Адамдықтың айнасы – ізгілік педагогикасы

/uploads/thumbnail/20170708203920780_small.jpg

«Баршаға ортақ мемлекетке» арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында жалпы білім берудің жаңғыртылған стандартына және он екі жылдық мектепке толық көшуді 2020 жылы аяқтау жөнінде айтылды. Биыл тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов республиканың ұстаздар қауымы алдында бұл аса ма­ңыз­ды міндеттер мен тапсырмаларды қалай жүзеге асыру керектігін егжей-тегжейлі түсіндіріп берген болатын.

Әрине, бұл мемлекеттік аса маңызды істе таразының ауыр жағы мұғалімге түседі. Елімізде мұғалімдердің біліктілігін көтеру мақсатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жұмыс істей бастағанына үш жыл болды. Қазақстандық және халықаралық үз­дік тәжірибе негізінде жүргізілген жаңғырту жұмыстары білім берудің инновациялық бағдарламасын табыс­ты жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі қысқа мерзімді болғанымен деңгейі жоғары, жаңартылған мазмұн­­дағы орта білім курстарының тыңдаушы түлектері білім беруге жаңа технологияны енгізудің бастамашылары, педагогтық қауым­­­ның ту ұстаушылары болып табылады. Олар оқу үдерісін ізгілендіруге бағытталған әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жаңа технологияларды енгізгенде оны отандық педагогикалық мұралармен ұштастыруды мақсат тұтып отыр.

Қазақстанда өскелең жас ұрпақ тәрбиесінің педа­гогикалық идеялары мен тәжірибесінің тарихи дәстүрлер тамыры тереңге кетеді. Отандық педагогика ғылымы ғасырлар бойы бала – ең жоғары құндылық, адам өмірінің жалғасы, адамзат қоғамын жалғастырушы деген ізгілікті ойдың негізінде дамып келеді. Қай кезде де бала тәрбиесі сол қоғамның басты міндетінің бірі болған. Сондықтан отандық ізгілікті педагогиканың дәстүрлерін дамыту және оны бүгінгі білім беру саласында жалғастырудың маңызы жоғары болмақ.

Ыбырай Алтынсарин мұғалім туралы: «Егер балалар бірдемені түсінбейтін болса, онда оқытушы оларды кінәлауға тиісті емес, оларға түсіндіре алмай отырған өзін кінәлау­ға тиіс. Балалармен жұмсақ, ашуланбай, шыдамды болу керек…» деген болатын. Халқымыз да өсіп келе жатқан жас баланы қалай исең солай өсетін жас шыбыққа теңеген. Білімге талпынып, дүниеге рухани көзін ашқан баланың алғаш көретін тұлғасы – мұғалім.

Педагогика ғылымдарының докторы Гүлназ Ахме­това басқаратын біліктілікті арттыру ұлттық орта­лы­ғы және оның аймақтардағы филиалдары құрылған күннен бастап, деңгейлік және қысқа мерзімді курстарды жүргізетін профессорлық-оқытушылық құрамның жұмысы инновациялық технологияларды мұғалімдердің игеруіне бағытталды. Мұғалімдердің жаңа технологиямен жұмыс істеуі балаларды жан-жақты интеллектуалды дамытады, өмірге бейімділігін қалыптастырады. Шығыс даналарының еңбектерінде, қазақтың халықтық педагогикасында бала тәрбиесі, өмірге бейімдеу мәселелері ылғи алдан орын алды. Мысалы, Әбу-Насыр әл-Фараби трактаттары өмірін жақсы құрамын, қалыптастырамын, жақсы өмір сүремін деген жандар ұстанатын темірқазық болып табылады. Ал Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде» шындық, ар ұят, мейірім­ділік – игіліктің, бақыттың кепілі екенін айтылады. Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбегінде «шуағыңды шаш, нұ­рыңды төк» деген ой шығарма желісіне айналған.

Міне, осылай жалғасатын Шы­ғыс даналарының даналық ойларын бүгінгі мектеп оқушысы санаға сіңіріп өсуі тиіс. Біздің курстарымызда өтетін білім саласының жаңа мазмұнында осыны қарастыру керектігі туралы айтылып келеді. Өткен ғасырдың басында Алаш арыстарының бірі Жүсіпбек Аймауытов білім берудің түпкі мақсаты түлектерді қоршаған ортаны өз бетінше түсінуге және зерделеуге, алған білімін өмірде қолдана алатындай болуға дайындау екенін жазған болатын. Өкінішке қарай, кеңестік дәуірдегі бір орталықтан басқарылған жүйеде баланың алған білімін сараптау, оны не үшін оқыды, өмірде онымен не істеу керек деген мақ­сат көрсетілген жоқ. Ол ұзаққа созылды. Аймауытов жазған мектеп оқушыларының алған білімін өмірде жарату ұғымы ұмыт қалды.

Қазір қоғам жаңарды, заман басқа. Еліміздегі педагогика ілімінің негізін салғандардың идея­ларын жүзеге асыратын уа­қыт жетті. Оқу­шылардың функционал­дық сауат­тылығын дамыту мәсе­лесін де негізгі бағыт – қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, қайраткерлік, ынтымақтастық, еңбек, шығармашылық, ғұмыр бойы оқу, ашықтық пен өз ара сыйласу секілді білім беру саясатының діңгегі болуға тиіс құндылықтарға ұстаздар назарын аудару. Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясы мектептегі білім мазмұнына академиялық пәндер, зерттеу, балалармен сабақтан тыс жұмыстар арқылы енгізіледі. Тәрбие халықтық құндылықтарды балалардың бойына там-тұмдап дарытады. Оқушылар ұлы Абайдың «Қара сөздерінен» және басқа да белгілі педагогтар мен философтар еңбектерінен олар адами құндылықтарды дамы­татын ойларды оқиды. Балалар тәрбиесінде аса маңызға ие халықтық құнды­лықтарды бала бойына егуде мұғалімнің орны ерекше. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім – мектептің жаны. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім» деп жазған еді. Бүгін жоғарыда айтылған құндылықтарды бойына сіңірмеген мұғалім баланың да бұлақ көзін аша алмайтынын түсінуіміз қажет.

Еліміздің инновациялық-өнді­рістік дамуының бағдарламасы іспетті «Баршаға ортақ мемлекетке» арналған «100 нақты қадам» дегдар қоғамды, оның алдыңғы қатарлы зиялысын тәрбиелеу мәселесін де қояды. Академик Қаныш Сәтбаев мектептің маңызына тоқтала келе, «Бүгінгі оқушылардың алдында ертең жер қойнауының құпиясын ашу, жаңа әлемге ұшу, өндірісті жасау және оның жаңа технологияларын игеру міндеті тұрғанын ұмытпауымыз қажет. Оқулық жазатындар, бағдарлама мен жоспар құратындар және оқытатындар осыны ұмытпауы тиіс» деп жазған еді. Ғұлама ғалымның осы дуалы сөзі бүгін де маңызын жойған жоқ, қайта бүгінгі уақытқа арнап айтылғандай.

Біздің филиал қысқа курс­тарда ұстаздардың талант пен дарын­дылықты анықтайтын әдістемелерді білуін басты мақсат етіп қояды. Дарынды бала басқа қатар құрбы­ларына қарағанда ерекше тапсырмаларды қажетсінеді, тапсырмалар ынталандыратын және деңгейіне сай күрделірек болуы тиіс. Осы­ған сәйкес жаңа оқулықтарды «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Білім бағдарламалары орталығы мен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық академия мамандарымен, Астана қаласындағы жалпы білім беретін мектептер ұстаздарымен бірлесіп жазады, жасайды. Мектептердегі ұстаздардың дарынды балаларға шығармашылықпен жүргізетін жұмысы көрініс табатын оқулық­тарды асыға күтіп отырады.

Дарынды баламен жұмыс істе­йтін, жалпы білім беру мек­тептеріндегі оқушыларға білім нәрін себетін ұстаздар халықтық тамырымызға, халықтық педаго­гикаға, халықтық даналыққа бай­ланған тінді үзіп алмауы тиіс. Хал­қының тілінен, өнерінен, әде­­биетінен, мінезінен, жалпы қалпынан, ділінен сусындаған баланың өз Отанының бірегей азаматы болып өсеріне қандай ұстаз да кәміл. Біздің халқымызда оған мысал боларлық тұлғалар жетеді. Жаңа ұрпақ тәрбиелеп отырған ұстаздар қауымына және баршаға Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытып, өзі де әлемдік деңгейдегі саясаткер деңгейіне көтерілген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен тұлғасы үлгі дер едім. Ол – бақытын бала болашағынан іздейтін ұстаздар қауымына темірқазық.

Марионелла СЛЕСАРЬ,

«Өрлеу» біліктілікті көтеру ұлттық орталығы» АҚ филиалы – Қостанай облысы бойынша

педагогика қызметкерлерінің біліктілігін көтеру институтының директоры.

 ҚОСТАНАЙ.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар