«100 нақты қадам» Ұлт жоспары және «Болашағы біртұтас ұлт» бес институттық реформасының стратегиялық міндеттерін орындау мақсатында кейбір заңнамалық актілерге мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң қабылданған еді. Заңнамаларға енгізілген мәдениет саласындағы өзгерістер туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Брифингке Мәдениет және спорт вице-министрі Ғалым Ахмедияров, аталған министрліктің Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Күміс Сейітова, Астана циркінің бас директоры Ерік Жолжақсынов қатысты.
28 қазанда «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет және тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған болатын. Жаңа түзетулер, сонымен қоса, осы саладағы бақылауды жетілдіруге бағытталған еді.
«Жаңа заң қабылданғанға дейін музей директорлары экспонаттарды қалай қолдануға болатындығын, нені сатып алып, нені басқа мұражайларға беру керектігін өздері жеке шешкен болатын. Енді онымен арнайы кәсіби комиссия айналысады», – деді Ғ.Ахмедияров. Оның атап өтуінше, құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерді анықтау және ел мәдениетін жаңғырту, сақтау, дамыту, тарату және қолдану саласындағы мемлекеттік саясат, ең алдымен, заңнамалық базаның кешенді сарапталуы мен жетілдірілуін қамтамасыз етуді талап етеді.
«Сонымен қатар, мәдениет саласындағы заңнаманы жетілдіру бірқатар заңнаманың, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеп, бекітетін өкілетті органдардың құзыретін жетілдіруді болжайды», – деді спикер. МСМ өкілінің пікірінше, бұл қорларды толықтыру барысын мейлінше ашық, ал экспозицияларды келуші қонақтар үшін анағұрлым тартымды етеді.
Ал брифинг барысында сөз алған К.Сейітова: «Егер бұрын заңнама негізінде қазба жұмыстары кезінде табылған заттарды мұражайларға беру айқындалса, енді тиісті рәсімдер де бар. Бұл мәдени құндылықты тапқан адамдарға оларды тапсырудан жалтаруға мүмкіндік бермейді», – деді.
Сонымен бірге, цирк өнеріне де өзгерістер енгізіліпті. Бұрын театрлар, филармониялар мен мәдени-ойын-сауық ұйымдарына арналған «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заңмен сахналық костюмдер сияқты кейбір тауарлар мен қызметтерді конкурссыз сатып алуға рұқсат беретін норма болатын. Алайда, бұл тізімде цирктер жоқ-тын, сондықтан кейбір қиыншылықтар туындайтын. Осы мәселені шешу үшін мемлекеттік сатып алулар заңнамасына тиісті түзетулер енгізілді», – деді Е.Жолжақсынов.
Заңның мақсаты – тарихи-мәдени мұра, цирк және театралдық өнер, мұражай және кітапхана ісі, сонымен қатар, мұрағат ісі бойынша қолданыстағы заңнаманы жетілдіру болып табылады екен. Сонымен қоса, заң нормалары Қазақстан Республикасының Мәдени саясаты тұжырымдамасында көрсетілген саланың институттық жаңғыруы, басқарушылық шешімдерді үйлестіру, заманауи мәдени кластерлерді құру, салалық көркемдік кеңестерге байланысты мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталыпты.
Заң жобасын дайындау барысында мәдениет және тарихи-мәдени мұра саласындағы мәселелерді нормативтік реттеу бойынша халықаралық, соның ішінде ТМД елдерінің тәжірибесі қолданылыпты.
Дереккөз: "Егемен Қазақстан"
Пікір қалдыру