Өңір өндірісінде өсім бар

/uploads/thumbnail/20170708203935405_small.jpg

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде жылдағы дәстүрмен әкімдердің есеп беру кезеңі басталды. Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған арнайы баспасөз мәслихатын алғаш болып Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин бастады.

Иә, бұл үрдісті әкімдердің ел алдында есеп беру кезеңі деуге әбден болатындай. Себебі, бұл баспасөз мәслихатына республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы дерлік қатысып, тіпті, алыс-жақын өңірлерден, барлық облыс орталықтарынан журналис­тер онлайн режімде байланысып отырды.

Сөйтіп, баспасөз мәслихатында әкім алдымен өзі басқарып отырған өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы ақпараттармен бөлісті. Содан соң тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Ақмола облысының әкімі алдымен еліміздің басты бағдарламасы – «Нұрлы Жол» бойынша негізге алынған бағыттарға сәйкес өңірде бірқатар жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Айталық, 2015 жылы алдын ала есептеулер бойынша, жиынтық өңірлік өнімнің көлемі 102,3 пайызға өсу қарқынымен қоса алғаш рет 1,2 трлн. теңгені құраған. «Облыста ныса­налы өлшемдерге қол жеткізу үшін барлық алғышарттар бар, ол осы жылғы 10 айдың қоры­тын­дыларымен расталады», деді С.Ку­лагин. Өңір экономикасына бағыт­талған инвестициялардың көлемі 152 млрд. теңгені құрады, ол өткен жылғы көлемнен 9,5 пайызға артық. Оның ішінде жартысынан астамы өзіндік және несие қаражатына тиесілі.

Әкімнің атап өтуінше, инвес­тициялық белсенділік есебінен облыста экономиканың барлық дерлік негізгі салаларында оңтайлы нәтижелерге қол жеткізілген. Бұл әлеуметтік салада маңызды жобаларды және іс-шараларды іске асыруға мүмкіндік берді. Облыста құлдыраудың өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қолданылуда. Сондай-ақ ол, Ақмола облысында «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде жергілікті құрылыс индустриясының кәсіп­орындары өздерінің өндірістік қуаттылықтарын арттыруға мүм­кіндік алғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, өңір­де кәсіпорындардың тұрақты жұ­мысы индустриялық салада өсу қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 251 млрд. теңгені немесе өткен жылғы деңгейге қарағанда 106,1 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінде 108,6 пайыз болды. Жоғарғы қарқынға металлургия – 131,6 пайыз, химия өнеркәсібінде –161,7 пайыз, тамақ өнімдерінің өндірісі – 102,3 пайыз – салаларында қол жеткізілді. Индустрияландыру картасының жобалары қомақты үлес қосуда. Олардың өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 29 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 38 пайызды құрады. Республикалық көлемде облыстың үлесі: қосалқы бөлшек (подшипник) шығарудан – 100 пайызды, жүк автокөлігін құрастырудан – 60 пайызды, алтын өндіруде – 30 пайызды, құрылыс кірпіші 22 пайызды құрайды. «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру нәтижесінде жергілікті құрылыс индустриясының кәсіп­орындары өздерінің өндірістік қуаттылықтарын жүктеуді арттыруға мүмкіндік алды», деді С.Ку­лагин. Сонымен қатар, өңір­де жыл басынан бері Индустрия­ландыру картасына 6 жоба енгізіліп отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 8 кәсіпорын тіркелген болатын. «Қолда бар қосымша резервтер, кәсіпорындарды жүктеуді арттыру, жыл қорытындысы бо­йынша өнеркәсіп саласында өсу қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр. Индустрияландыру бағдарламасының бірінші бес­жылдық жоспарын іске асыру кезеңінде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2 есеге дейін артып, 2014 жылы 19 мың АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 78 пайызды құрады», деді өңір басшысы.

Ақмола облысының инвес­ти­циялық портфелінде құны 595 мил­лиард теңгенің 115 жобасы бар. Оның ішінде 7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 40 жоба – Индустрияландыру картасына қосылып отыр. «Екінші бесжылдыққа жобаларды іске асыру бойынша кең құлашты міндеттер, оң істер, айтарлықтай жоғары меже қойылды. Инвес­тициялар сомасы бойынша қазіргі жобалар 2010-2014 жылдары іске асырылған жобалардың құнынан 4 есеге артық», деді С.Кулагин.

Аймақ басшысының атап өтуінше, жобалардың басым көпшілігі өңдеу өнеркәсібінің салаларына жатады. Мәселен, жоғары қосымша құнымен өнімнің жаңа түрлерін өндіру игерілетін болады. Оның ішінде, цемент, байытылған каолин, астықты тереңдетіп қайта өңдеу өнімдері және басқалары бар. «Биылғы жылы біздің тарапымыздан астық және майлы дақылдарды қайта өңдеу жөніндегі ірі кәсіпорын, атап айтқанда, «Ақмола Бидай» ЖШС, темір-бетон өнімдерін шығаратын зауыт «Сапа Су» ЖШС іске қосылды», деп нақтылады әкім. Ал алдағы уақытта өткізілетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің қарсаңында құны 18 миллиард теңге тұратын Ерейментау ауданында алғашқы жел электр стансасы салынбақ. Жыл соңына дейін тағы 8 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың ішінде ірі жобалар – ет өңдеу кешені, бройлер етін өндіру жөніндегі құс фабрикасын атауға болады. Бұл ретте сонымен қатар, Қазақстан-Германия бірлескен кәсіпорны «ҚазГерҚұс» ЖШС өндірістік қуаттылығын 2 есеге арттыратынын, құс фабрикасының 2-кезегі іске қосылатынын да тілге тиек етті. Тұтастай алғанда, өңірде 11 жобаны іске қосудың есебінен 900 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Масальск темір рудасы кен орнының базасында ірі металлургиялық комбинат құрылысы жөніндегі жоғары технологиялық комбинатты іске қосу бойынша қаржыландыру мәселесі пысықталып жатыр екен. Жобаның құны шамамен 260 миллиард теңгені құрап отыр.

