РЕСЕЙ БИЛІГІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ӘЛІ КҮНГЕ ОТАР ЕЛ КӨРЕ МЕ?

/uploads/thumbnail/20170708204953632_small.jpg

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Астана мен Бішкектен Түркиямен сауда-саттық жасауға тиым салуды талап етті. Орыс премьерінің пәрмені бойынша Еуразиялық одаққа мүше осы қос мемлекет өздеріне Түркиядан келетін жүк көліктеріне шектеу қою керек екен. Осы ретте талап ету деген сөз, Тәуелсіздігінің 25 жылдығына аяқ басқан Қазақ елі мен Қырғыз Ресепубликасына ұнамайтыны анық. Алайда, Кремль «өзім білемдікке» салып, әлдеқашан егемен ел атанған мемлекеттер үшін қастерлі құндылықты аяқ асты еткісі келеді.

Түркия мен Ресейдің арасындағы қырғи-қабақ қарым-қатынас түркі халықтарына кері әсерін тигізіп жатыр. Айталық, күні кеше құдайы көршіміз Түркісой ұйымының өз аумағында жұмыс жасауына тиым салды. Бұл аз десеңіз енді Ресей Тәуелсіз Қазақ елі мен Қырғызстанның бауырлас Түркиямен сауда-саттық жасағанына қырын қарап отыр. Әрине, Кремльдің өзіне бағынышты халықтарға жасап жатқан тыйымына түсіністікпен қарауға болады. Алайда, ресми Мәскеудің  тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласып, талап етуін қалай түсінуге болады? Бұл барып тұрған басынғандық емей, немене?

Алайда, Ресейдің талап етуіне Қазақ елі мен Қырғыз Республикасы құлақ аса қоймас. Өйткені, Түркия тауарларын елге өткізудің баламалы жолы табылмаса, отандық кәсіпкерлер үлкен шығынға батуы мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мәлім етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда 78 көлік шекарадан Қазақ еліне өте алмай тұр. Сондықтан да, аталған жүктерді баламалы бағыт ретінде Грузия мен Әзірбайжан арқылы, Каспий теңізі портымен алып өту мәселесі қарастырылып жатса керек.

Грузия мен Әзірбайжан арқылы, яғни Ресейді айналып өтетін бағыттарды министрлікпен келісіп, кәсіпкерлерге айтып бердік. Сондықтан кәсіпкерлерге көмектесуге дайынбыз. Ақтау арқылы, Баку арқылы қазір Әзірбайжан теміржолдарымен, Әзірбайжан портымен де келісіп жатырмыз. Нақытырақ айтсам бағаны төмендету туралы келісім жасалуда. Егер олар тасымалдаудың ақысын төмендетсе, біздің кәсіпкерлерге көп шығын әкелмейді, – дейді Абылай Исабекұлы.

«Атамекен» палатасының шекарада тұрған 78 жүк көлігінің жағдайына алаңдап, әрекет етіп жатқаны көңіл қуантады. Өйткені, еш жазығы жоқ кәсіпкерлер екі елдің өзара араздығының салдарынан зардап шегіп жатыр. Сондықтан да, оларға дер кезінде көмек беріп, жағдайды тұрақтандыру - Үкіметтің міндеті. Осы ретте, Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өзара серіктестік орнатқанын айтып өткен жөн. Аталған серіктестіктің арқасында Кәсіпкерлер палатасы күрделі мәселелерге байланысты мәлімдемелер жасап жүр.

Естеріңізге салсақ, «Атамекеннің» ресейлік өктем саясатқа қарсы шығып отырғаны бір бұл емес. Бұған дейін «Атамекен» палатасы ең бірінші болып Еуразиялық одақ аясында ортақ валюта енгізуге қарсылық білдірген болатын. Содан кейін барып ел Үкіметінің басшысынан бастап, Президенттің Баспасөз хатшысы Дәурен Абаевқа дейін осы мәселеге орай Қазақстанның ресми ұстанымдарын жария етті. Демек, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Түркиядан тауар таситын балама жол іздеп жатқан бұл бастамасын да ресми Үкіметтің әрекеті деп қабылдауға әбден болады. Ұзын сөздің қысқасы, Ресейдің өктем талабына бұл жолы қазақ билігі құлақ аспады.

Қазақ елі мен Қырғыз Республикасының Ресейден Тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр болды. Алайда, әлі күнге дейін Кремль қос мемлекетті өзіне бағынышты Шешенстан мен Башқұрстан деңгейінде көретін сияқты. Әйтпесе, Ресейдің Түркиямен сауда-саттық жасауға тиым салуды талап еткен бұл қылығын басқаша қалай түсінуге болады? Әзірге, бұл бассыздыққа қарсылықты тағы да «Атамекен» палатасы бастап отыр. Осы ғана көңілге үміт ұялатады.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана 

Қатысты Мақалалар