Мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі үшін Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының маңызы зор. Ондағы әрбір қадамда ел болашағының дамуына арнайы бағдарлама жасалынған. Бұл бағдарламаны іске асыру дегеніміз бүгінгі дүниежүзілік деңгейдегі көптеген мәселелерге жауап беру деген сөз. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын басты нысанаға ала отырып, жұмыла іске кіріссек, ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына енуімізге жол ашылары да белгілі.
Аталған жоспардың басында тұрған бес реформаның екіншісі «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталатынын барша біледі. Онда еліміздегі құқықтық, заң тұрғысындағы мәселелердің әділ шешілуіне байланысты қажетті жағдайлар қарастырылған. Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында, заң мен құқық қорғау ісіне қатысты алқалы жиындардың бәрінде заң жүйесі, сот саласы тақырыбына арнайы тоқталып, болашақта атқарылатын істерді айқындап, бағыт-бағдар көрсетіп, оларды нақтылап, жол сілтеп отырады. Алға қарай адымдаудың жүз қадамы айқындалған жоспарда 16-шы қадамында «Азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесі инстанцияларын оңтайландыру. Бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу», қажет делінген. Осы орайда сот төрелігінің қарапайым халыққа қолжетімді, істі қарау сатыларының мейлінше ықшам, шағын болуы қазіргі сот жүйесіне ауадай қажет десем артық айтқандық емес.
Сондай-ақ, өз ретімен жолға қойылған 17-қадамында «Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын қатайту; Міндетті түрдегі талап – сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық өтілі. Кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін енгізу. Судьялыққа үміткерлер соттарда стипендия төленетін бір жылдық тағылымдамадан өтеді. Бір жылдық тағылымдамадан кейін судья бір жылдық сынақ мерзімінен өтеді», деп нақты айшықталып айтылған. Айтар болсақ, 5 жылдық, тіпті одан да көп сот саласындағы тәжірибенің болашақ судья үшін артық етпесі белгілі. Судья болып сайланған кез келген тұлға арының алдындағы адалдығын ойлап, әрбір қараған ісіне әділ шешім шығарса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сонымен қатар, сот жүйесінің дамуы үшін де білікті, тәжірибелі судьялардың артық етпесі анық. Тіпті, олардың аса қажет екендігін бүгінгі күннің бейнесі айқындап беріп отыр. Ал, 20-қадамда «Барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрде енгізу. Судьялардың бейнежазуды тоқтатуға немесе аудио жазу материалдарын редакциялауға мүмкіндігі болмауы тиіс», делінген. Шын мәнінде, осындай жағдаяттардың әсерінен бұл сот төрелігінің барынша ашық, жария өтуіне ықпал етеді деген сөз. Мұндай шаралар, яғни сот үдерістерін бейне және таспаға жазу мүмкіндігі бүгінгі сот қызметінде қолданылуда. Осылай судья беделінің де артып, мейлінше ашықтықтың арқасында әділеттілік салтанат құрмақ.
Сонымен қатар, 24-қадам бойынша Дубай тәжірибесі үлгісінде «Астана» халықаралық арбитраж орталығын (AIFC) құру көзделген. Бүгінгі таңда әлемде бірнеше беделді арбитраж орталықтары жұмыс істейді. Ондай орталықтарға Вашингтондағы инвестициялық дауларды шешу бойынша халықаралық орталықты, Лондон, Париж, Сингапур, Дубайдағы арбитраж орталықтарын айтуға болады. Біздің еліміз үшін де осындай арбитраж орталығы қажеттілігі айқын. Сондықтан, Мемлекет басшысы ұсынған Дубай тәжірибесі үлгісінде елордамызда AIFC халықаралық арбитраж орталығын құру өте қажет. Сол себепті, жұмыла көтерген жүк жеңіл екендігін ескере отырып, еліміздің дамуы жолында аянбай күресіп, Елбасы айқындап, жол сілтеп отырған қадамдарды лек-легімен мұқият орындау әрбір қазақстандықтың парызы деп білер едім. Бұл ретте баршаға белгіленген, әр салаға дұрыс бағыт берілген жоспар бойынша жұмыс істеуге тиіспіз. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының ұлтымыздың болашағы үшін маңызы өте зор.
Абай САБИРАДДИНОВ,
Мұнайлы аудандық сотының
бас маманы.
Маңғыстау облысы.
Дереккөз: егемен Қазақстан
Пікір қалдыру