Айтыс – қазақтың бабадан балаға мирас боп қалған төл өнері. Қазақ тарихында ақиқаттың алдаспаны болған талай ақынның шығармашылығы киелі өнеріміздің өркендеуіне өзек болды. Бүгінде айтыс өнері қазақ әдебиетінің күрделі бір саласы ретінде ірі зерттеулерге де негіз болып отыр. Айтыс тақырыбында көптеген ғалымдар ірі-ірі зерттеу жұмыстарын жазуда. Қазақ барда айтыс өнері – өміршең. Назарларыңызға айтыс тақырыбына қалам тартып жүрген, Оразалыдай айтыс оғланының өмірі мен шығармашылығын ғылыми еңбектеріне арқау еткен ғалым, Оразалытанушы Смағұл Жұмаділұлымен болған сұхбатты ұсынамыз.
- Айтыс – қазақтың сүтпен бітіп, сүйекке өткен өнері. Айтыс өнері туралы еске алатын болсақ, кешегі Сүйінбай, Жамбыл, Көдек, Құлманбеттерді, арғы беттен Құрманбек, Жамалхан, Еркіндерді тілге тиек етпей кете алмаймыз. Айтыстың сол алып діңгектерінің бірі Құлманбет туған топырақтан сен де шығып, жарқ етіп мезгілсіз сөнген жұлдыз Оразалы жайлы ғылыми диссертация жазған едің. Ораз деп ат қойған, үш жасар ұлыңның да Ораздың өлеңдерін жатқа айтатынын білеміз. Былтыр Жазушылар одағында өткен «Оразсыз өткен он жыл» еске алу кешінде Ораздың өзің сияқты ізбасар інілері оның «өлмегенін» тағы бір паш етті. Өзіңді таныстыра кетсең және Оразалы туралы еңбек жазуыңа түрткі болған жайларды айта отырсаң?
- Арғы бет деп жүрміз ғой, Іле Қазақ облысында біздің Нарынқолмен шекаралас Текес деген аудан бар. Мен сол Нарынқолдан басталып ағатын Текес өзенінің бойында туып өстім. Әңгіменің басы Оразалы ғой. Иә, рас, 2008 жылы Абай атындағы ҰПУ(ол кезде педагогикалық институт. –ред.) бітіргенде дипломдық жұмысым -«Ақын Оразалы Досбосыновтың әдеби мұрасы» атты ғылыми еңбек болды. Ғылыми еңбек болғаннан кейін, Оразалы бәленмен айтысқанда бүйтіп айтты деген жай ғана сөз ғылым болмайды екен. Кейін оны толықтырып, зерттеп, 2013 жылы қара шаңырақ Абай атындағы оқу орнында магистрлық диссертация қорғадым. Әрине, бұл еңбек Ораздың мол мұрасын түгел қамтып кетпеген шығар. Десе де, оның есімін ғылым ретінде кейінгі ұрпаққа қалдыруға үлес қоссақ деген ой еді.
Оразалы туралы еңбек жазуымызға себеп болған, бала кезімізден Айтысқа құмар болдық. Студент кезімізде айтыстық. Әлі де жыр додасынан алшақ емеспіз. Бала шағымызда Ораздың жырын жаттап өстік. Ата-анамызда оның өткір өлеңдерін тамсанып айтып, аузынан тастамайтын. Әкем Ораздың сөзі деп: «Келу де, келмеу төркінге,
Байдағы қыздың еркінде» дегенді жиі қайталап жүретін. Осылай Ораздың сөзі де, есімі де құлағымызға әбден сіңді. Есейгеннен кейін айтыстарын көрдік, жаттадық. Қазақтың ұмытылып бара жатқан сөздерін қайта жаңғыртып, өлең табиғатын көркемдей түскен, әдебиетті тұнық иірімге жетелеген, өткір теңеулеріне тәнті болдық.
Оразалы ақын – Мұқағали өмірден өтерден бір жыл бұрын, 1975 жылы 15 қарашада Райымбек ауданының Тегістік ауылында дүниеге келген екен. 2005 жылы анасымен жолыққанымда ағынан жарылып мынадай әңгіме айтып беріп еді: Ораздың әкесі үш ағайынды екен. Жарылғасын, Қасым, Оразалы деген. Жарылқасынның ағасы Оразалы Қытайда Текес жерінде ақын болған, жыршы болған кісі екен. Сөйтіп, өнер қуып жүріп хабарсыз кетіпті. Жарылғасын әкей сол бауырының аты өшпесін деп ұлына Оразалы атын беріпті.
Осы орайда, «Оразалы Айтысқа не әкелді?» деген заңды сұрақ туады. Ораз бүгінгі қазақ айтысына байырғы бабалардың үнін жеткізгендей болды. Сүйінбай, Жамбыл сияқты Жетісу ақындарына қарайтын болсаңыз көбінесе 7-8 буынды шұбыртпалы жыр болып келеді. Оразалы сол дәстүрлі жыр өрнегін, суырып салмалықты, толғау түрінде айтуды бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Оразалы «Ең алғаш өлең жазғаным 9 жасымда болса керек» деп өзінің сұхбаттарында айтады. Ондағы өлеңі мынау екен:
«Өрісте жазылып жүр зеңгі баба,
Екі бұттың арасы өңкей мама». Ол сұхбатында: «Алтыншы сынып оқып жүргенде алғаш айтысқа шықтым. Тұсауымды Бағашар Бижанов деген ақын кесті. 13 жасымда Есенқұл ағаммен айтыстым» деп айтады. Сонда Есенқұл Жақыпбеков ағамыз бала Оразға:
«Делдиген танауыңнан айналайын,
Кәдімгі жарқанаттың қанатындай», - десе, Ораз да қарап тұрмай:
«Сіздің де түріңізден айналайын,
Татардың үйрек баққан баласындай», - деп жауап беріпті.
Ораздың өзінің айтуынша, оны дүйім жұртқа танытқан 1994 жылы Республика сарайында болған айтыс. Ол айтыста Ораз «қырғыздың бас ақыны Туғанбай Әбдиевті тас талқан етіп жеңдім, Айтыстың 28 рет чемпионы болған Абаш Кәкеновпен иық теңестірдім» дейді. Оразалының айтысы міне сол кезден бастап халыққа кеңінен танылды. Кейінгі, бес ақынды бір күнде жеңгені Алты Алашқа Ораздың атын мәлім етті.
- Жүрсін ағамыз «Бала Ораздың аузынан ел естімеген сондай бір көркем сөздерді естіп, бұндай сөздерді қайдан тауып алды» деп таң қалатынбыз дейді. Бұдан Ораздың ізденетін, тапқыр болғанын біле аламыз ғой. Ораз бұндай құрметке жетуге қалай жол алды?
- Оразалыны халық «теңеу сөздің төресі, қырғыз ақынның «киләлері»» деп біледі. Ораздың айтысқа әкелген жаңалығы теңеулер. Екінің бірінің аузына түспейтін сөздер мен кісінің ойына келмейтін теңеулерді, солай сөз саптауды Айтысқа Ораз алып келді. Бұл туралы көркемдік жағынан ғылыми еңбегімде зерттелді. Оның өлең сөзді көркемдеу тәсілі ғажайып. Алғашқы бір айтыстарында Серік Құсанбаев ағамыз заманыңды жырла деген кезінде, Оразалы ағамыз:
«Қазағымның заманын қалай айтам?
Айтпаса да өздері біліп отыр.
Қазағым, сенің мына заманыңның,
Бір көзі әу бастан-ақ, өзі соқыр
Бір көзін әдейілеп жұмып отыр», - деп жырлайды. Ол осындай керемет, тосын теңеулерімен жұрттың алдына жарық етіп шықты.
- Оразалының осындай орағытқан айтыстарынан үзінді айтып берсеңіз!
- Оразалының қай айтысы болса да тапқыр, көркем. Әліге дейін елдің жадынан өшпей жүрген айтыстарына Дәулеткерей ағамызбен болған айтысы, Ринатпен айтысын, Қырғыздың екі ақынымен айтысын, Еркін Ілиясұлымен айтысын, өзім көре алмаған, материалын қолыма түсіре алмаған Түркістанда өткен Бекарыс Шойбековпен айтысын атап өтуге болады.Солардың ішінде оның керемет суырып салмалығын айшықтайтын айтыстың бірегейі 2003 жылы Дулат Бабатайұлының 200 жылдығында Ринатпен айтысы:
Ринат:
«Бісміллә, тілегімді бер Тағалам.
Тұлпардың туа біткен серті аламан.
Батырдың рухымен байрақ ұстап,
Ақынның жырыменен шер тараған.
Шапқанда шаршы топта сүрінбесін,
Жез тұяқ, қамыс қанат ерке балаң!», - деп шұбыртады. Сонда Ринаттың сөзден жаңылған тұсын Ораз бірден ұстап:
«А, өзіңді қай теңеумен атастырып,
Айттың сен біраз сөзді атап тұрып.
Жез тұяқ, қамыс қанат балаңмын деп,
Және де бір сөз айттың шатақ, қызық.
Жез тұяқ дегеніңіз жаман екен,
Жез өкшемен алмайық шатастырып.
Болат тұяқ дегендер болушы еді,
Саған тізіп берейін, атап тұрып.
Ал, енді қамыс қанат дегенің не,
Осындай арзан сөздің керегі не?
Қамыс құлақ дегенді естуші едім,
Көзіңді жеткізейін дерегіме.
Оразға ұқсап Ринатжан сөйлеу үшін,
Ауыз әдебиеттің бар тереңіне!», - деп төкпелейді. Сол кезде Ринат та сөзден тосылмай:
«Негізінде, ол дұрыс қамыс құлақ,
Бұл сөзің бүкіл елге таратылғай.
Қалқиған мына менің қос құлағым,
Ұшқанда боп кетеді қанатымдай», - деп келеді де, -
«Не қылды, тырнақ асты кір іздедің,
Жоқ жерден бәле тауып құныққан ба?
Мен қақсап құлағымды қанат құсап,
Соңымнан күшік құсап ұлып қалма», - дейді ғой. Осы кезде Оразалы ағамыз тағы да қапелімде сөзден ұстап:
«Еркелеп, Ринат інім шымшылайды.
Жырына қайта-қайта құн сұрайды.
Күшіктей ұлып қалма деп айтасың,
Сөз емес маған айтар бұл шырайлы.
Өзіңдей ақылы аздау інілерге,
Үйретуден көңілім тыншымайды.
Тағы да ескертемін Ринат саған,
Күшіктер ұлымайды, қыңсылайды», - деп жауап қайырады. Осыған қарап отырсаңыз, Оразалының ауыз әдебиетті терең меңгергенін байқайсыз. Өйткені айтыстағы тазалығы, қателікті байқап қана қоймай, түзетіп отыруы Ораздың суырып салмалықтан бөлек басқа ақындарда болмаған ерекшелігі. Сол айтыста сөзден жаңылғанын Ринаттың өзі де кейін мойындап, айтып жүрді. Бұл, айтыс ақынына тән үлкен, әрі, керек қасиет.
Осы айтыста Ораз Дәулеткереймен де айтысады. Дәулеткерей ағамыз:
«Жайықты келіп алғанда,
Жағаға қолды салғанда.
Есілді келіп алғанда,
Есіңді келіп алғанда,
Сарыарқа жұмақ – сары алтын
Төсіңді келіп алғанда,
Ұлы Абайыңның басына,
Атомын әкеп жарғанда,
Құдағайыңның қасына
сасығын әкеп салғанда,
Осы бір сөзім жалған ба?!...», - деп келетін ұзын да ұзақ, кісі бойын тебірентер төкпесімен жиналған жұртты желпінтіп тастайды. Өстіп түйіндеп келген кезде, кезегі келген Оразалы ағамыз:
«Құлдыраңдадың қоянша,
Бұзау тіс менің сөздерім,
Шабыңнан шағып шаянша.
Бақырауық келер ақ серке,
Бауыздалар шағы таянса», - деп, бір-ақ ауыз сөзбен жауап береді. Осы айтысы Ораздың айтыстарының шыңы. Осы айтыс біткеннен кейін Жүрсін Ерманның «Қазақтың тілі қандай көркем,қандай бай, оны Ораз паш етті» деп, ризалық білдірген, ерекше пейілі бар.
Ораздың толғауларына келсек, ел арасында «Мінген атым астыма Домбыра деген ақтангер» деп айтылып жүр. Халық ішінде, той-томалақта әнге қосылып шырқалып жүр. Асабалар да айтып жүр. Бірақ кей сөздері өзгеріп кеткен. Үстінен сөз қосылған. Бұның да өз тарихы бар.
2001 жылы жекпе-жек айтысы болды. Бұл ең алғашқы жекпе-жек, теле арнадан тікелей эфир арқылы таратылған. Қатысқан ақындардың ішінде 4 ақын финалға шығады. Серік Құсанбаев пен Бекарыс Шойбеков айтысында, Серік ағамызға Бекарыс «Кезінде Шымкенттің бір қызына ғашық боп едің, бірақ қалың малы қымбат деп ала алмадың» деп намысын қайрайды:
«Шымкенттік бір қызына ғашық бопсың,
Көңіліңнің 18-көктемінде.
Бірақ та қалың малы қымбат деп сен,
Сонда неғып мақсатыңа жетпедің бе?
Кешегі бабалардың салтыменен,
Шын сүйсең алып қашып кетпедің бе?». Сонда, Серік Құсанбаев ағамыз:
«...Ән салдық, қаламыз деп, даламыз деп,
Шымкенттің бір қызын аламыз деп,
Сотталып кететұғын шамамыз жоқ», деп жауап береді. Сол кезде Бекарыс ағамыз табан астында:
«Өзің біл, өзіңді өзің жиі алдасаң,
Осылай сөйлер ме едің ұялмасаң.
Махаббатыңның жайы белгілі екен,
Бір қыз үшін басыңды қия алмасаң», - деп сөзден сүріндіреді. Бірақ, осы айтыста Серік Құсанбаев ағамыз жеңді деп ақтық мәреге шығарады. Екінші жекпе-жек Ораз бен Мэлстің арасында өткен болатын. Мэлсті жеңген Оразалы бас жүлдеге таласта Серік Құсанбаевпен айтысады. Жоғарыдағы толғауын Ораз сонда Серік ағамызға айтады, онда былай деп келеді:
«Өлең де, жырды мен едім,
Домбыраменен толғаған.
Қолына алса домбыра,
Оңды солды болжаған.
Қытайда жұртым біздің жұрт,
Аспанын қазақ торлаған.
Мінген атым астыма,
Домбыра деген ақтангер.
Қаумалап тұрған ағайын,
Бізге де бүгін сақтан дер.
Мақтанбай-ақ айтайын,
Бұл жырды біреу мақтан дер.
Біреулері жаттан дер.
Монғолияда біздің жер,
Қазақ малын баққан жер.
Астрахан да біздің жер,
Абылай бабам шапқан жер.
Орынбор да біздің жер,
Шоқан ағам басқан дер.
Ташкент те біздің жер,
Жалаңтөс Баһадүрменен
Төле би бабам жатқан жер», - деп жырдан маржан шашып отырғанда, ақынға дем беріп артына жайғасқандардың ішінен Айтақын Бұлғақов ағамыз қайта-қайта «шап, шап» деп отырады. Сонда көмейі бүлкілдеп өлең төгіп отырған Оразалы:
«Шап десең бүгін, шабайын,
Отырсаң егер сілкіп сен.
Сайрауға бізге тіл біткен,
Демегін мені кім тіптен.
Москва да біздің жер,
Әлия боп, Мәншүк боп,
Қасымдайын көкелер,
Қырғынға қарсы бір түскен.
Мәскеу үшін шайқаста,
Бауыржан дұспан үркіткен.
Германияда біздің жер,
Германияда біздің жер,
Рахымжан Қошқарбаев бабам ту тіккен», - деп орағытады. Сонда Серік Құсанбаев:
«Айналайын Оразжан,
Германия сенікі болса,
Тартып неге алмайсың?
Мысалы сол елдерге,
Визасыз қазір бармайсың?
Барлығы біздікі деп,
Халықты неге алдайсың?», - дейді. Оразалы ағамыз жауабында:
«Барлығын біздікі деп айта салдым,
Танытып қазағымның ірі екенін.
Кейінгі ұрпақтар да біле жүрсін,
Аруақты бабасының кім екенін», - деп түйіндеп жауап береді.
Жоғарыда айтылған толғауға біреулер:
«Мекке Медине де біздің жер,
Құнанбай мешіт салған жер.
Египет те біздің жер,
Бейбарыс сұлтан болған жер.
Франция да біздің жер,
Қажымұқандай балуан
Чемпиондық атақ алған жер» дегендерді қосып, Оразға теліп айтады. Негізі бұл қосылған сөздер Ринаттың Оразға айтқан сөзі болатын. Осыны Ринат Оразға айтқан кезде Оразалы:
«Өз сөзімді өзіме айтып отсың,
Қой терісін жамылған қасқырға ұқсап» деп жауап беретіні бар.
Сондай-ақ, осы толғауға байланысты:
«Қазағым мен қырғызым,
Домбырамның тиегі.
Ақаев та қазақ болған ғой,
Қазақтың ол да жиені.
Роза Отынбаева да қазақ,
Қазақ екен күйеуі» деп келетін мынадай да сөздерді Оразалыға телиді. Бұл да оның жыры емес. Мен тыңдаған айтысында бұл сөздер жоқ. Қисынға салсаңыз да, Марқұм Оразалы аға арамыздан 2004 жылы озды. Роза Отынбаева болса соңғы 3-4 жылда ғана саясат сахынасына шыққан тұлға. Осындай жамалған, телінген сөздер шын мәнінде Ораз айтпаған сөздер. Сондықтан да ақынға қиянат жасамай, өлеңін айта жүрсек те, тазалығын сақтап айтуымыз керек деп ойлаймын.
- Жүрсін Ерман ағамыз «Оразалының айтысы ғана емес, айтысқа әкелген, қосқан әуендері де құбылыс» дейді. Ораз өлең салған әуендерге тоқтала кетсеңіз?
- Ақын інілері Ораздан он мақам қалды деп жүр. Оның нақты қай мақамдар екенін білмеймін. Мен білетін 3-4 мақам бар.
«Армысың қабырғалы қалың қазақ,
Заманы болып тұрған залым, қазақ.
Ешкідей еміс-еміс еркелейміз,
Біреудің бақшасында талын ғажап.
Анда-санда аулаға сиыр кірсе,
Қуып жүріп өлтіреміз айыр қадап.
Анда-санда бүйрегі бүлік етпесе,
Дегенмен, біздің қазақ – бауырмал-ақ», - деп түйіндейді.
Ең алғаш сахнаға шыққан кездегі тамаша әуені болған:
«Бәйгеге тұлпар қоспас, таң асырмай,
Қайнатпас қаймақ үшін қара судай.
Сәлемімді ал, мен саған менменсінбей,
Өзіңе сәлем бердім нағашымдай.
Ал, мынау халқымызға бас иейік,
Жемісі жерге иілген ағашындай! Хайлалилилла-лай», - деп келетін бір әкені бар. Сосын, 1998 жылы бір айтыста, Шорабек Айдаров ағамызбен сөз қағысында салған, жыраулар дәстүріндегі бір әуені бар. Ол айтыстың ерекшелігі, Оразалы сахнаға шығар кезде қарсылас табылмай қалады. Шорабек Оразды қарсылассыз қалмасын, келесі айналымға өтсін деп, залда отырғанынан қасына ертіп ойып ортадан шығады. Сонда Ораздың айтқаны:
«Шорабектей ағамнан айналайын,
Мойнымды оңды-солды бұрғызады.
Залда отырған жерімнен алып шықтың,
Жатқан пілді піл ғана тұрғызады», - деп айтады. Сонда Шорабек ағамыз:
«Тым аз ғой, Шорабектің білетіні,
Сондықтан елдің маған күлетіні.
Жатқан пілді піл ғана тұрғызғанмен,
Қанденнің оған жаман үретіні», - дейді. Бұл енді деңгейлес ақындардың сөз саптасы болса керек. Ораздың сол кезде салған әуені, айнытпай салу қиын, солай болса да айтып көрейін:
«Армысың бөлтірік ел қасқыр емген,
Әтеш түрткі көрген әккілерден.
Жаратушы Алласын автор қылып,
Пайғамбарын әшейін хатшы көрген.
Су сұрасаң сүт берер, айран берер,
Жалған дүние емес қой жақсы жеңгең.
Құрманғазы бабам да қу тірлікті,
Құдіретті күйімен жақсы берген.
Сыр мінез парақорлар көбеюде,
Шеттерінен барлығы папка көрген.
Көңілі қай қазаққа толар екен,
Хан кене келсе қазір қарт күреңмен?!
Соғуы дұрыс болса тамырыңның,
Қарны ашып қашпауы сол қажырыңның.
Қылыш тілді қыл көмей бұл қазақтың,
Таудай сөзін келмейді тары қылғым.
Бес минуты бекерге өтпесе екен,
Көретін бес күндік жарығымның.
Сорпа терім шыққанша сөйлейін бір,
Соғуы дұрыс болса тамырымның.
Қыз ғұмыр, қыран жүрек Сабира да,
Алдаспанын сілтеген нағыз ұлдың.
Қайқы қылыш, қайсар ұл қайрат ерің,
Алмастығын көрсеткен азуының.
Ерлерінің есімін ел ұмытпас,
Сақталған тәбәрігі ол тәңірінің.
Шығып кеткен жүрмесін санамыздан,
Сағымы сияқтанып сары күздің.
Адам пенде болғанда дәмін білмес,
Періште кезде емген саруы уыздың», - деп келеді. Әуен дегенде, айта кетерлігі бұл мақамдар халықтың арасында жер ғана отарланбай, мәдениетке де бұғау түскенге дейін болған, ел арасында айтылған, Сүйінбай Қатаған айтысында бар әуендер. Оразалы осындай көмескі тартып қалған мақамдарды жаңғырта айтып, аздап өзгертіп, бейімдеп айтыс сахнасына алып келді. Мысалы «Хайлалиллалилай» деп келетін әуен Жамбылдың әуені деп айтылады. Дәл Ораздың өзі жанынан шығарған дейтін әуенді мынау деп кесіп айта алмаймын.
- Құлманбет, Көдек деп жатырмыз ғой. Оразды Құлманбеттің құлыны деп қоямыз? Бұндай атау қалай пайда болды?
- «Құлманбеттің құлыны» туралы Оразалы ағамыз Дәулеткереймен болған айтысында айтқан:
«Бақсыз жерде бақ шаппас,
Айғайға қаны қызынбай.
Жігіттің бағы жанар ма,
Бір Аллаға сиынбай?
Арғы атам Көдек ақын ед(і)
Өлеңнің асқақ туындай.
Қойдым мен Шарғын сөйлесе,
Шөл қандырыпты ел, кеше,
Әбілхаят суындай.
Таңжарық ақын сөйлепті,
Қылықты екен сөздері,
Қызайлардыңқызындай.
Бүгінгі мына жиында,
Мен де солай сөйлейін,
Сылдыр судай сұйылмай.
Өйтпесем, мені кешірмес,
Атамыз Жамбыл, Сүйінбай.
Құлан аяңға салайын,
Құлманбеттен қалған құлындай.
Сен қолдап берсең өр елім,
Күшіне енер өренің.
Күшәла қосқан қымыздай», - деп айтқан жері бар Бабатайұлының 200 жылдығында. Бұған қоса, 2004 жылы Әбілқайырмен айтысында:
Сөйлейін, бүгін, сөйлейін,
Кезім жоқ сөзден ақсаған.
Кезегім келіп тұрғанда,
Кезеңнен неге жасқанам?
Сендей қара нарлардың,
Шойындай белін шойырып,
Аш бөрідей аттаған.
Қырғызбенен айтыссам,
Қазақ деген халықтың,
Намысын әр кез ап қалам.
Осы сөзің бе тоқтаған?
Атым Ораз болғанмен,
Отыздан жасым аспаған.
Иегім сақал жаппаған.
Сүйінбаймын, Жамбылмын,
Таңжарықпын, Шарғынмын,
Басынан сөз аспаған.
Көдектен қалған бір ұлмын,
Қызай мен Қытай арасы,
Жырларын жата жастаған.
Құлманбеттен қалған құлынмын,
Құлманбеттен қалған құлынмын,
Халықтың өзі баптаған» , - деп келеді. Осы екі айтысынан кейін ел Оразалы ағамызды Құлманбеттің құлыны деп кетті ғой.
- Қазақ «қолда барда алтынның қадірі жоқ, Қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деп жатады ғой. «Оразалы айтыста көп әділетсіздік көрді» деп кейіп жүрген де кісілер бар. Олардың уәжі қаншалықты орынды? Оразтанушы ретінде не дейсің?
- Халық айтса, қалт айтпайды дейді. Оразалы ағамыздың айтыста әділетсіздік көргені ақиқат. Бұл жайлы Жүрсін ағамыз да көптеген пікір айтып жүр. Өз ойымда ол кісінің кей пікіріне келісемін, кей тұсына келіспеймін. Бірақ, Оразалыны «от ауызды, орақ тілді Ораз» қылған, айтысқа жетелеп алып келген Жүрсін ағамызға барша айтыс сүйер қауым ерекше рахмет айту керек. Жүрсін ағамыз айтады, 1998 жылы бір айтыста Оразалыны қазылар қақпайлайды. Кейін, Жүрсін ағамыз Ораздың:
«...Шауып түсер сөз айтқан шаршы топта,
Шалғысын шалдың өзі шыңдағандай.
Сынапты сыпырнадан жинағандай», - деп келетін сөздерін қайта тыңдап, қазылармен дауласып, Оразалыны қайта финалға қатыстырады. Жүрсін ағаның өлеңі бар:
«Тәуір ақын шықпай қалса финалға,
Арқасынан қағып демім қиналма.
Дұспанымның көбейгенін білемін,
Қазыларды қайырылтам деп иманға», - дейді. 2001 жылғы жекпе-жекке қайта оралсақ, Серік Құсанбаев ағамыз жеңді деп бәйгені сол кісіге берді. Мәселе машинада, жүлде де емес қой. Бірақ халық қатты наразы болды, сөйтіп өзінің шын жеңімпазын таңдады. 2002 жылы Наурыздағы айтыста, Ораз бен Айнұр Тұрсынбаева айтысты. Сол кезде Айнұр:
Ораз-ау, жұртқа белгілі,
Жекпе-жектің хабары.
Жасалған сізге қиянат,
Бүкіл қазаққа тарады.
Озып келген ақынды,
Аяқтан неге шалады?
Аман болса, бұл Ораз,
Талай бәйгені алады.
Мың жерден майыстырғанмен,
Алтын – алтын боп қалады». Сонда Ораздың айтқаны:
«Бас басына би болған,
Құлқынына құл болған,
Биліктіге талғам жоқ.
Қазы бермес бәйгемді,
Мен халқымнан алғам көп.
Шашырап жатқан хандар көп,
Шашау шыққан малдар көп.
Атан өлсе, тайлақ бар,
Құнымыз жерде қалған жоқ.
Үмітті тайлақ бір күні
Үйірге түсер азбан боп.
Айналайын, Айнұр-ау,
Көлік мінген ақындар,
Көкке ұшып кетіп қалған жоқ.
Осынау елдің алдында,
Өзіңменен айтысқан,
Тартысқан да шарпысқан,
Менде де бүгін арман жоқ», - деп жауап береді. Айнұр апайымыздың да бір ерекшелігі бірнеше ай бұрын ғана болған айтыста Оразалыға жасалған қиянатты ел алдында айтты. Оған Ораз да «Көлік мінген ақындар, Көкке ұшып кетіп қалған жоқ» деп, салмақты, сабырлы жауабын берді. Оразалы жүлдені көздемеді, десе де қазылардан көрген қиянаты көп болды. Оразалы ағаның көлік мінгені, немесе мінбей қалғаны жөніндегі таластардың менің зерттеуіме еш қатысы жоқ. Алайда, жеңіп тұрған жерінде жеңілген жері көп болған. Ораз ақынның Айнұрмен айтысында басында айтар сөзі бар:
«Армысың Мұхаммедтің үмбеттері,
Керуенбіз, сіздер мен біз – бір көштегі.
Қазының бүйректері кімге бұрып,
Қайсыңның бағың жанар бұл кештегі», - деп айтатын. Бұдан, қазыдан көрген қиянат Ораз ағамыздың өзінің де қабырғасына батқаны көрініп тұр.
Екі нәрсенің арасын айырып алған дұрыс. Мен Оразалыны зерттеуші ретінде оның жеңіп тұрған жеңілген кездерін айттым, бірақ, жүлде беру Жүрсіннің қолында емес еді, кейбіреулердің осы тұстан ол кісіні кінәлап жүргені бекер. Оразалы Дүниеден озғанда Жүрсін Ерманның жазған өлеңі бар:
«Сенің үйің үйлердің шеткісі еді,
Түнгі қонақ шеткі үйге кеп түседі.
Домбыраңды әлдилеп жүргенде,
Домбыраңның үзіліп кетті ішегі», - деген. Осы өлеңін былай түйіндейді:
«Қош бол енді тәуелсіз қағанаттың,
Туғанынан тауқыметке тәуелді ұлы», - деп. Бұл өлеңнен Оразалы ағамыздың отбасылық қиындықтарын, басқа да көрген тауқыметтерін түгел аңғаруға болады.
- Тағы бір үлкен тақырып – Оразалының қырғызбен айтысуы. Біреулер 5 ақынды жеңген, біреулер 8 ақынды жеңген деп жүр. Осы туралы айтып берсеңіз?
Оразалы ағамыздың қырғызбен айтысқаны ерекше айтыс. Жоғарыда 1994 жылы Қырғыздың бас ақыны Туғанбай Әбдиевті жеңгені туралы өз сөзін айттық. Ол айтыс менің қолымда жоқ. Бірақ Махамбеттің 200 жылдығына арналған айтыста Оразалы ағамыз қырғыздың Жеңішбек, Елмербек деген екі ақынымен айтысты. Ол ақындар әзір де айтысып жүр. Олардың да өнердегі жолын білемін. Елмербек ірілеу ақын болғандықтан оған айтатын Ораздың бір керемет теңеуі бар. Басқа қаны болса дәусің, ірісің деп айтып отырар ма еді, Оразалы:
«Аман-есен келдің бе дәу қырғызым,
Басбармағы балтаға сап боларлық» керемет теңеу айтады. Бұл айтыста Елмербекті жеңген себебі екеу ара айтыста Қырғыздың «Манас» дастаны туралы әңгіме болады. Елмербек «қырғыздың Манасы бар» деп кішкене мақтанады. Сонда Ораз «Манастың бүгінге жетуі туралы, оның хатқа түсуі туралы білесің бе?» деп сұрайды. «
Анау 54-жылы Мәскеуде,
Саясаттан аспаймын деп қырғызды,
Манасты сызып тастаймын деп,
Сонда мынадай жыр болған», - деп келетін төкпесі бар. Совет үкіметі соқыр саясатымен «Манас» дастанын байларды жақтайтын дастан деп сызып тастамақшы болды ғой. Сол кезде Әуезов бабамыз араласып, Манасты алып қалған. Шоқанның «Манасты» жазып алатыны өз алдына бөлек әңгіме. Бұны қырғыздар да мойындайды. 2013 жылы магистратураны тамамдар тұста арнайы қырғыз асып, 15 күн зерттеу жасап келген едім.
Оразалы сол айтыстың екінші күні Жеңішбекпен шығады. Онда Жеңішбекке былай дейді:
«Айналайын Жеңішбек,
Сендер де бір елсіңдер,
Сендер де бір белсіңдер.
Салттарың да бір қызық,
Қойдың басы тұрғанда,
Құймышағын жейсіңдер.
Қазақпен құда болғалы,
Қай халықтан кемсіңдер?», - дейді. Тағы бір қайырымында:
«Айналайын Жеңішбек,
Сен бұлай сөйлеп отырсаң,
Саған берер жеміс жоқ.
Шелек деген ауданда,
Темекі егіп темтеңдеп,
Қайтып күнді көрсем? Деп
Әр қазақтың үйінде,
10-15-тен қырғыз жүр.
Осыларды ырламай,
Мына отырған Жеңішбек,
Неменені ыр ғып жүр?
Сұлыға тойған суырдай,
Құйрығымен сырғып жүр», - деп келеді. Оразалы аға осы айтысында қырғыздың жеңгені айқын көрініп тұр. Әсіресе, оның қырғызды жеңу себебі – оның халық дәстүрін терең меңгергені. Қойдың басы тұрғанда, Құймышағын жейсіңдер деуі қырғыздың да салт-дәстүрін, тарихын жете білгені. «Қырғыз ақындардың киллері» аталған себебі сол.
Оразалы Досбосыновтың бір күнде 5 ақынмен айтысқаны рас. Ол 1998 жылы еді. Ал, сегіз ақын туралы мен естімедім.
- Сұхбатымызға тосын бір сұрақ кіргізейін. Ораздың Қытай асып айтысқанын білеміз. Ол жақта да айтыстың мектептері бар: Құрманбектің мектебі, Жамалханның мектебі, Бүбімәрия апамыздың мектебі сынды. Еркін Ілиясұлы туралы арғы-бергі беттегі жұрт тегіс біледі. Ол да теңеу сөздің төресі болған. Осы Еркінмен Оразалының айтысы туралы айтсаңыз?
-Оразалы ағамыз Қытайға сол сапарынан кейін сұхбат беріпті. Ол жақтағы халықтың қошаметіне, құрметіне, айтыс сүйерлігіне ерекше ризалығын «сол Қытайға көшіп кеткім келеді» деп айтады. Еркін ағамызбен, Шәкен ағамызбен болған айтыстарын тыңдадық. Шәкен ағамыздың Оразды:
«Көзіме оттай басылдың қияқтанып,
Осыдан он жыл бұрын Текес жақтан,
Жоғалған тарғыл тайыншам сияқтанып», - деп шымшылайтыны бар.
Бірде Астанаға айтысқа барып, Айнұр апайымыздың үйінде қонақта болдық. Сонда Айнұр Тұрсынбаеваның аузынан естігенім «Оразалы Еркінді ерекше жоғары бағалаған, айтыстарын қастерлеп, өзіне құрмет тұтқан» екен. Ораздың сол Еркінге айтқаны:
«Оу, Ассалаумағалейкүм үлкен ата,
Бізге айтқан сөзіңізде болмас қата.
Қырғыздың билет сатқан әртісіндей,
Келгем жоқ ауылыңызға өнер сата.
Азын-аулақ өлеңнің арқасында,
Кеп қалдым еліңіздің дәмін тата.
Бүгінгі Ерекеңдей ағамызға,
Тыңдаушы көрермендер берсін бата.
Ағамды түйреп-түйреп мен алармын,
Көңілімнің керуенін толтырмаса.
Бақсыда өлесің деп бетіңе айтар,
Жеті күн зікірден соң ем қонбаса.
Айналайын, атыңнан!
Қандасым, туыс ағайын.
Алдыңа бүгін келгенде,
Домбырамды қағайын.
Әсем әнге салайын.
Әнім де менің жібітсін.
Жүректеріңнің талайын
Алатаудың ақ күміс,
Қыранындай құлдилап,
Бұлағындай сылдырлап,
Құлагер аттай шабайын.
Ерекеңе беріп сөзімді,
Үніңді біраз табайын», - деп келеді. Ақын болу бір басқа да, қоңыр дауыспен өлеңді жеткізу, баппен, салмақтап тұрып сөзді әнмен жеткізу де бір басқа өнер ғой. Оразалы Қытайға барған кезінде әуендерін құбылтып, көрерменін әбден көзайым етіпті.
«Жақсы астың қадірі,
Қарыныңа барып бұққанша.
Айналайын, ағайын,
Қандас-туыс бауырлар!
Сенің мен менің достығым,
Кеудемнен жаным шыққанша», - деп құбылтады Оразалы.
- Жүрсін ағамыз «Үзілді домбырамның бір ішегі» деп айтпақшы, Ораз қайтыс болды, дүниеден өтті деген қаралы хабар шыққанда бүкіл ел болып жоқтап, қабырғасы қайысты. Сонда алты Алаштың атырабынан үзеңгі қағыстырған әріптестері кісінің сай-сүйегін сырқырататын жоқтаулар айтты. Солардың бәрін термесек те, бір-екеуіне тоқталсаңыз?
- 2004 жылы мен оқуға түсіп, студенттер айтысына қатыстым. Әл-Фараби атындағы Ұлттық Университетпен біздің университеттің арасында айтыс болатын болды. Айтысты Оразалы ағамыз ұйымдастырып жатыр екен. Оразалы ағамызды көреміз, сәлем береміз деп қуанып, айтысқа дайындалып жүрдік. Ораза кезі еді. Қазанның отызында Оразалы қайтыс болды хабар жетті. Біз Оразада жаман сөз айтпайды деп, жеткізген жігіттерге сенбедік әуелгіде. Жігіттер жиылып Одаққа(Қазақстан Жазушылар одағы. – ред.) бардық. Барсақ Оразалыны жоқтап келген қара нөпір халық. Көп ел. Қабырғасы қайысқан жұрттың ішінде Жүрсін ағамыз Оразалының өзінің өлеңін оқыды:
«Қанды ауыз тағдыр қалайсың,
Он екі мүшең аман ба?
Қорқыт боп келсем өмірге,
Қарсы тұрмас едім ажалға.
Әзірейіл тұрар тегінде,
Алынбай еш бір қамалға.
Мәйітке бір жола айналып,
Есігін көрдің қағарда.
Бір шумақ өлең оқышы,
Қабірімді қазарда.
Қаламымды орап бірге көм,
Бір жапырақ қағазға.
Дәл солай істе, болмаса,
Асан боп арман айтармын,
Аңызды ажалды алаңға» деген. Сол кезде бүкіл ел жылады. Қазанның аяғында Оразалы ағамыз қайтыс болды. Желтоқсан айында Қазақ әдебиетінің 70 жылдығына арналған айтыс болды. Ораз кеткен соңғы алғашқы айтыс болған соң, біраз ақын Оразалы ағамыз туралы жоқтау айтты. Қазір айтыстан көріндей жүрген Нұрлан Мұсаев деген Маңғыстаулық ақын сонда:
«Ағайын ортан жілік Оразыңмен,
Айтыстың майданында бір қайндық.
Ұлыдан әріптесің қиын екен,
Абайға да көрмеп ек мұндай налып.
Толстойдың «адамды темір жейді»
Дегені бара жатыр шынға айналып», - деп жеткізді көңілінің жетімдігін. Одан кейін Дәулеткерей Кәпұлы сол Батыстың мақамымен:
«Бір жұлдыз ағып түсті жыр көгімнен,
Бір түймем үзілгендей ілгегімнен.
Халқыма көңіл айтып мен сөйлейін,
Бісміллә, Әлхам сөзді білгенімнен.
Оразалы қазасы қайыр болсын,
Жүйріктің біреуі еді жүлде мінген.
Досы боп бір-екі ауыз сөз айтайын,
Айқасып, аламанда бірге жүрген.
Келген соң қол бұлғасып, қош тірлікке,
Тағдырға қоя алмайды ешкім нүкте.
Ортекедей ойнақтаған Оразалы,
Біз сенің қасиетіңді кеш білдік пе?
Қаймана қазақ жұртын қанжылатып,
Көз жасын қайран ана төккіздік пе?
Бауырым жатқан жерің жайлы болсын,
Тірлікте баспаушы едің тексіздікке.
Ораз-ау, қадіріңе кімдер жетті,
Бес тиынға татымайтын бес күндікте.
Кеткендей толып бүгін заман зарға,
Қарыс баса алмаймыз қадамды алға.
Періште пешенеңе жазады екен,
Әу баста-ақ, адам болып жаралғанда.
Қойдым, Шарғын, Таңжарық, Көдектерден
Тартылған салихалы санаң барда.
Сен едің Сүйінбайдан қалған сарқыт,
Араздығың жоқ еді аларманға.
Жамбылдай жыр бәйгені құлатушы ең,
Жанарың жыр оғындай қадалғанда.
Сен өліп, жоқтау айтам деп ойлап па ем,
Қу тірлік, қу жанымды амалдауда.
Талантты пұлсыз беріп, құнсыз алса,
Құдайдың құдіретіне шамаң бар ма?», - деп келеді де:
«Аңқылдап келген ағама,
Достық құшағымды ашайын.
Ары қарай аға сен жырла,
Мен өкісігімді басайын», - деп әріптеске сөз ұстатады. Ел есінде қалатын, Жүрсін ағаның да, Балғынбектің де өлеңдері бар.
Енді, Оразалыны зерттеп жүрген өзіңе қарай ойыссақ, сен де айтыстан шеткері жүрсің, бұған не себеп?
-Студенттік кезімде біраз белсенді айтыстым. Сіз қойған сұрақты көп адам қойып жүр. Мен де әзілмен «Сапасыз ақындардың санын көбейткім келмейді» деп жауап беремін. Қазіргі айтыста талантты жастар көп. Айтысқа шығу үшін тыңнан түрен салып, жаңалықпен келу керек. Қазақстанның әр түкпірінде айтысқа шықпай жүрген, танылмаған мыңға жуық айтыс ақыны бар. Мен де солардың біреуімін, бір жағынан тіршіліктің де күйбеңі бар. 2008 жылы біраз айтысқа шақырту алып, белгілі себептермен қатыса алмай қалдым. Сол бойы сырыла бердік, алайда алдағы уақытта айтысқа қатыспаймыз деген сөз емес. Астанадағы бір айтыста Қуаныш Арманов «тамада боп кеттің» деп әзілдегенде айтқаным еді:
«Ол рас, сен айтқандай тамадамын,
Қыздырған той думанның аламанын.
Оқуды бітіргесін Алматыда,
Жұмыс іздеп біраз жерді жағаладым.
Жемқорлық деген бәлең бар екен ғой,
Алдымен деп отыр пара аламын.
Пара беру құранда арам деген.
Сондықтан ондай іске жоламадым.
Қысқасы бұл қоғамда пара алмайтын,
Тамададан басқа жұмыс таба алмадым», - деген. Қазіргі тіршілігіміз той боп кетті. Шыны керек, өзім де тойдың деңгейінде қалып қоймайын деп алаңдаймын. Алдағы уақытта сахнадан көріну де ойымызда.
- «Ораз өлді дегенді доғарыңдар» деп жырлаған, былтырғы «Алтын домбырадан» шыққан Болатбек Оразбаев және өзің сияқты Ораздың көп шәкірті бар. Осы шәкірттеріне тоқталсаңыз?
- Оразалының шәкірттеріне келсек, менің досым, айтыста жарқырап жүрген сіз айтқан Болатбек Оразбаев. Ол 2008 жылы Қазақстан арнасында болған «Аламан» айтыста жұртқа танылды. Сол кезде айтып еді:
«Айтыста орақ тілді Оразым бар,
Ораз өлді дегенді доғарыңдар», - деп еді. Болатбектің аузына Алла сол сөзді салған шығар. Қазір енді жарқырап көрінді. Ол да айтысқа біраз уақыт ара беріп алды. Былтырдан бастап қайта дүркіретіп жатыр. Оған бәріміз риза болып жатырмыз. Оразалының шәкіртімін деп жүргендер көп. Солардың ішінде Болатбек бір төбе. Ораз ақынның сөзінің сұлулығын, оның әуенін, оның өлеңдерінің көркемдік табиғатын қайта жаңғыртып жүр. Оған Алла Жамбылдың жасын берсін! Ернат Ысқақов деген де Оразалының көзін көріп, қасында жүрген, айтыстарын ұйымдастырып жүрген бауырымыз бар. Жандос Бөгенбай деген де жігіт бар еді, былтыр аяқасты жүрегі тоқтап өмірден озып кетті. Жандосты Оразалы ағамыз өзі 2003 жылы айтысқа жетелеп алып келіп, тәрбиелеген еді. 2005 жылы Райымбек батыр айтысында Сарамен айтысқан еді. Қазір айтыстан қол үзіп қалған Бағдат Сәрсембев деген де шәкірті бар. Бірақ жазып жүр. Бірнеше жыл бұрын Астанада өткен Мұқағалиға арналған жыр мүшәйрасының бас жүлдесін алған. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте Асхат Қылышбеков деген де Ораз ағаның тәрбиесін алған ақынымыз бар. Өмірдің бәйгесі күрделі ғой. Кейбіреудің бағы ашылмайды. Кейбірінің сөз келісіп тұрса да, жұртқа өтпей қалады. Асхаттың сөздері жақсы, әзілі бар, сатирасы бар. Сондай болса да ол халыққа қатты танылмады. Айтыстан қол үзіп жүр. Ал, біздің Ораздың шәкіртімін деп жүргеніміз – оның өнерін үлгі етіп жүргеніміз ғой. Әйтпесе көзін көріп, жанында жүрмедік.
- Болатбек Оразбаевты Жүрсін ағамыз да аса бір ықыласпен бағалады ғой. Айтыста «тығып жүрген көжегім» еді деп.
- Иә, шынымен де Болатбек Оразбаев Оразалының жолын жалғастырушы. Ол айтысқа жаңалық ретінде келді. Жоғарыда да айтқанымдай Ораз өлеңінің табиғаты Болатбекте бар. Болатбектің аяқ алысы жақсы, сөздері кестелі, көркем.
- Өзің ұлыңа Оразалы ақынның атын қойған едің. Не үшін олай атадың?
- Оразалы ағамыздың мезгілсіз қазасы жұртты қайыстырып кетті ғой. Сол кезде университет табалдырығын жаңа аттаған студент болса да, өзіме Алла амандық берсе, отбасын құрып, сәби сүйгенде ұлымның атын Оразалы қоямын деп уәде берген едім. Оразалы сияқты ақын болсын демесем де, жұртына сыйлы азамат болсын, менің үйімде де Ораздың есімі жаңғырып тұрсын деген ой еді. Айтыста да әріптесіме айтқаным бар еді:
«Баянсыз бұл бес күннің жоқ тұрағы,
Жаратқан пенде басын доп қылады.
Артына өшпестейін із қалдырып,
Данышпан даналардың өтті бәрі.
Соның бірі орақ тілді Ораз ағам,
Жырына қанған шәрбат көп құмары.
Айтыста ортан жіліктей орны бар еді,
Ап кетті ажал адырна тартты дағы.
Сол ағамның балама атын қойдым,
Болса екен деп орекеңдей өткір әрі.
Оразалы деп атаса ұлымды жұрт,
Орекең көз алдыма кеп тұрады.
Күнде-күнде жүрген соң атын естіп,
Әлі күнге өлмегендей боп тұрады».
(Осы кезде 3 жасар Ораз келеді.)
- (Бала Оразалыға сұрақ:) қанша жастасың, атың кім?
Үш жастамын.
«Атым Ораз болғанмен» деп шұбыртып кете береді.
-Тұщымды ой, тұғырлы пікір білдірген сұхбатыңызға рахмет. Төл өнеріміздің тарланбозы Оразалы туралы да, айтыс айналасындағы басқа әңгімелерге қатысты да пайдалы дүниелер көп айтылды. Оқырмандарымызға бұл әңгіменің соңы емес екенін, алда айтыстай аламанымыздың айналасындағы өзекті мәселелерді талай мәрте сөз ететінімізді айта отырып, Сіздің ғылыми-шығармашылық жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Пікір қалдыру