Қызылордада Үйлестіру кеңесінің бірлескен мәжілісі болып өтті

/uploads/thumbnail/20170708203407525_small.jpg

АСТАНА. 4 қараша. Қызылорда облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және облыстық құқық қорғау органдарының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің бірлескен кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мәжіліске комиссия және кеңес мүшелері, мүдделі мемлкеттік органдардың басшылары, облыстық ішкі істер департаменті, кейбір кент, ауылдық округ әкімдері қатысып, өңірдегі ұрлық қылмысының профилактикасы мәселесін талқылады.
Нақтыласақ, 2015 жылдың 9 айында облыс бойынша 9,950 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген болса, оның 4,784 немесе 48,0 пайызы ұрлық қылмыстары құраған.
Талдаумен қамтылған мерзімде 4,784 ұрлық қылмысы тіркеліп, олар өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 220-ға немесе 4,8 пайызға артқан.
Бұл санаттағы қылмыстар Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары, Байқоңыр қаласында өскен болса, ал Қызылорда қаласы, Арал, Жалағаш, Сырдария аудандарында төмендеген.
Кәмелетке толмағандардың арасында ұрлық қылмысы өзге қылмыстарға қарағанда кең таралып отыр.
Осы мерзімде 136 қылмыс бұрын құқық бұзушылық жасағандармен, 630-ы жұмыссыздармен, 31-і жұмыс істейтіндермен, 54-і білім беру ұйымдарында оқитындармен жасалса, қылмыс жасау барысында 128 адам алкогольді еліту жағдайында болған.
Облыстың елді мекендердегі тұрғындары, негізінен мал шаруашылығымен айналысып, халықтың қосалқы, кей жанұялардың негізгі күн көріс көздерін құрайды.
Салыстырмалы кезеңде мал ұрлығы қылмыстары 153-ке артып, осы кәсіп түрімен айналысатындарға орасан залал әкелуде.
Прокуратура органдарымен қалыптасқан ахуалға жасалған талдау нәтижесімен мал ұрлығының өсіп, криминогендік сипатталуына келесі себептер негіз болған.
Біріншіден, малдардың көбісі өрістен ұрланып, жоғалуда. Яғни, қылмыскерлер малдардың жайылымда қараусыз жүргенін пайдалануда. Мысалы, 693 мал ұрлығының 537-сі, немесе 77,5 пайызы өрісте орын алған.
Екіншіден, жалпы облыс көлеміндегі 147 ауылдық округтың 66-сында ғана пада ұйымдастырылып, бақташымен қамтылған. Яғни, олардың көбісі ұжымдасып бақташы жалдап, мал жаюды ұйымдастырмаған. Бұл да қылмыскерге ұрлық жасауға оңтайлы сәт туғызады.
Үшіншіден, бүгінгі күні облыс көлемінде жалпы 755 405 мал құжаттандырылған. Дегемен де, мал санын түгендеу жұмыстары облыс көлемінде толық атқарылды деп айтуға ешкім кепіл бере алмайды.
Есептің болмауы қылмыстың орын алынуының бірден бір себебі. Бұл – малды құжаттандыруға, таңба, ен салуға қатысты.
Төртіншіден, малды өткізетін, сойылған малдың етін қабылдайтын және соятын орындар қызметіне тиісті бақылаудың болмауы.
Бесіншіден, осы санаттағы қылмыс жасағандардың әлеуметтік портретін жасау нәтижесінде, қылмыстың бұл түрінің жасалуының бір себебі – күн көріс төмендігімен де байланысты екені анықталды, ұрлықты көбінесе жұмыссыз жүрген 30-ға дейінгі жастағы ауыл тұрғындары, жекелеген жағдайларда бұрын мал ұрлығы үшін сотталғандар жасаған.
Алтыншыдан, өрістен кеткен малдардың ұрланғаны туралы дер кезінде жергілікті ішкі істер органдарына хабарламай, апталап өздері іздеулеріне орай, қылмыскерлердің ізі суып, қылмыстың ашылуына кері әсерін тигізуде.
Өткен мерзімде соттарда ұрлықа байланысты 267 адамға қатысты 196 қылмыстық іс қаралып, 74 адам бас бостандығынан айырылды.
Қызылорда облысының аграрлық өңір екенін, халықтың басым көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысатынын ескере отырып, мал ұрлығымен күресті ортақ міндет деп танып, қылмыстың бұл түрін алдын алу, болдырмау және жолын кесу бағытындағы іс-шараларды бірігіп іске асыру қажеттігі айтылды.
Қылмыстың бұл түрімен күрес жағдайы облыстық прокуратураның ұдайы назарында болып, бұл тұрғыда мал ұрлығының төл құжаты жасалды және олар жыл сайын жаңартылып, жетілдіруде.

Дереккөз: егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар