Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Қоғамды демократияландыру үдерістерінде жергілікті өкілді органдардың, халық билігінің негізгі формасы ретінде, мәслихаттар мен жергілікті өзін өзі басқару органдарының маңызы өте зор.
Елбасы «Қазақстан жолы-2050 – бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың, ұлттың мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» деп баянды болашаққа бағыт сілтеген бағдаршамды айқындап берген болатын.
Бәсекелестікке қабілетті әлемдегі 50 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен Қазақ елі бұл межені бағындырып, енді әлемдегі ең дамыған озық 30 мемлекеттің қатарына қосылуға бағыт түзеп отыр. Өткен жылы облысымызда 274,3 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Яғни, 2013 жылмен салыстырғанда жалпы өндіріс көлемі 12,0 пайызға артты. Тамақ өнімдерін өндіру 1,2 есеге, жеңіл өнеркәсібі – 1,4 есеге, химия өнеркәсібі – 4,6 пайызға, фармацевтикалық өнімдер – 5,2 есеге, өзге металл емес минералдық өнімдер өткен жылдың деңгейінде – 100 пайыз, жиһаз жасау 1,2 есеге көтерілді. Электр энергиясын өндіру көлемі 1,5 есеге өсіп, 2742,3 млн. кВт/сағат құрады, жылу энергиясы 7,5 пайызға артты.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері жалпы 45,5 млрд. теңге сомасына кәсіпкерлердің 374 жобасына қаржылық қолдау көрсетілді. Тұрғын үй құрылысына жұмсалған инвестициялар өткен жылдан 5,1 пайызға артып, жалпы көлемі 258,1 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Білім беру, денсаулық сақтау жүйелерін қаржыландыруға бөлінген бюджеттік қаражаттар толығымен игеріліп, көптеген жаңа нысандар пайдалануға беріліп, әлеуметтік салалардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы едәуір жақсарды. Елді мекендерге ауызсу, газ құбырлары тартылуда. Жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылуда. Кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Мұндай мысалдарды әр ауылдан кездестіруге болады.
Міне, осындай оңды істердің бәрінде өкілеттіліктері мен біліктіліктері артқан депутаттар корпусы халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға атсалыса жүріп, облыс тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан жұмыстарда өз белсенділіктерін танытуда. Облыстық мәслихаттың бесінші шақырылымының құрамы негізінен өмірлік тәжірибелері мол, депутаттық қызметтің қыр-сырын жетік меңгерген халық қалаулыларынан жасақталды. Бұл шақырылымдағы депутаттардың еншісіне елді мекендерге ауызсу, газ құбырларын тарту, жолдарды жөндеу, көшелерді абаттандыру, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық деңгейін төмендету жөніндегі атқарылып жатқан қарқынды жұмыстар науқанына кез келіп отыр. Депутаттар сессияларда барлығы 600-ге жуық шешім қабылдады. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелері қаралды. Олардың ішінде, облыстың ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, жаңа технологиялар енгізу, қайта өңдеу, саланы техникалық жаңғырту, емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы, төтенше жағдайлардың алдын алу және оның зардаптарын жою, облыстық бюджеттің атқарылуы сияқты жоспарланған мәселелер қарастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің оған жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есебі тыңдалды. Сессияда депутаттар тарапынан облыс әкіміне бірқатар ұсыныстар енгізілді. Шақырылым басынан бері облыстық мәслихаттың шешімімен 16 адамға «Жамбыл облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Депутаттар мен атқарушы билік басшылары арасында іскерлік қарым-қатынас орнаған. Өздерін толғандырған мәселелермен депутаттар жергілікті билік өкілдері басшыларының қабылдауларында жиі болып тұрады. Өздерінің сайлау округтеріне қатысты мәслихат аппаратына келіп түскен арыз-шағымдарды тексеруге қатысады. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған, облыстық тәртіптік кеңестің және басқа да көптеген комиссиялардың құрамында өздерінің азаматтық өкілеттігін абыроймен атқаруда.
Бесінші шақырылымның депутаттары өз сайлаушыларымен 200-ге жуық кездесулер өткізді, онда коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің көтерілуі, жолдар сапасы, сумен қамтамасыз ету, газбен жабдықтау, тұрғын үй мәселелері, еңбекке орналастыру, мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын арттыру, тамақ өнімдерінің бағасын қалыптастыру, медициналық қызметті жақсарту, мал азығын дайындау, студенттердің жолақысына жеңілдік жасауға ықпал ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді.
Депутаттар жылдан-жылға сауал жолдау құқығын пайдалануда белсенділік танытып келеді. Соңғы үш жарым жылда депутаттар 130-дан астам сауалдар жолдады. Сауалдар Премьер-Министрге, Парламент депутаттарына, министрліктерге, облыстық басқармалар мен департаменттерге, әкімдіктерге жіберіліп отырды. Олардың 70 пайыздан астамы оң шешімін тапты.
Жалпы, облыстық мәслихаттың күнделікті тіршілігінде атқарылып жатқан шаруаларды тізбектеп шығу мүмкін емес. Облыс тұрғындары мен сайлаушыларымыз атқарылған істерге бағасын да беріп жатыр. Бүгінгі күні мәслихаттардың көш басынан көрінуі өкілетті және атқарушы биліктің іскерлігі мен нәтижелі жұмысы деп білемін.
Облыстық мәслихат жұмыс жүйесін жетілдіру арқылы алға қойған міндеттерін ойдағыдай орындап, қабылданатын шешімдерді әрқашан да өзекті және нақты мақсаттарға жетуге бағыттайды. Депутаттармен бірлесе отырып облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және рухани өсу жолындағы бағдарламаларды жүзеге асыруға және бұл мақсатта қаржының дұрыс бөлінуіне, әр жұмыстың уақытында орындалуын қадағалауға жауапкершілікпен қарап келеміз.
Бүгінгі күні еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлем танитын мемлекетке айналды. Мұның барлығы елдегі тұрақтылық, халықтар арасындағы бірлік пен ынтымақтастық арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан да ең алдымен, татулығымызды сақтап, береке-бірлігімізді жоғалтпауымыз қажет. Алда бірлесіп істейтін қыруар жұмыстар күтіп тұр. Біздің міндетіміз – Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды қысқа мерзімде орындап шығу. Біз ұлы мұрат жолында үйлесімді жұмыс істеуіміз қажет.
Бұл арқылы біз Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына енуін қамтамасыз ете аламыз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, сыйластық үстемдік құрған жерге қашан да нәтижелі істің үйір болатыны белгілі. Облыстың ұзақ мерзімді стратегиялық даму бағдарламаларында халық тұрмысының сапасын жақсарту, азаматтық қоғам құру, ұлтаралық келісім орнату, білім беру саласын дамыту, халықтың денсаулығын нығайту секілді әлеуметтік мәселелерді шешуге де айрықша мән берілуде.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді халық даналығы. Біріншіден, әр адам ең бірінші өзіне сын көзбен қарай білуі керек. Өзіңді өзің сынау арқылы ойдың қабілетін жетілдіріп, айналадағы, қоғамдағы кемшілік-қателіктерді көруге болады. Екіншіден, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту үшін халықтың көзқарасы, қарапайым жұртшылықтың пікірі ескерілгендігі дұрыс, өйткені біз халық үшін қызмет жасаймыз. Сондықтан ең бастысы, біздің сын емес, бізді таңдаған халықтың сынына құлақ түру.
Өкілетті органдарға сайлана отырып, аймақ өміріне қатысты түрлі маңызды шешімдер қабылдау, оның жүзеге асуын бақылау барысында жерлестеріміздің мүдделерін қорғау міндеті біздерге жүктелгенін жақсы сезіне білуіміз қажет. Әрине, жұмыс болған соң барлық жердегідей жұмысқа қанағаттанып, риза болатын, немесе көңіл толмай қалатын сәттер де болып жататыны белгілі.
Дегенмен, мәслихат жұмысына тың өзгерістер енгізу, сайлаушылар мен депутаттардың тығыз байланысын қалыптастыру, жұмыстардың нәтижелі болуын қамтамасыз ету, біздің бүгінгі жұмысымыздың негізгі бағыты болып табылады. Сондықтан мәслихат депутаттары атқарушы органдармен бірлесе отырып, өздеріне сенім білдірген халықтың мүддесі үшін қызмет етіп, облыстың экономикалық, әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Біз жұмысымызды осы бағытта одан әрі жалғастыра бермекпіз.
Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы.
ТАРАЗ.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру