Сонымен, тоқсаныншы жылдардың басында КСРО делінген алып мемлекетке жетпіс жылдан астам уақыт бойы гегемондық жасап келген КОКП-ның дәмі таусылды. Өз уақыты әбден пісіп-жетілгенде Қазақстан да өз тәуелсіздігіне ие болды. Компартия келмеске кетті. Ендігі жерде жаңа басқару құрылымы қандай болмақ? Көп кешікпей егемен елдің тізгіні президенттік басқару жүйесіне көшетіні белгілі болды. Сөйтіп, 1991 жылдың аяқ кезінде елімізде тұңғыш рет президенттік сайлау өткізіліп, осы жоғары лауазымға Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.
Ал республикадағы облыстар мен қалаларды және аудандарды басқару үшін әкімдік басқару институты енгізілді. Бұл үрдіс 1991 жылдың 16 желтоқсанындағы тәуелсіздік жарияланған күннен кейін көп кешікпей іле-шала басталды. Ең алдымен облыс, содан соң қала, аудан әкімдері тағайындалды. Келесі 1992 жылдың ақпан айында әкімдік атты жаңа басқару институты толығымен жасақталып үлгергеніне куә бола аламын. Өйткені, солардың бірі өзім едім. Мен сол 1992 жылдың 24 ақпаны күні Жаңақала ауданының әкімі болып бекітілдім. Осы қызметті бір ауданда үздіксіз 18 жыл бойы атқарып, өз өтінішім бойынша құрметті еңбек демалысына шықтым.
Ең басты айтайын дегенім, осы жылдардың бәрінде Тұңғыш Президенттің аудандық буындағы өкілі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының жол және жөн көрсетуімен ел алдындағы жауапкершілікті тең көтеруге тырысқаным дей аламын. Тағы бір айта кетер мәселе – 90-шы жылдардың бас кезінде Жаңақала ауданында төтенше табиғи жағдай орын алды. Күз айларында үздіксіз селдете жауған жаңбырдың салдарынан аудан аумағындағы Мәштексай, Айдархан және Жаңақазан ауылдарындағы тас балшықтан соғылып салынған үйлердің төбесі опырылып құлай бастады. Тұрғындарға уақытша баспана тауып берудің өзі қиынға түсті. Осындай қысылтаяң кезде Қамыс Самар еліне республика басшысы шұғыл сапармен келіп, тығырыққа тірелген істің жай-күйімен танысты. Н.Ә.Назарбаев Алматыға оралғаннан кейін көп кешікпей бізге қуанышты хабар келіп жетті. Үкіметтен жаңа үй салуға қажетті қаражат бөлініп, мезгілдің қолайсыз болғанына қарамастан, шағаладай сәнді үй құрылыстары басталып кетті.
Сол жылы аталған ауылдарда артық-кемі жоқ 200 тұрғын үй тұрғызылды. Сондағы ел-жұрттың көл-көсір қуанышы, Нұрсұлтан Әбішұлының атына білдірген шексіз ризашылықтары мен алғыстары әлі есімнен кетпейді. Үлкен кісінің тигізген шапағаты деген дәл осындай-ақ болар.
Егемендіктің елең-алаңында біздерді Алматыға активке шақырып жинаған кезінде де, елге келген сапарларында да Нұр-ағаң ең алдымен, ел-жұрттың жай-күйін сұрауды еш ұмытпайтын. Аты-жөнімді атап: «Төлеген, алдымен сен айтшы, ел не деп жатыр? Халық біздің қолға алған реформаларымызды дұрыс бағалап отыр ма? Сіздер ауылдағы ағайындарымызға бұл өтпелі, уақытша қиындық екенін менің атымнан жақсылап түсіндіріп айтыңыздар. Тәуелсіздік пен дербес ел болудың жолы ешқашан да жеңіл болмаған. Осыны ұғындырыңыздар. Сіздер мен біздерді күтіп тұрған іс көп. Оны біз істемегенде, кім істейді. Ата-бабаларымыз ғұмыр бойы тәуелсіздікті аңсап, осы жолда бел шешпей күресіп өтті емес пе? Соған қол жеткізе білген біз бақытты ұрпақпыз. Енді осы тәуелсіздігімізді уысымыздан шығарып алмау үшін қолдан келгеннің барлығын жасауға тиіспіз. Артқа қарай жол жоқ. Тек қана алға ұмтылуымыз керек», – дейтін.
Осыдан-ақ біз Нұрсұлтан Әбішұлының жүрегі қашанда ел, жер деп соғатынын аңғарып, байқап қалушы едік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан жас мемлекеттің жаңа басшысы «әрқайсымыз елге адал, жанашырлықпен және терең патриоттық сезіммен қызмет жасай білуіміз қажет» дейтін. Ең бастысы – бүгінде Тұңғыш Президентіміз сөз бен істің бірлігін тығыз ұштастыра білген әлемдік деңгейдегі тұлға ретінде танылғаны бәріміз үшін үлкен мақтаныш, үлкен мерей. Жақсы адам елдің бағы үшін дүниеге келеді дегендей, мен Тұңғыш Президентімізді Қазақстан халқын бақ пен бақытқа бастай білген қайталанбас тұлға деп түсінемін.
Дереккөз: Егемен Қазақстан
Пікір қалдыру