Кеше елордада Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің қатысуымен Еуразиялық ықпалдастықтың негізгі мәселелеріне арналған Астана клубының I отырысы болып өтті.
Астана клубы Еуразия аймағының өзекті даму мәселелерін талқылауға арналған халықаралық пікірталас алаңы деп танылды. Клубтың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Әлемдік экономика және саясат институты. Клубтың әріптестері жетекші зерттеу орталықтары: Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германияның сыртқы саясат жөніндегі кеңесі, Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі, Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қоры.
Астана клубының алғашқы отырысына АҚШ, Ресей, Еуропалық кеңес, Қытай, Түркия, Иран және өзге де елдерден 50-ден астам экономика, саясат, халықаралық қатынастар саласындағы жетекші сарапшылар жиналды. Олар аймақтың дамуына ықпал ететін өзекті мәселелерді Ресей мен Батыс арасындағы дағдарыстың қандай қауіптер тудыратынын және қандай мүмкіндіктер әкелетінін, Қазақстан Батыс пен Шығыс арасындағы көпір бола ала ма деген мәселені, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» атты жаңа инфрақұрылымдық жоба дамудың қандай мүмкіндіктерін ашатынын, көлік дәлізінің бәсекелестігі қандай жолға апаратынын талқылады.
Клубтың бірінші отырысында бірлескен баяндама жасалды, онда аймақтың басты кейіпкерлері Ресейдің, Қытайдың, ЕО елдерінің, АҚШ-тың және Қазақстанның мүдделері, сондай-ақ, күшті және әлсіз жақтары сипатталған. Талқылаудың қорытындысы бойынша баяндама толықтырылып, жақын арада халықаралық сарапшылар қауымдастығына ұсынылатын болады.
«Еуразиялық экономикалық одақ әлі күнге дейін бізден Қазақстан ұстанымын сұрайды. Еуразиялық ықпалдастық туралы тұңғыш идеяны 1994 жылы Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы ММУ-де оқыған дәрісінде Президенттің өзі жария еткен болатын. Біз ол жобаны қолдаймыз, бірақ оған прагматикалық және практикалық тұрғыда, экономикалық одақ ретінде ғана, саяси астары жоқ жоба ретінде қараймыз. Біздің ұстанымымыз осындай», – деді Премьер-Министр К.Мәсімов.
Сонымен қоса, ол Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің барлық дерлік мемлекеттерімен көпвекторлы және бейбіт қарым-қатынастар ұстанып келе жатқанын және Ресей мен Қытай біздің стратегиялық серіктестеріміз екенін, ал Еуропалық одақпен алдағы желтоқсан айында серіктестіктің серпінді келісіміне қол қойылатынын айтты.
«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйек, қазан, қараша айларындағы сапарларын қарайтын болсақ, географиясы сан түрлі. Ол әлемнің барлық ірі «ойыншыларымен» кездесті десе де болады. Президентіміз жақында ғана Ұлыбритания мен Франциядан оралды. Барлық осы кездесулер бір-бірімен тығыз байланысты», – деді К.Мәсімов.
Джорджтаун университеті Еуразияны, Ресей мен Шығыс Еуропаны зерттеу жөніндегі орталығының директоры Анджела Стент жаңа пікірсайыс алаңын құру маңыздылығын атап көрсетті. «Еуразияны дамыту мәселелерінің дәл осы Қазақстанда талқылануының өзі қисынды. Ел көпвекторлы саясат жүргізеді және түйісу нүктелерін іздеген үнқатысуда «адал брокер» бола алады», деп атап өтті Стент ханым.
«Біз Астанаға Еуразиялық өңірдің даму мәселелері бойынша өз ұстанымдарын ашық әңгімеде бүкпесіз білдіре алатын беделді халықаралық сарапшылардың келгеніне қуаныштымыз. Мұндай үнқатысу өте маңызды, өйткені, бүгінде Еуразия әлемнің басты назарында тұр – ЕАЭО-ны құру, «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасының басталуы сияқты аса маңызды геосаяси оқиғалар дәл осы жерде өтуде», деп атап көрсетті Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Халықаралық экономика және саясат институтының басшысы Сұлтан Әкімбеков.
Дереккөз: Егемен Қазақстан