Таяуда облыс орталығында көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қаладағы Сібір көшесі 87 үй мекен-жайы бойынша орналасқан жаңа үйден 108 отбасы пәтер алып, қуанышқа кенелді. Ал, қуанышқа кенелген бұл тұрғындар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары болып табылады. Құрылысы өткен жылдың ортасында басталған тұрғын үй дәл уақытында берілді, үміт ақталды, деп отыр салымшылар. Яғни, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшылары мен жалгерлік тұрғын үйге кезекте тұрған адамдар пәтер алды. Пәтер кілттерін облыс әкімі Қанат Бозымбаев табыстады.
– Өңірде Елбасының қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған саясаты іске асырылуда. Жыл соңына дейін облыс орталығындағы Толстой көшесі 96, Гагарин-Ворушин көшелерінің қиылыстарында орналасқан тағы екі үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл кезде қаланың 144 тұрғыны жаңа пәтерлерге қол жеткізеді, – деп атап өтті облыс әкімі.
Қоныс тойын тойлағандардың бірі – Дәуітовтер отбасы. Олар сегіз жыл бойы жалдамалы пәтерде тұрыпты. Бүгін міне, жас отбасы жеке пәтерге ие болды.
– Енді қыздарымыз Әдия мен Айзараның өз бөлмелері бар, – дейді аналары Айгүл.
Банк басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, пайдалануға берілген бұл үй өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Яғни, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» бойынша тұрғын үй құрылысының бірнеше бағыты іске асырылуда. Олар кредиттік тұрғын үй, жергілікті атқарушы органдар арқылы кезекте тұрған тұрғындарға берілетін жалгерлік тұрғын үй, жас отбасыларға арналған жалгерлік үй, коммерциялық тұрғын үй, «ҚИК» АҚ арқылы берілетін тұрғын үй және жеке тұрғын үй құрылысы болып жалғаса береді. Сондықтан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің де қосқан үлесі мол.
Дереккөз: егемен Қазақстан