Көрмеге арналған келелі кеңес

/uploads/thumbnail/20170708203925842_small.jpg

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық «ЭКСПО-2017» маман­дан­дырылған көрмесіне дайын­дық мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Пре­зиденттің баспасөз қызметі.

Отырысты ашқан Мемлекет басшысы ЭКСПО көрмесі отандық экономикаға және жаңа технологияларды игеру ісіне серпін бере алатын ұлттық жобаға ай­налғанын айтты. Сондай-ақ, көрме нысандарының құрылысы кестеге сәйкес жүріп жатқанын атап өтті.

– Көрменің ашылуына бір жарым жыл қалды. Барлық құрылыс жұмыстары келесі жылдың күзіне дейін аяқталуы тиіс. Күрделі эко­но­микалық ахуалға қарамастан, біз көрмені дайындауға қажетті бар­лық қаражатты бөліп жатырмыз. Құрылысқа Қазақстанда мол жұмыс тәжірибесі бар мерді­гер­лерді тарттық. Сондай-ақ, Милан­дағы көрмені өткізу тәжіри­бесін тыңғылықты зерделе­дік. Сондықтан ЭКСПО-ны ұйым­дастыру ісіне қатысты түсініксіз еш­теңе жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті шы­ғыс­тарды оңтайландыру мақсатында барлық әрлеу жұмыстарын отандық өнімдерді барынша пайдалана отырып жүргізу қажеттігіне назар аударды. Бұл мәселе айрықша бақылауға қойылды.

Мемлекет басшысы көрменің жарияланған тақырыпқа сай мазмұнмен толығуы мәселесіне назар аударды.

– Барлық жерде, шетелдерге сапар кезінде, елдердің лидер­лерімен, ірі компаниялардың басшыларымен кездесулерде мен «ЭКСПО-2017» туралы айттым. Олардың бәрі алдағы көрмеге зор қызығушылық танытып, қатысуға дайын екендерін мәлімдеді. Осыны пайдалана білген жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бұл ба­ғыттағы жұмыстың жанданғанын айта келіп, әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

– Ұлттық және трансұлттық компаниялардың әлеуеті мүлде пай­даланылып отырған жоқ. Бұл жал­пы­қазақстандық іс бол­ған­дықтан, олар да көрмеге қаты­суға тиіс. Жер қойнауын пай­да­ланушылардың барлығын тарту керек, олар да өз үлесін қосулары қажет. Жер қойнауын пайда­ланушы 39 компанияның тек екеуі­мен ғана ынтымақтастық туралы меморандумға және демеу­шілік туралы бір ғана шартқа қол қойылған. Бұл жеткіліксіз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялармен жұмыс кезінде олардың беделін «ЭКСПО-2017» көрмесіне жаңа технологияларға ие Siemens, Samsung, Toyota сияқты және басқа озық компанияларды тарту үшін пайдалану керектігін айтты.

– Жер қойнауын пайда­ла­нушылардың осындай компаниялармен жолға қойылған байланыс­тары бар, олардан миллиардтаған қаржыға жабдықтар мен технология­лар алады. Біз осы байланыстарды барынша пайдалануға тиіспіз. Жер қойнауын пайдаланушылардың әрқайсысы әлемдік брендтермен «ноу-хауларының» алғашқы таныс­тырылымын біздің көрмеде жасауы керектігі жөнінде уағдаласқаны абзал. Премьер-Министрдің бірін­ші орынбасары Б.Сағынтаев «ЭКСПО-2017» көрмесінің дайын­дығына Үкіметтегі жауапты тұл­ға ретінде осы мәселелермен айна­лысуға тиіс, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы ең ал­дымен, ба­лама технологиялар сала­сын­дағы көшбасшы елдерді тарту қа­жеттігіне назар аударды.

– Қатысушылардың сандық құрамы маңызды, бірақ өздерін жаңа әзірленімдер саласында көшбасшы ретінде танытқан ел­дерді тарту мәселесі одан да өзек­тірек. Бұл мәселе Үкімет пен Сырт­қы істер министрлігінің айрықша бақылауында болуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы көрмеде Қазақстанның мәдениетін, тарихы мен дәстүрлерін көрсетудің маңыз­дылығын айтты.

– Отандық мәдениет қайрат­кер­лерінің өнер көрсетуіне басымдық беру керек. Мәдени-думанды шара­лар көрме аума­ғында ғана емес, бүкіл қалада өтуі қажет. Музей­лер, көрмелер мен театрлар қонақтарды ең жо­ғары деңгейде қарсы алуға дайын болуы тиіс. Мәдени-думанды шаралар жоспары әлі күнге дейін келісілген жоқ. Барлық мем­лекеттік органдардың үйлесімді қызмет еткені керек, осы жұ­мысты жеделдетуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев көр­менің дайындығы мен өткізу жұ­мыстары кезіндегі қауіпсіздікті қам­тамасыз етудің де мән-маңы­зына тоқталды.

– Көрмедегі бұқаралық шаралар кезінде қандай да бір келең­сіздіктерге жол бермеу үшін алдын алу шараларын қабылдау қажет. Бұл шараларды бүгіннен бас­тап пысықтаған жөн. Арнаулы қызметтер мен құқық қорғау органдары қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз етуі тиіс. ІІМ, ҰҚК және «Сырбар» осы бағыттағы үйлесімді жұмысты жалғастыруға тиіс, елорданың және көрменің қауіп­сіздігі осыған байланысты. Қауіп­сіздік кеңесіне осы мәселені тұрақ­ты бақылауда ұстауды тап­сырамын, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Мемлекет басшысы көрмеге қатысушылар мен қонақтарға қолай­лы жағдай жасап, көрмеге келу­дің тыңғылықты кестесін әзір­леу қажеттігін айтты. Нұрсұлтан Назарбаев, сондай-ақ, өз­ге ба­ғыт­тарды да, соның ішінде ерік­тілерді дайындау, өз отандас­тары­мыздың көрмеге қолжетім­ділігін қамтамасыз ету жайын тиянақты ойластыру керектігіне назар аударды.

Қазақстан Президенті Үкіметке барлық мәселені тиісті деңгейде үйлестіруді және жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы үнемі баяндап отыруды тапсырды.

Соңында Мемлекет басшысы алдағы көрме бүкіл қазақ­стан­дықтар үшін маңызды шара екеніне тағы да назар аударды.

– Әлемде дағдарыстық ахуал байқалып отыр, ол біздің елге де әсер етуде. Соған қарамастан, Қа­зақстан халықаралық көрмеге дай­ындықты, индустриялық сая­сат аясында жаңа нысандар салуды, жаңа жұмыс орындарын ашуды жалғастыруда. Бұл біздің экономиканың қарқыны мен мүмкіндіктерін көрсетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңесте көрмеге дайындық пен Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысы туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы А.Есімов хабарлама жасады. Ол көрме кешені құрылысына арналған шығыстарды оңтайландыруға айрықша көңіл бөлді. Атап айтқанда, компания құрылымын өзгерту аясында департаменттердің қызметі нақтыланып, басқарма төрағасының орынбасарлары мен басқарушы директорлар саны екі есе қысқарды. Бұл 150 миллион теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді.

А.Есімов кейбір сәулет-құрылыс жобаларын қайта қарау есебінен шығыстар көлемі 78 миллиард теңгеге азаятынын, бұл ретте жалпы сәулет келбеті мен нысандардың функционалдылығы сақталатынын атап өтті.

– Бюджет қаражатын мақсатқа сай пайдалану тиімділігіне айрықша назар аударылды. Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту мен отандық кәсіпкерлерді тарту да үнемдеу шараларының бірі болып саналады. 10 өңірмен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, нәтижесінде 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыған 220 отандық кәсіпорын құрылысқа тар­тылды. 30 миллиард тең­генің өнімі жеткізілді, – деді «Аста­на ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма­сының төрағасы.

Сонымен қатар, ұлттық ком­пания басшысы көрме имид­жін ілгерілету және оны тақырып­тық жағынан толықтыру жұмыс­тарының барысы туралы да баяндады. А.Есімовтің атап өткеніндей, бүгінде 53 ел және 11 халықаралық ұйым көрмеге қатысатынын рас­таған.

Кеңес барысында, сондай-ақ, Энергетика министрі В.Школьник, Сыртқы істер министрі Е.Ыды­рысов, Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев, Мәде­ниет және спорт министрі А.Мұха­меди­ұлы, Астана қаласының әкімі А.Жа­қ­сыбеков және мердігер ұйым­дардың басшылары сөз сөй­леді.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар