Жұмыс сапарымен Қостанайға келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов партияның облыстық филиалының кезектен тыс ХХІ конференциясына қатысты. Облыстың, ауданның басшылары, кәсіпкерлер, партия белсенділері қатысқан облыстық филиалдың бұл конференциясында алдымен филиалдың жаңа төрағалығына өңірдің жаңа басшысы Архимед Мұхамбетов бірауыздан сайланды.
Асқар Исабекұлы филиалдың партия ісінде тәжірибесі мол жаңа басшысына табыстар тілеп, оның жұмысын алдағы уақытта биіктерге көтеретініне сенім білдірді, куәлігін табыстады. Өз кезегінде облыстық филиалдың жаңа төрағасы, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те барлық игі тәжірибелерін партия жұмысының жақсаруына жұмсайтынын мәлімдей отырып, өзіне артылған сенім үшін рахмет айтты.
Облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова баяндамасында бастауыш ұйымдар жұмысына нақты тоқталды. Облыстық филиал партияның еліміздегі ең ірі ұйымдарының бірінен саналады. Бүгінде партияның облыстық құрылымында 22 филиал жұмыс істейді. Партия мүшелерінің саны 61 213 адам болып отыр. Жыл басынан бері партия қатарына қабылданған 2 459 адамның 1 894-і шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері. Әлия Сүйіндікқызы мұны Орталық аппараттың партия қатарын толықтыруда жалаң саннан сапаға назар аудару жөніндегі қойып отырған талабын орындауға бағытталған жұмыстардың бір сарасы екенін айтып өтті.
– Облыста 445 бастауыш партия ұйымы қызмет жасайды. Бұл ұйымдардың желісін ұдайы жетілдірумен қатар, олардың қызметін әрбір азаматтың өміріне оң ықпалын тигізе алатындай тиімді деңгейде ұйымдастыру бағытында ізденіп келеміз. Өткен жылы ірілендірілген бастауыш партия ұйымдарының ішінен 1000-нан астам партия топтары құрылды, – деді облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әлия Сапарова.
Сапа болу үшін бастауыш партия жетекшілерінің саяси жұмыс, партия талабы мен оның мақсаты туралы білімі мен білігі көтерілуі тиіс, сонда ғана жергілікті жерлерде атқарылған жұмыстар жандана түсері хақ. Сол үшін облыс өңіріндегі 90 бастауыш ұйымның төрағалары партияның Орталық аппаратының Саяси менеджмент мектебі ұйымдастырған біліктілікті арттыру курстарында оқып келді. Бастауыш ұйымдар жұмыс істегенде ғана партия жұмысының нәтижесі болады. Олардың арасында да жұмыстың жүруіне ықпалы болар бәсеке, жарыс болуы тиіс. Бұл бастауыш ұйымдардың халықты өзіне көбірек тартуына ықпал етеді. Сондықтан «Ең үздік бастауыш партия ұйымдары» республикалық байқауы еліміздегі партия ұйымдарының халықпен тығыз байланыс орнатудағы әлеуетін, қабілеттері мен бүгінгі қызметін бағалауға жол ашты. Байқаудың аумақтық көлемдегі бірінші айналымының қорытындысы бойынша 342 бастауыш партия ұйымы іріктеліп шықса, облыстық сайысқа жеңімпаз болып танылған 43 ұйым өтті. Келесі республикалық деңгейге лайықты деген ұйым сараптаудан өтуде. Соңғы екі айдың ішінде 500 жұмыскері бар үлкен екі кәсіпорында партияның бастауыш ұйымы іске кірісті.
Конференцияда партияның бастауыш ұйымы жұмыс істейтін Меңдіғара ауданындағы «Қарқын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов сөз алды. Ол ауыл шаруашылығы жетістіктерімен қатар, алдан шығып отырған проблемаларға тоқталды. Мемлекеттің ауыл шаруашылығына жасап отырған қамқорлығы ұшан-теңіз екенін, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларының да пайдасын ауыл тұрғындары сезініп отырғанын, мал саны бұрынғыдан көбейіп келе жатқанын айтты.
– Дегенмен, кейбір мәселелердің шешімі қайта қаралмаса, ол ауыл шаруашылығындағы өнімділіктің төмендеуіне әсер етеді. Қазір майлы дақылдарға сұраныс үлкен. Алайда, дақылдың бұл түріне берілетін субсидия бұрынғыдай гектарына төленбесе, диқандар оның алқабын азайтуы әбден ықтимал. Сонымен қатар, майлы дақылдардың тұқымын сырттан аламыз. Оны өзімізде шығаратын жағдай жасалуы тиіс, сонда диқан шығыны азаяды, – деді Сайран Бәлкенұлы.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов осы жұмыстардың басты мақсаты Елбасы, партия Төрағасы атап өткендей, «қарапайым халықты толғандыратын өзекті мәселелерді ескерусіз қалдырмау, партияның өңірлердегі жұмысын нығайту» екендігін жеткізді. Жергілікті филиалдардың қадрлық әлеуетінің артқаны оларға жүктеліп отырған нақты жұмыстар сапасының артуына мүмкіндік беретінін атап көрсетті. Орталықта бұл мәселе ерекше назарға алынып, филиалдар қызметін бағалауға арналған нысаналы индикаторар әзірленгені айтылды. Партия филиалдары жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында партия Төрағасының бірінші орынбасары мен өңірлік филиалдар арасында меморандумға қол қойылмақ. Бұл құжат нақты көрсеткіштер мен индикаторлар арқылы «Нұрлы Жол» бағдарламасын, сол сияқты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыруды, бюджеттің атқарылуына партиялық бақылау жүргізуді қарастырады.
Асқар Мырзахметов Елбасы қойған міндеттерді орындау барысында партия ықпалын күшейту үшін партия ішінде жасалып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ғимаратында облыстың таңдаулы белсенді жастарымен кездесті. Асқар Исабекұлы жастардың бүгінгі күннің өзекті мәселелерін қозғаған түрлі сұрақтарына жауап берді. Сапарының соңына қарай, Асқар Мырзахметов Қостанай қаласындағы желтоқсан айында тапсырылатын көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жұмысымен танысты.
Дереккөз: егемен Қазақстан