Қоғамдық келісімге құрылған келелі кеңес
Кеше «ҚазМедиа» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» ІІ Халықаралық медиа-форумы өтті. Шара аясында ҚХА этностық бұқаралық ақпарат құралдарының көрмесі мен «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» фотокөрмесі де ұйымдастырылды.
ERA_8779+Маңызды мәселелер көтерілген медиа-форум
Көрме негізінен Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын қорытындылауға арналған. Сонымен қатар, мұнда Ассамблеяның жыл бойғы жұмысын көрсетудегі бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар да қойылыпты. «Этносаяси және гуманитарлық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының вице-президенті Ғазиз Телебаев былай деді: «Бұл шараның өзге медиа-форумнан ерекшелігі – қоғамдық келісім мәселелеріне арналғандығында. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы мәселелермен айналысады. Бейбітшілік пен келісім мәселелерін қалай талқылау жайы және де қандай ережелер сақталуы тиіс деген тақырыптар төңірегінде өзекті мәселелер талқылануы да сондықтан».
Жалпы, мұндай маңызды іс-шараның «ҚазМедиа» орталығында өткізілуінің де астарында үлкен мағына жатыр. Өйткені, шараға негізінен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Бұдан басқа, аталған медиа-форумға этномәдени бірлестіктер бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары да келді. Сонымен қатар, сегіз елден: БАӘ, ҚХР, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Латвия және Белоруссиядан халықаралық сарапшылар қатысқандығын айта кету керек. Шара барысында әлемде орын алып жатқан жағдайларға талдау жасала отырып, журналистердің жауапкершілігін арттыру бағытында пікір алмасылды.
Негізгі талқылаулар үш панельдік сессия: «Қоғамдық келісім мәнмәтініндегі медиамәдениет», «Журналист – медиатор: мүмкіндіктер мен перспективалар» және «Қоғамда бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға блогерлік сала мен әлеуметтік желілердің әсері» тақырыбында өткен отырыстарда кеңінен өріс алды.
Оның біріне, яғни «Қоғамдық келісім мәнмәтініндегі медиамәдениет» атты тақырыпқа арналған панельдік сессияға танымал журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп модераторлық жасады. Мұндағы басты мәселе этножурналистикада қателікке бой алдыру үлкен кикілжіңдерге алып келері, сондықтан кез келген ақпарат жан-жақты екшеліп барып таратылуы жайы әңгіме өзегіне айналды. Бұл тұрғыдан келгенде, этносаралық қарым-қатынастар мәселесін жазуда журналиске артылар жүк те ауыр болмақ. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын ашып көрсетуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы да артып отырғаны сондықтан. Елбасының сарабдал саясатын насихаттауда, қазақстандықтарды бір мүддеге жұмылдыруда этножурналистердің алар орны ерекше. Өз кезегінде Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде Президенттің өзі осындай этносаралық қарым-қатынастар мәселесімен тікелей айналысып отырған жағдай байқалмайтындығымен бөлісті.
Ал «Астана» радиосының директоры Гүлмира Қаракөзова модераторлық еткен «Журналист – медиатор: мүмкіндіктер мен перспективалар» тақырыбындағы панельдік сессияда журналист медиатор бола ала ма, деген сұрақ төңірегінде бірқатар пайымдар ортаға салынды. Бұл ретте, Еуразия ұлттық университетінің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметовке Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Этностық мәселелер жөніндегі кәсіби медиация орталығын құру жайы сұралды. Оған жауап ретінде кәнігі журналист медиация тек экономика мен заң саласында ғана болатынын, ал идеология жағынан болмайтындығын нақты мысалдармен түсіндіруге тырысты.
«Піл мен құмырсқаның идеологиясын түйістіруге келмейді. Олар әртүрлі жағдайда өмір сүреді. Кез келген кішігірім халықтың арманын үлкен топтың ойымен салыстыруға болмайды. Өйткені, онда әртүрлі мүдделер жатады. Сіздер сығандар мен ағылшындарды жарастыратын ортақ сөз таппайсыздар. Әртүрлі жағдайлар. Сондықтан медиация мәселесі экономикалық және заңдық мәселелерді қараған кезде маңызды әрі қажет», деді Ғаділбек Мінәжұлы. Ол бұл ретте мәдениет пен идеология мәселесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы осыларға тиісті тетіктерді тауып отырғандығына, алайда, оның медиациядан тыс жатқандығына назар аудартты.
«Қоғамда бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға блогерлік сала мен әлеуметтік желілердің әсері» деген тақырыпта өткен панельдік сессия жұмысын белсенді талқылаған беларусьтік белгілі саясаттанушы, Интеграция орталығының директоры Владимир Решетов интернет желісінің қаншалықты өз елінің қауіпсіздігіне қатер төндіргенімен бөлісіп отырды.
Бұдан кейін бірқатар сарапшы өздерінің шеберлік-сабақтарын өткізді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасөз және электрондық БАҚ кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева «Қазақстан халқының этносаралық құндылықтарын зерделеу: медиа-технологияларды әзірлеу» тақырыбында шеберлік-сабағын өткізді. Қазақстан үшін этносаралық қарым-қатынастар өте үлкен жауапкершілік жүктейтіндігін алға тартқан профессор этностар достығының моделін жасаған Қазақстан үшін журналистерге арналған форумның мәні басым екендігін тілге тиек етті. Бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық саясаты қандай бағытта болуы керектігі тұрғысында сөз қозғаған Г.Сұлтанбаева бірнеше тақырып бойынша ойын өрбітті. Соның бірі Елбасының «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының тұғырнамасын жасап бергендігіне қатысты болды. Қазақ елі тәуелсіздіктің жиырма жылы бойында осы идеяны іздеумен болса, енді бұл идея ұлтты біріктіріп отыр, деді ол.
Келесі шеберлік-сабағын Латвиядан келген сарапшы, «Вести сегодня» газетінің шолушысы Владимир Решетов өткізді. Оның таңдаған тақырыбы «Журналистік тергеу жүргізудің әдістемесі» деп аталады. Оның айтуынша, кеңестік кеңістіктегі журналистика соңғы 20-25 жылдың ішінде қадірлі де қауіпті кәсіпке айналып отыр. Әр елде журналистік тергеу жүргізудің әдісі әртүрлі болып келе жатқанымен, журналистер шындықты қоғамға жеткізуде, соның ішінде сыбайлас жемқорлықпен күресте, есірткі саудасымен күресте, заңсыз көші-қон мен шенеуніктердің заңсыз әрекеттерімен күресте өз бастарын қатерге тігулеріне тура келеді екен.
Тағы бір шеберлік-сабағын «New Baku Post» газетінің бас редакторы, журналист-саясаттанушы, ТМД елдері сарапшылары лигасының мүшесі Тофиг Аббасов өткізді. Оның шеберлік-сабағы «Блоггинг – контентті ілгерілетудегі заманауи тренд» деп аталды. Ол негізінен блогердің жан-жақты болуы керектігін, өз жазбаларын тартымды етуде шеберлік танытуы қажеттігін ортаға салды.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет»
Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ халықаралық медиа-форумы «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» деген тақырыппен өткен пленарлық сессиямен жалғасты, оны ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашты. Бұл форумның «Бейбітшілік және келісім» – деп аталуы тегін емес. Себебі, 2015 жыл Президенттің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып белгіленді. Ел бірлігі мен қоғамдық келісім күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Ал Ассамблея жылы қайырымдылық пен ізгіліктің жылы болды десем, артық айтқандық болмас. Бұған үлкен іс-шаралардың өткізілуі – дәлел. Ал біздің атқарып жатқан жұмыстарымызды БАҚ өкілдері үнемі насихаттап отырды. Бұл журналистер қауымының Елбасының жүргізіп отырған ұлттық саясатын халыққа жеткізуде үлкен үлес қосқанын білдіреді, деді Е. Тоғжанов.
Пленарлық сессия барысында ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі, сонымен қатар, соңғы әлеуметтік сауалдамаларға сәйкес, бүгінде халықтың 98 пайызы біздің еліміздің азаматы екендігін мақтан тұтатындығын білдіргенін, 95 пайыз халық барлық басқа этностардың өкілдеріне оң көзқараста екендігін көрсеткенін жеткізді. Бұл ретте, Е.Тоғжанов бұл жай сандар еместігін, бұл елдегі шынайы ахуалдың нақты көрінісі және елімізде жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстардың айқын нәтижесі екендігін атап өтті.
Пленарлық сессияда сөз алған Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев Ассамблея жылы аясында көптеген іс-шара атқарылғанын, соның бірі осы медиа-форум екендігін айрықша атап өтті. Біз отандық мамандар мен шет мемлекеттерден келген қонақтарға осы шараға қатысқандары үшін алғысымызды білдіреміз. Елбасымыз айтқандай, «Ел бірлігі – ең асыл қасиет». Этносаралық түсіністік орнаған ел ғана алдына ауқымды мақсаттар қойып, соған қол жеткізе алады. Ал бейбітшілік пен келісімді нығайту «2050» Стратегиясын жүзеге асырудың ең басты критерийі, деді Б.Майлыбаев. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 15 тілде 60-қа жуық бұқаралық ақпарат құралы жарық көреді, оның ішінде этномәдени бірлестіктердің 34 газеті мен 26 сайты бар. Осы 60 БАҚ-тың барлығы да Ассамблеяның, бүкіл еліміздегі 960 этномәдени бірлестіктің қызметін жазып, көрсетуде. Олардың барлық өңірлерімізде 75 мың белсендісі бар. Міне, ҚХА-ның 20 жылдық жұмысы көрсетіп отырғандай, жыл сайын шамамен 3-4 млн. қазақстандық азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының тікелей желісімен жүргізілетін жұмыстармен қамтылып отыр. Осы себепті, бүгінде бейбітшілік пен келісімнің жалпықазақстандық мәдениеті дамып, ол біртұтастық және әралуандық қағидаттары негізінде байи түсуде. 17 жыл бұрын, яғни 1998 жылы еліміздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдары Журналистік этика туралы кодексті қабылдады, онда этносаралық қарым-қатынастар мәселесін насихаттау жайы қозғалған. Бұл кодекстің ережелері нақты жұмыс істейтін нормаға айналды. Яғни, оған сәйкес, қандай да бір қылмыстық оқиға туралы объективті түрде айтқан кезде, құқық бұзушының немесе зардап шеккен азаматтың этносы мен діни сенімі қозғалмайды. Бұл – өте маңызды қағидат, деді Б. Майлыбаев.
Өз сөзінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы көптеген маңызды іс-шаралардың, бастамалардың, жобалардың жүзеге асырылуының басы-қасында жүргеніне, олардың қатарына халықаралық медиа-форумды жатқызуға болатынына тоқталды. «Қазақстандағы этносаралық тепе-теңдікті және қазіргідей мультиэтностық қоғамдағы бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірнеше шарты бар. Біріншіден, бұл ұлты мен тіліне, діні мен діліне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқығы мен барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беру елдің заңдарында нақты айқындалып, көрсетілген. Бүгінде бұл қағидаттар Қазақстанда нәтижелі жүзеге асырылуда. Мәселен, еліміздің Ата Заңында ешкім де ұлтына және тілінің алуандығына қарамастан, қандай да бір кемсітушілікке ұшырамайтындығы жазылған. Ал Конституцияда көрсетілген бұл қағидаттарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Парламенті бірқатар заң қабылдады. Бұл елімізде этносаралық тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз еткен тиімді құқықтық база қалыптасқанын білдіреді, деді ол. Сонымен қатар, М.Әшімбаев қандай да бір пиғылы мен ниеті бұлыңғыр қандай да бір топтардың қандай да бір «жабық жүйені» құрып, қоғамнан оқшауланып, өздері жасаған «ережелерге» сәйкес өмір сүрулеріне жол берілмеуі қажеттігін атап көрсетті.
Жиын барысында шетелден келген БАҚ өкілдері де сөз сөйлеп, этносаралық, конфессияаралық келісім, мәдени әралуандылық мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салды. Мәселен, «Диалог-Еуразия» журналының бас редакторы, Түркия журналистері мен жазушылары қоры Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Еркам Туфан Айтав былай деді: «Пікір алуандығының, біртұтас азаматтық қоғам қалыптастырудың жақсы жағы көп. Ал егер, керісінше болса, бұл азаматтардың құқықтарын шектеп, ол құқықтарға қайшы келеді. Мәселен, біз бір ұлтты мемлекеттерге арналған жүйенің тиімсіздігін, ондай мемлекеттердің өз мұраттарына жете алмай, көп қиыншылыққа тап болғанын білеміз. Бұдан шығатын қорытынды мынау: мемлекет ешкімді бөліп-жармауы керек. Барлық этностық топтарға бірдей қарау керек».
Ал «Синьхуа» ақпарат агенттігі Қазақстандағы өкілдігінің директоры Чжоу Лян мен «Әл Арабия» телеарнасының жүргізушісі Басель Хадж Джасемнің ойлары «полиэтностық мемлекетте этносаралық және дінаралық келісімге апарар бірден-бір жол – мықты ұлттық саясат» дегенге сайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиа-форум аясында, сондай-ақ, «Казахстанская правда» газетінің «ҚХА-20 жыл: бір ел – бір тағдыр» атты жинағы таныстырылды. Шара барысында газеттің бас редакторы Татьяна Костина өзінің сөзінде жинақ жайында толық мағлұмат берді. «Бұл – біздің басылымның екінші кітабы. Бірінші жинақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдық қызметіне арналған еді. Ал бүгін таныстырылып отырған басылымда ҚХА-ның соңғы 5 жылдағы жұмысына сараптама жасалған», деді ол. Т.Костинаның айтуынша, 7 бөлімнен тұратын кітапта ҚХА қызметіне толықтай шолу жасалып, басылымның Ассамблеяның сессияларына арналған мақалалар мен Елбасының сөйлеген сөздері топтастырылған.
Ассамблея қызметі – әлем елдері үшін үлгі
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» II халықаралық медиа-форумының аясында өткен шаралардың бірі «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы БАҚ-тың рөлі» тақырыбын қамтыған брифинг болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының тұтастық пен татулықты орнатудағы белсенді әрекеті сөз етілген бұл басқосуда түрлі пікірлер айтылып, тұщымды ойлар қозғалды. Оған депутаттар, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, республикалық және өңірлік БАҚ пен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Қытай, БАӘ, Ресей, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Латвиядан келген сарапшылар, ақпарат саласындағы отандық сарапшылар және Қазақстанда тіркелген шетелдік журналистер қатысты.
Жиынның модераторлары ретінде бекітілген «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов пен «24kz» телеарнасының шеф-редакторы Ерлан Игісінов брифингке қатысушыларға өзекті мәселелер төңірегінде түрлі сұрақтар қойып, спикерлерді ашық пікірге шақырды.
Қойылған сұраққа орай сөз алған ТМД елдері институтының Орта Азия және Қазақстан бөлімінің меңгерушісі, Орталық Азия бойынша сарапшы Андрей Грозин (Ресей Федерациясы) Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы, оның тәжірибесі Ресей тарапынан жоғары бағаланып келе жатқанын айта келіп, аталған салада бұқаралық ақпарат құралдарының алар орнына тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтудағы әрбір қадам өз жемісін беріп отыр. Сондай-ақ, ол ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының әлемде болып жатқан түрлі оқиғалар жөнінде хабарлар таратуына қатысты пікірін жеткізді.
«Әл-Арабия» телеарнасының жүргізушісі, саясаттанушы Хадж Басель (Сирия Араб Республикасы) өз кезегінде әлемдегі кейбір ақпарат құралдарының Ислам дініне байланысты жағымсыз хабарлар таратып отырғанына қынжылысын білдірді. Ислам діні, оның мақсат-мүддесі тұрғысында сөз қозғау біліктілікті қажет етеді. Біздің дінімізге жат қылықтарды, лаңкестік пен жауыздықты теліп көрсету білімсіздіктің салдары. Осы мәселеде абай болғанымыз жөн, деді Хадж Басель. Бұдан бөлек, ол бүгінгі Сириядағы ахуал жөнінде қысқаша әңгімелеп берді. Оның сөзіне қарағанда, Сириядағы мәселе тек елдің, аймақтың ғана емес, жаһандық деңгейдегі өте күрделі жағдай. Ахуал күн сайын ауырлай түсуде.
Ал Мәжіліс депутаты Ахмед Мурадов этносаралық және конфессияаралық татулықтың қаншалықты маңызды екенін әрбір азамат терең түсінуі керек екенін, осы салада атқарылған игі шараларға үнемі қолдау көрсету өз жемісін бермей қоймайтынын сөз ете отырып, Ислам дінінің әлемдік қауымдастықтағы рөлін, оның адамзатты тек бейбітшілікке шақыратынын атап өтті. Сонымен қатар, депутат Қазақстанда этносаралық және дінаралық алауыздықтың орын алуына түрткі болар ешқандай себептер жоқ екенін айта келіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бағытта жүргізіп отырған сарабдал саясатына назар аударды. Біздің Президентіміз әрбір сөйлеген сөзінде елдің татулығына, ынтымағына қатысты тұшымды ойларын айта отырып, конфессияаралық келісімнің маңыздылығына ерекше екпін береді. Қашанда ел ынтымағын бәрінен жоғары қоятын Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясына ауқымды міндеттер жүктеуде. Елбасының тапсырмаларын орындауда аталған қоғамдық ұйым бар мүмкіндігінше қызмет етуде. Мұның жемісін халқымыз көріп отыр, деді А.Мурадов. Сонымен бірге, ол қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының ел бірлігін сақтаудағы елеулі еңбегіне разы екенін білдірді.
«Синьхуа» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілдігі директоры Чжоу Лян (Қытай Халық Республикасы) модераторлар тарапынан өзіне қойылған сұраққа орай біздің еліміздегі ынтымақ пен бірліктің жасампаздығына қатысты өз ойын білдірді. Мен Қазақстанға келгелі бері көптеген игі істердің куәсі болып жүрмін. Әсіресе, маған ел азаматтарының өзара қарым-қатынастары, бір-біріне көмек көрсетуге құмар болып тұратыны ұнайды. Бұған күнділікті тіршілікте талай мәрте көз жеткіздім. Өзім де осында талай адамдардың құрметін көрдім. Адамдардың бойындағы ізеттілік мені әрқашан жақсы ойларға жетелейді. Қазақстанның халқы бейбітшіліктің, татулықтың қадірін терең түсінеді. Сондықтан да, ел ынтымағы үшін жасалған әрбір іске жұмыла кіріседі. Мен мұның жарқын мысалы ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін алға тартар едім. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елін бір бағытқа, бір мақсатқа жұмылдырып отырғанынан талайлар үлгі алуы тиіс. Бүгінгі әлем елдерінің Қазақстаннан үйренері көп, деді ол. Бұған қоса, қазақстандық ақпарат құралдарының Елбасы бастамаларын қызу қолдайтынына, елді ұйыстыра білер әлеуетіне көңілі толатынын жеткізді.
Жиын барысында сөз алған «Білім және мәдениет» телеарнасының директоры Александр Аксютиц (Қазақстан), «Диалог-Еуразия» журналының бас редакторы Еркам Туфан Айтав (Түрік Республикасы), саясаттанушы, Интеграция орталығының директоры Юрий Шевцов (Беларусь Республикасы) Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының басшысы Айгүл Сәдуақасова (Қазақстан), Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко (Қазақстан) және тағы да басқалар еліміздегі тұрақтылық пен орнықты даму жөнінде, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының қоғам өміріндегі рөлі тұрғысында өз ойларын ортаға салды.
Басқосу соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласында жыл сайын өткізетін «Шаңырақ» шығармашылық конкурсының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар ұйымның 20 жылдығына арналып шығарылған мерекелік медальдармен марапатталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
Жолдыбай БАЗАР,
Ләйлә ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.
*Лебіздер легі
Басель Хадж ДЖАСЕМ,
«Әл-Арабия» телеарнасының
Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ өңірлері бойынша өкілі:
– ІІ халықаралық медиа-форумның маңызы зор екендігін айта кетсем деймін. Себебі, бұл шара Қазақстан қоғамының әрі қарайғы дамуына оң ықпал ететін болады. Ал татулық пен бірлікті ту етіп отырған Қазақстанның ұлтаралық қарым-қатынастағы озық үлгісі өзге мемлекеттерді қызықтыратыны сөзсіз. Бұл қазақстандық жоба өзге мемлекеттердегі тұрақсыздыққа қарсы қолданылатын тетікке айналса деймін.
Қазақстан өзіндік ұстанымын жалғастырып, өңірде бейбітшіліктің орнауына үлесін қоса берсе деген тілегім бар. Екіншіден, медиа-форум татулық пен бірліктің қазақстандық үлгісімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Жалпы, БАҚ-тар турашыл бағыт ұстанса, ұлтаралық дүрдараздық орнамас еді деп білемін.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау облыстық «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі:
– Біздің журналистерге мұндай медиа-форум керек. Өйткені, осы салада көптеген өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан материалдарды беруде де ерекшеліктер керек болады. Осы тұрғыдан келгенде, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүрген әріптестерімнің біліктілігін арттыру бағытында осындай шаралардың өткізіліп тұруы маңызды.
Әсіресе, еліміздегі бірлік пен татулықты жазуда өте ұқыптылық қажет екенін айта кету керек. Қазақ «Бірлік болмай тірлік болмас» деп бекер айтпаған ғой. Мемлекетіміздің дамуы мен болашағы да осы бірлікпен тікелей байланысты екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан қоғамдық тұрақтылықты журналистердің насихаттағанын өте орынды санаймын.
Елизавета АБРАМОВСКАЯ,
Еуразия ұлттық университетінің студенті:
– Еліміз әртүрлі этнос өкілдерінің дәстүрлері мен мәдениетін дамытуды жолға қойған. Ең бастысы, қоғамымызда келісім мен бейбітшіліктің берік негізі қаланған. Кеңестік кеңістікте бірге болған қазіргі Украина жеріндегі, сондай-ақ, Таяу Шығыстағы, әлемнің басқа да түкпірлеріндегі қарулы қақтығыстар мен террорлық актілер дүниеде әлі де тыныштық орнамай отырғандығынан хабар береді.
Бұған керісінше, Қазақстанда бейбіт өмір қалыптасқан деп нық сеніммен айтуға болады. Еліміз бұл ретте көршілес отырған елдерге де қолынан келгенше қолдау көрсетіп келе жатқандығын да орнымен айта кеткен жөн. Осында келу себебіме келсем, әрине, блогерлерге арналған шеберлік-сабағынан тәлім алу жеке өз басым үшін өте-мөте керек нәрсе. Медиа-форумның осындайда беретін пайдалы әрі тиімді жағы көп болуы тиіс деп білемін.
Әшімхан ЖАНПЕЙІСОВ,
«Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының тілшісі:
– Халықаралық медиа-форумның берері мол. Үш бағыт бойынша өткен панельдік сессиялар, былайша айтқанда, тәжірибе алмасу алаңына айналды. Әсіресе, елімізде қалыптасқан этно-журналистика саласы дами түскен. Ұлттар достығы мәселесін көтеріп жүрген журналист қауымға жақсы бір кеңес беретін, тәжірибе алмасатын сараптамалық орталық десек те қателеспейміз.
Орайы келгенде, еліміздегі жүз жиырмадан астам этнос өкілдері тұрып жатқан қоғамды ұйыстыра білу тек биліктің ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының да міндеті деп білетінімді айта кетсем деймін. Баршамызды бір мақсатқа жұмылдырушы күш ортақ мүддеден туындайтыны анық. Олай болса, соны бұқара халыққа жеткізуде бұқаралық ақпарат құралдарына да үлкен жауапкершілік жүктеледі.
Ершат АСМАТОВ,
«Ұйғыр Авази» газетінің бас редакторы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық форумының біз сияқты этностық басылымдарға берері мол. Іс-шара барысында өз әріптестеріммен тәжірибе және пікір алмасуға үлкен мүмкіндік жасалды. Қазіргі алмағайып заманда білуге тиісті нәрселеріміз жетіп артылады. Медиа-форум осынысымен де құнды. Көкейімізде жүрген көптеген сауалдарымызға жауаптар ала аламыз.
Соңғы кезде басылымдарды жекешелендіру мәселесі көтерілуде. Бұл қадамға түпкілікті ойланып бару қажет. Себебі, егер жекеге өтетін басылым білімді де білікті, өз елін шын сүйетін патриот адамның қолына түссе жақсы. Ал керісінше болып шықса ше?! Әрине, ойланарлық жағдай. Жалпы, БАҚ-тардың күшімен еліміздегі бірлік пен келісімді қалыптастыруға болады деп санаймын.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру