Қалай күліп жүрміз?

/uploads/thumbnail/20170708151249902_small.jpg

Телеарналардағы сатиралық қойылымдар жөнінде

Белгілі сатирик Сейіт Кенжеахметовтің «Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім» деген жақсы бір сөзі бар. Түсінген адамға мағынасы өте терең. Кезінде қазақ сатирасы төрден ойып тұрып орын алатын еді. Қазір ше? Әзілдің артында ащы шындық бар. Сатираның тарландары Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтер өз заманында қазақты тек күлдіріп қана қоймай, тереңнен толғандыра да білетін. Бұлардың туындыларының күні бүгінге дейін маңызын жоймағандығы да сондықтан болар. Одан кейінгі бізге таныс Сейіт Кенжеахметов, Темірбек Қожакеев, Үмбетбай Уайдин, Ғаббас Қабышев, Мыңбай Рәш, Көпен Әмірбек, Толымбек Әлімбекұлы, Мұхтар Шерім, Алпысбай Боранбайұлы еңбектерін оқып отырып езуіңе күлкі үйіріледі. Күнделікті тіршілікте болып жататын уақиғалар әзіл-қалжыңмен, астарлы әжуамен бейнеленеді.

Міне, осындай дүниелерді халыққа жеткізу жағы кемшін түсіп жатыр. Қазіргі сатирамызда пәрмен болмай тұр. Сатира – тәрбиенің басты құралы десек, осы құралды орынды іске асыра алмай келеміз. Кезінде сатирадан, уытты әзілден қоғамның көлеңкелі тұстарын көріп, одан қорытынды шығып жататын. Сол кездегі фельетондар мен сын сада­ғына ілінгендердің іс-әрекеттері тексеріліп, қатаң жаза қолданыпты дегенді де еститінбіз. Астарлы әзілден өзін көру немесе өзіне ұқсату арқылы аяғын аңдап басып, теріс әрекеттерін ар тезіне салатындар да кездесетін. Ал қазір сатирадан пәрмен кеткені былай тұрсын, «ымды түсінбеген дымды түсінбейдінің» заманы туды. Дәл бүгінгі қоғамда сатираға ілінген дүниелерге биліктегілер пысқырып та қарамайды. Себебі бүгінгі сатираның басты тақырыбы – әлсіз, зорлықпен жасалған дүниелер. Қарапайым халықты алдарқатуға құрылған бос сөз, жеңіл-желпі арзанқол көрініс. Жасандылық көбейді. Күлдіремін деп өздері күлкіге қалып жүргендердің саны барған сайын артып барады. Күлкіге шақыруға біреу епті, біреу епсіз келеді. Оның барлығы артистің шеберлігіне байланысты дүние. Бір кезде «Тамаша» ойын-сауық отауын халық қалай қарсы алды. Тай-тұяғы қалмай отырып көретін. Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейірман Нұрекеев, Уайыс ­Сұл­тан­ғазин, Тоқсын Құлыбеков сахнаға шығып келе жатқанда-ақ олардың жүріс-тұрысы, актерлік шеберліктерінің өзі күлкі ша­қы­рып тұратын. Сірә, мұндағы қойы­лымдар табиғатымызға, қазақылыққа жа­қын болғандықтан да жылы қабылданған болар. Енді қазіргі сатирамызға тоқталып көрелік. Қай телеарнаның тетігін бассаңыз да мән-мағынасы жоқ, жеңіл-желпі шоу-думандарға әуес болып кеттік. «Базар жоқ» деген атаумен өмірге келген Тұрсынбек Қабатовтың ғажайып әзіл әлемі «юпи»-ге дейін айтып, қыран-топан күлдіріп, халықтың ризашылығына бөленген-ді. «Әзіл әлемі» деген жаңа атау алғанымен, дәл қазіргі жағдайда ізденістің жоқтығы байқалады. Айтары таусылғандай, әзілдері сұйылып бара жатқандай әсерде қаласыз. Одан бөлек «Түнгі студия», «Ду қол шоколад», «Тойbeststar» сияқты бағдарламалар да айтары жоқ, арзанқол шоулар. Осы жерде айтып өтетініміз, біздегі әзіл-оспақтардың барлығы батысқа еліктеуден туындап отырғанына көрермен куә. Бұған дейін ел арасында ашу-ыза тудырып, бүкіл қазақ халқын әжуалаған «Наша казаша» бағдарламасының жабылып тынғаны белгілі. Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тіпті қарияларын келемеждейтін, үйленіп жатқан жастарға беретін батасына дейін мазақ ететін бұл сайқымазақ шоудың ұлтқа абырой әпермегені анық. Осындай сайқымазақтықты қайталап көрсеткеннен ұтатын кім, ұтылатын кім?! Бүгінде мұның қатарына КТК телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Тойbeststar» бағдарламасын қосуға болады. Той – қазақтың дәстүрі. Қазақтың тойының мәртебесін көтерудің орнына бұл бағдарламада ұлтқа жат нәрселер көрсетіледі. Насихаттаудың орнына кемсітушілік басым. Ең жақсы бейнетас­паны жіберіңіз дейді де, көрерменнің жібергені деп босағаны жаңадан аттаған келінді секіртіп билетіп қояды. Қай заманда жаңадан түскен келін секіріп билейтін дәстүр бар еді, босағаны енді аттап, бетін ашқан келін ұяң, ізетті болмаушы ма еді… Қай жағынан алсаңыз да қазақ­тың атына кір келтіретін жеңіл шоу. Ең сорақысы, 22-наурызда Тойжарыс өткі­зіп, ең үздік бейнетаспаға жылқы мін­гіз­бекші. Ұлттығымызды ұлықтайтын емес, дәстүрімізді аяқасты етіп отырған тал­ғамсыз бағдарламаның басты мақсаты не?! Осылайша сатирамыз төрдегі орнынан айырылып барады. Нағыз әзілдің сыйқы кетті. Қазақы қалжың мен уытты әзіл жоқтың қасы. Оның есесіне ақ жаулықты әжелеріміз бен көрші қатын-қалаштың рөлін басына орамал тартып арланбай сомдайтын қазақтың намыстан жұрдай ер-азаматтары көбейді. Ұят далада қалып, шынайы күлкі есіктен сығалайтын дәрежеге жеттік. КВН де үмітімізді ақтамай тұр. Қанша күлейін десең де, арзанқол дүниелерді көргенде ішің ашиды. Сөздің төркінін түсінбейтін, әзілдің қадірін бағаламайтын халдеміз. Бұдан шығатын қорытынды – сатираны електен өткізу керек. Бізде сұрыптау жетіспейді. Кез келген бағдарламаны сахнаға шығарар алдында таңдап-талдағаннан кейін ғана қалың көрерменнің назарына ұсынған дұрыс. Осыны ескермейтініміз қалай?

Бағдагүл Балаубаева

Қатысты Мақалалар