Негізінен ауыл шаруашылығы саласында зор басымдыққа ие өңірдің бұл бағытта да ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар екен. Мысалы, биылғы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы жиынтық өнімінің көлемі 228 миллиард теңгені құраған. Әкімнің айтуынша, экономикалық өсуге қолдау көрсетуде үлкен рөл об­лыстың аграрлық саласына жүкте­леді, онда 5 мыңнан астам ауыл­ша­руа­шылық құрылымдары қызмет етеді, жұмысқа қабілетті тұрғындардың 36 пайызы қам­тылған.

«Ағымдағы жылы АӨК-ті қаржыландыру 16,2 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға көп. Ол ауыл шаруашылығы өндірісінде тұрақты дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, ол ауа райы­ның қолайсыздығына қарамас­тан, Ақмола облысы егін жинау науқанын ұтымды аяқтағанын да атап өтті. «Дәнді дақылдардың жиынтық өнімі гектарынан 11,2 центнер орташа түсімімен 4,6 миллион тоннаны құрады. Биыл­ғы жылы сапалы астықтың айтар­лықтай көп көлемі жиналғанын атап өту қажет. Алынған өнім ішкі қажеттілікті қанағаттандырумен қатар, астықты елдің басқа да өңір­леріне және экспортқа шығаруға мүмкіндік береді», деді С.Кулагин.

Ауылшаруашылық құры­лым­дарындағы жалпы мал басы санынан етті бағыттағы ірі қара мал басының үлесі 80 пайызға дейін өскен. «Құс шаруашылығы өні­мінің өндірісі ұтымды дамып келеді, ол облыс пен елорданың қажеттілігін қамтамасыз етумен қатар, оны рес­публикадан тысқары жерлерге экспорттауға мүмкіндік берді. Құс еті өндірісінің көлемдерін ұлғайту жөнінде нақтылы мүмкіншіліктер бар. Ол мәселе төңірегінде біз бүгінгі күні жұмыс істеудеміз», деді әкім. Бұл ретте С.Кулагин Ақмола облысында жалпы жылдық қуаты 80 мың тоннаны құрайтын екі құс фабрикасының құрылысы жүргізіліп жатқанын алға тартты. Олар – Целиноград ауданында жылдық қуаты 20 мың тонна және Бұланды ауданында жылдық қуаты 60 мың тонна құрайтын кәсіпорындар.

Әкім өз есебінде өңірдегі бас­пана мәселесі де біртіндеп оң шешімін тауып келе жатқанын айтты. «Құрылыс саласында көлемді жұмыстар атқарылуда, ондағы өсу қарқыны өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 114,6 пайызды құрады. «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру көлемнің артуына ықпал етті, оның аясында облыста жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге 13 жоба іс­ке асырылды», деді өңір басшысы. Әкімнің сөзіне қарағанда, өңірде тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Қаржыландырудың барлық көздерінен салаға тар­тыл­ған инвестиция 20 млрд. теңгеге дейін артқан. Биылғы жылдың 10 айында барлығы 218 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ол өткен жылғы деңгейге қарағанда 138 пайызды құрайды. Тұрғын үй жағдайын 2 мыңнан астам отбасы жақсартқан.

Еліміздің өңірлеріндегі ауыл-аймақтардың басты проб­ле­маларының бірі инфрақұрылымның қолайсыздығы, ауыз судың жеткі­лік­сіздігі екені рас. Облыс басшысы осыған орай атқарылып жат­қан жұмыстар туралы да ақпарат­тармен бөлісті.

«Тұрғындарды сапалы ауыз суымен қамтамасыз ету біз­дің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі болып сана­лады. Облыс бойынша орталық­тандырылған сумен қамтамасыз ету 80 пайызды құрайды. Ал орталықтандырылмаған су жүйесі – 19 пайыз. Тасымалданатын суды пайдалатын тұрғындардың үлесі – 1 пайыз», деді С.Кулагин. Әкімнің атап өтуінше, өңірдегі сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйелерінің 10 жобасын іске асыруға 3,2 млрд. теңге бағытталған. Ағымдағы жылы 6 нысан іске қосылатын бола­ды. Ол тұрғындардың орталық­тандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесіне қолжетімділігін тағы да 14 мың адамға арттыруға мүмкіндік береді.

«Тасымалданатын судың түйт­кіл мәселесі кезең-кезеңмен шеші­луде. 18 елді мекенде су қоры бойынша іздестіру-барлау жұмыс­тары аяқталды, 9 елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжат­тама әзірленді. Жобаларды қаржыландыру халықаралық қаржы институттары есебінен орын алуы мүмкін. Бүгінгі таңда, біздің тарапымыздан Еуразия қайта құру және даму банкі қаража­тының есебінен Көкшетау қаласын сумен қамсыздандыру және су бұру торабының 3 ірі жоба­сын іске асыру жөніндегі мәселе пысықталуда», деді облыс басшысы.

Иә, айта берсек, облыс әкімінің ақпараты бір мақаланың көлеміне сыймасы анық. Негізгісі, әкімнің журналистер алдында жария еткен өңірдің тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайындағы ақпараттарынан облыстың бүгінгі жағдайын аңғару қиын емес. Бастысы, мақсат – айқын, бағыт – белгілі. Ендігісі, іске сәттілік керек.

Дереккөз: "Егемен Қазақстан"

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар