Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – еліміздегі мәдениет саласына мамандар даярлайтын үздік оқу орындарының бірі. Оңтүстіктегі ірі шығармашылық орталық ретінде танылған білім ордасы көптеген талантты жастардың есімдерін елге әйгілеп, өнер саласында талай биіктерді бағындырды. Осы жетістіктерге, әсіресе, биыл отыз жылдығын атап өтіп отырған университеттің хореография кафедрасының да қосқан үлесі ерекше. 30 жылдық тарихында кафедраның шәкірттері республикалық және халықаралық көптеген байқауларда мықтылығын мойындатып, жүлделі орындарға ие болды. Кафедра жанынан ашылған «Қаракөз» би ансамблінің жеткен жетістіктері бірталай, яғни Ш.Жиенқұлова атындағы республикалық би конкурсының 2 дүркін лауреаты, халықаралық «Шабыт» байқауының І орын иегері, тағы басқа дүбірлі шаралардың жеңімпазы атанды. Бұл жеңістер, әрине – өнерге деген шынайы сүйіспеншілік пен қажырлы еңбектің нәтижесінде келді.
Кафедра мерейтойының құрметіне орай университетте «Әлем халықтарының билері» атты халықаралық фестиваль өткізілді. Айтулы іс-шараға еліміздің ғана емес, сондай-ақ, шетелдің де бишілері, атап айтқанда, Башқұртстанның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Қарақалпақстанның және Ресейдің би ұжымдары арнайы келіп қатысты. Өте жоғары деңгейде өткен фестиваль барысында өнер ұжымдары көрермендерді шеберлігімен тәнті етті. Мереке аясында шеберлік сыныптары және ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Кафедра меңгерушісі, танымал ұстаз Балжан Тілеубаева шәкірттерінің талантына шүкіршілік етіп, би өнерінде табысқа жетудің оңай еместігін алға тартты.
– Талантты шәкірттер тәрбиелеу үшін, білікті ұстаздар қатарының болу қажеттігі заңдылық. Осы міндетті жақсарту мақсатында біз жас оқытушылардың балетмейстерлік біліктілігін жоғарылату және студенттердің орындаушылық шеберлігін арттыру үшін өзге оқу орындарымен, сол сияқты республикалық және халықаралық танымал шығармашылық ұжымдармен тығыз байланыс орнатуға барымызды салдық, – дейді Балжан Сейдіраманқызы.
Осындай шығармашылық қатынастардың нәтижесінде кафедраға Өзбекстан Республикасының халық әртісі, мемлекеттік «Узбекистан» би ансамблінің бас балетмейстері К.Муминов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының факультет деканы К.Андасов және Н.Гончарова, Г.Саитова, Е.Асылғазынов сынды белгілі хореографтар арнайы шеберлік сыныптарын өткізуге шақырылды. Ал модерн биі бойынша Израильдің заманауи би театрының балетмейстері, кешегі кафедра түлегі Э.Цимбровская, Франциядан заманауи «хип-хоп» стилінің дүлдүлдері, әлемдік деңгейдегі биші-хореограф Жан-Клод Вуайако мен биші Б.Вуайако шеберлік сыныбын өткізді.
Жалпы, университет қоғамда сұранысқа ие мәдени тынығу қызметі мамандарын сонау 1967 жылдан бері даярлап келеді. Әуелгіде бұрынғы әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институты жанынан құрылған мәдени тынығу қызметі кафедрасы 1998 жылдан бастап ОҚМУ-дың құрамына енді. Кеңес Одағы тұсында еліміздің ешбір оқу орнында мұндай кафедраның болмағанын ескерсек бұл білім ошағындағы шәкірттерге Ленинград, Мәскеудегі атағы жер жарған мәдениет институттарын тәмамдап келген ұстаздар тәлім берді. Қазіргі таңда аталмыш мамандарды еліміздің алты мемлекеттік оқу орны мен үш жекеменшік білім ордасы даярлайды. Мәдениет саласының жілігін шағып, майын ішетін мамандарды даярлайтын оқу ордаларының қарашаңырағына айналған кафедра бүгінде еліміздегі бірден-бір әдістемелік кеңес орталығы болып отыр. Яғни республикадағы тоғыз оқу орны осы кафедра оқытып жатқан бағдарлама бойынша сабақ береді, оқу-әдістемелік құралдармен де осындағы ұстаздар қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек мұнда мәдениет және өнер қызметкерлері мен республикалық біліктілік жетілдіру курсы да бар.
Көптен бері университетте шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нәсіпханым Камалқызының айтуынша, мәдениет қызметкерлері халыққа ең қажетті мамандық иелерінің бірі. «Біздің мақсатымыз – еліміздің мәдениет саласын одан әрі дамыту, көркейту. Біз шәкірттерді алдымен мамандыққа баулудан бұрын адам болуға тәрбиелейміз. Оқу орнының іскер басшысы Жұмахан Мырхалықовтың да қойып отырған басты талабы осы», – дейді Нәсіпханым Камалқызы.
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті – іргелі білім және мәдениет ордасы, талайларды тәнті еткен таланттардың есімін паш еткен оқу ошағы. Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Марат Омаров, Ринат Ғайсин, Эдуард Мальбеков, Лұқпан Есенов, Замира Қастеева, Райхан Қаланова, Феруза Жолынбетова тәрізді елге танымал мәдениет қайраткерлері, отандық эстрада жұлдыздары да осындағы ұстаздардың тәрбиесін көрді.
Расында да, Оңтүстіктегі мәдениет саласы өзге өңірлерге қарағанда мейлінше дамығаны жасырын емес. Бір ғана облыстың өзінде алты бірдей театрдың жұмыс істеуі, цирк, филармония секілді одан басқа да түрлі мәдени нысандардың белсенділігі өнерге жақын жастарға жол ашады. Сондықтан, ОҚМУ-дың түлектеріне әу бастан-ақ сұраныс білдіріп жататындар өте көп. Қолына дипломын ұстаған бітірушілердің басты проблемасы жұмыс табу екені рас. Әйткенмен, университетті шығармашылық мамандықтар бойынша тәмамдаған жастар бүгінде республика, облыс көлеміндегі түрлі қызмет орындарында жемісті еңбек етуде. Мәселен, Жұмат Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының, облыстық опера және балет, сатира театрының, Шымкенттің мақтанышы әрі брендіне айналған «Оңтүстік цирк» мекемесінің тізгінін ұстап отырғандар осы білім ошағын тәмамдап шыққандар.
Ұстаздар қауымы студенттердің бойындағы өзіндік қабілеттерін ашуға ерекше мән береді. Теориялық сабақтардан бөлек оқу орнында бір студенттің жеке мұғалімнен дәріс алуына мүмкіндік жасалған. Әр салаға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген аудиториялар да жеткілікті. Айта кетерлігі, бір топта он студент болса шығармашылық пәндерден өтуге әрқайсысына жеке мұғалім бөлінеді. Себебі, шәкірттің бойындағы қабілетті ашу оңай шаруа емес. Студентке өз ойын ашық айтып, мәселен, актерлік шеберлікті дамыту сабағы болса оған берілген рөлді ерінбей тамашалап, еркін қозғалуына мүмкіндік жасау қажет. Оның қолынан келетініне сендіріп, шабыттандырса ғана ол бұғып жатқан өнерін сыртқа шығара алады. Шәкірттерге мұндай мүмкіндікті кез келген оқу орны жасай алмайды. Мұның бәрі оқу орны басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан дүниелер.
Өнерлі жастардың ордасында өнер ұжымдарының болмауы мүмкін емес. Оқуды практикамен ұштастыру үшін кафедрада 4 студенттік үйірме құрылған. Бұл «Ізденіс» ғылыми-зерттеу үйірмесі, «Қисық айна», Шымшыма» сатиралық театры, студенттік КТК (КВН), бұлардан бөлек «Думан» жастар халық театры. Өнер ұжымдары республикалық, облыстық конкурстарда талай рет топ жарып, үздік екендіктерін мойындатып келеді. Мәселен, «Шуылдақтар» КТК командасы Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. Университетішілік кішігірім «Думан» театрының халық театры аталып кетуі де көп нәрсені аңғартса керек. Осыдан 6 жыл бұрын құрылған студенттік, халықтық «Думан» театрының жоспары көп. Жас ұжым еліміздің алып қалаларында өтетін байқауларда бақ сынап, Шымқаланың абыройын асқақтатуды мақсат етіп отыр.
Жастарға тереңірек білім беру мақсатында 2003 жылдан бастап «Мәдени тынығу қызметі» мамандығы бойынша магистратура ашылған. Енді, міне, университет басшылығы биылдан бастап мүмкіндіктерін кеңейтіп докторантура ашуға ұмтылуда. Грант саны аз бөлінетін, бірақ жауапкершілігі мол, арқалайтын жүгі ауыр мамандықта оқитын студенттерге университеттен бірқатар жеңілдіктер қарастырылыпты. Жетім, мүгедек және әлеуметтік жағдайы төмен және оқу үлгерімі жоғары балалардың оқу ақысына 50-70 пайызға дейін жеңілдік алуларына мүмкіндік бар. Кафедраның ғылыми шығармашылық күш-қуаты өте жоғары.Ұжымда 2 ғылым докторы, 11 ғылым кандидаты, 4 профессор, 1 халық әртісі, 4 мәдениет қайраткері, 8 халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары жұмыс істейді. 1998 жылдан бастап «Мәдени тынығу қызметі» кафедрасының оқытушылары авторлық ұжым ретінде Мемлекеттік білім беру стандарты, үлгілік жоспарлар мен «Мәдени тынығу жұмысы» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және PhD докторантураға үлгілік бағдарламалар өңдеп келеді. Бұларды осы сала бойынша мамандар даярлайтын еліміздегі жоғары оқу орындары пайдаланады. Бір айта кетерлігі, осындай мықты ұстаздардың тәлімін көруге облыстың жастары ғана емес, өзге де өңірлер мен қалалардың жастары ынтық. Жыл сайын Астанадан бастап көрші облыстардан келіп оқитын студенттер аз емес екен.
Білім сапасы, ғылыми жетістіктерімен ғана емес, спорт саласындағы чемпиондарымен де атағы дүйім жұртқа мәлім ОҚМУ-дан шыққан спорт саңлақтарын таныстырып жатудың өзі артық. Футболдан бөлек мұнда баскетбол, волейбол, көркем гимнастика, үстел теннисі, бокс, еркін күрес, ауыр және жеңіл атлетика, оқ ату, дзюдо тағы басқа спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жеңімпаздар білім алуда және түлеп ұшқан. Тек университеттің биылғы су жаңа чемпиондарын атап өтсек. Олар – Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен дүниежүзілік универсиадада таэквандо спортынан алтынды қанжығасына байлаған Нұрсұлтан Мамаев пен стендтік атудан қола медальдарды иеленген Ангелина Минщук, Владимир Почивалов, Александр Ершов.
Спорттық жетістіктері жөнінен университет республикамыздағы жоғары оқу орындары арасында үздіктердің қатарында. Оқу ошағында жастардың саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Соның ішінде түрлі жарыс, турнирлер көптеп ұйымдастырылып жүр. Әсіресе, кіші футболдан ұлттық студенттік лиганың танымалдылығы күн санап артып келеді. Биылғы «Күз-2015» атауымен Шымкенттегі турнирдің 5-ші турына қатысуға ниет білдіріп, ынталанған студенттердің, нақтырақ айтқанда, командалардың қатары көп болды.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ұйымдастырған сайыстың ашылу салтанатына Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты. Абай саябағындағы кіші футбол алаңына жиналған жұрттың қарасы көп болды. Көрермендер өз командаларына жанкүйер болып, футболдың тартысты өтуіне атсалысты. Ал өз кезегінде сайысты салтанатты түрде ашып берген министр барлық командаға сәттілік тіледі. «Білімпаз жастардың спортты сүйгені, айналысқаны біз үшін өте маңызды. Сондықтан, осындай сайыстарды жиі өткізіп тұру міндетіміз. Кім біледі осындай жарыстардың нәтижесінде ертеңгі күні қазақты әлемге танытатын мықты футболшылар шығуы да мүмкін. Біз тек соған жол ашуымыз қажет», деді ол. Студенттер асыға күткен сайыстың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Футбол федерациясының вице-президенті С.Байшақов пен университет ректоры Жұмахан Мырхалықов қатысты.
Ұлттық студенттік лиганың құрылуы, әсіресе, спорт мамандарын ерекше қуантып отыр. Америка мен Еуропада студенттік лигалар бұрыннан бар. Мәселен, АҚШ-та студенттік командалардың арасында баскетбол мен хоккейден өтетін жарыстар танымалдылығы жөнінен тек әйгілі НБА мен КХЛ ойындарына ғана есе жібереді. Сол секілді отандық студенттік лиганың да биік белестерді бағындыруына толық мүмкіндігі бар. Оның үстіне, мұндай жарыстарда болашақ чемпиондар шыңдалып, талантты жастар іріктелетіні де белгілі.
Ұйымдастырушылардың өңірдегі ала доп қуған студенттердің басын қосып, үздіктерді анықтауы тегін емес, әрине. Білім және ғылым министрінің айтуынша, жарыстың қорытындысы бойынша іріктеліп алынған жас футболшылардан ұлттық құрама команда құрып осы жылдың аяғында Абу-Дабиде өтетін Азия чемпионатына қатыстырмақ. Ал келесі жылдың тамыз айында студенттерден құралған ұлттық команда Бразилияда өтетін Әлем чемпионатында өнер көрсетеді деген жоспар бар. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы турнир жеңімпазы, яғни, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің командасы 6 маусымда Берлинде өткен Чемпиондар лигасының матчына көрермен ретінде баруға жолдама алған болатын.
Спортқа, оның ішінде футболға айрықша көңіл бөлетін оқу ордасының футбол командасы да осал болмауға тиіс. Жетістіктер жайлы айтар болсақ, ОҚМУ футбол командасы Қазақстан Республикасы Жазғы Универсиадасының 2001, 2005, 2007, 2009 жылдардағы жеңімпазы. 2012 жылы 24-30 қыркүйек аралығында Астана қаласында Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен өткен республика жоғары оқу орындары арасында кіші футбол жарысына қатысып, чемпион атанды. Сондай-ақ, еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы Жазғы Универсиаданың екі дүркін жеңімпазы, Қазақстан Республикасы Президенті кубогының 2006 жылғы жоғары оқу орындары арасындағы күміс жүлдегері болды.
Іргелі білім ордасы Олимпиада ойындары, әлем біріншіліктерінде топ жарған студенттерін мақтан тұтады. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті «Сұңқар» командасының мүшелері ұлттық студенттік лигада жеңіске жетіп, сол арқылы халықаралық деңгейде еліміздің намысын қорғауға белін бекем буып отыр.
Дереккөз: егемен Қазақстан
Пікір қалдыру