлақтарының биіктігі 2,5 метр, табаны 14 метр болған. Қазір бөгет аласарып, шөгіп, оның биіктігі 1 метр кейбір тұсы 1,5 метрден аспайды. Бірақ табанының биіктігі әлі де 14 метрден кеміген жоқ. Бұл бөгеттің әлі қызмет етер өмірі ұзақ деген сөз. Тек жөндеу жұмыстары қажет. Қанша дегенмен ол топырақтан салынған ғой, тозған жерлерін жүгірген аң ін қазып тесіп тастаған. Сол жерлерден су жырылып, үлкейе береді, су шығынына апарады, – дейді бөгеттің бүге-шігесін жақсы білетін «Еңбек» ауылының тұрғыны Кәкімжан ағай.
Тозған бөгетті әр жерінен өз бетінше жырып алатындар да жеткілікті екен. Жаныашымастардың жырған жерінен су тоқтамай, бет алдына кетіп, шығын болады. Мұндай бейбастақтық бөгеттің тозуын да тездетеді екен. Мемлекет меншігіндегі бөгетті бұлай әркімнің ойына келгенін істетпей, суды пайдалануды реттейтін де уақыт жетті. Жазымен тамшы тамбайтын өңірдегі Ұлытаудан келген көздің жасындай аз суды барынша мұқият пайдалануды ойластыру қажет. Өйткені, Торғай өңіріндегі ағайынның көшті тоқтатуы да, малды көбейтіп, ауылды қайта гүлдендіруге ұмтылып отырғаны да бір Албарбөгеттің арқасы. Сондықтан Торғайдағы ағайынның оған жөндеу жұмыстарын жүргізуге Үкіметтен қаржы бөлінсе деген тілегі бар. Айтпақшы, келер жылы Албарбөгеттің салынғанына 90 жыл толады екен. Торғайда суармалы шабындықтың, жайылымның, бақшаның пайда болғанына да 90 жыл! Шалғайдағы ағайын мерекенің қуанышы еселенер деген үмітпен отыр.
Дереккөз: егемен Қазақстан