ЖАЛАҚЫ ӨСЕДІ

/uploads/thumbnail/20170708204952867_small.jpg

«Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім беру ошағын салдық. Олардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды өз елімізде, өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеттік. Жалпы халықтың тұрмысының, денсаулығының түзелуі, санының өсуі нәтижесінде қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Мемлекет қандай жағдайға қарамастан әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді»,- деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 30 қарашада Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялау кезінде.

Бұдан байқағанымыздай, ешқандай қаржылық құлдырау Қазақстанның әлеуметтік міндеттемелерін орындауға кедергі бола алмайды. «2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз ынтымақтастық жүйедегі зейнетақыны инфляция деңгейінен 2 пайызға асыра отырып индекстейміз. 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға өседі. Барлық бюджет шығындарын оңтайландырудан кейін үнемделген қаржыны осы мақсатқа жұмсаймыз. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы орташа алғанда – 28 пайызға, білім беру қызметкерлердің жалақысы – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы – 40 пайызға көтеріледі»,- деді Елбасы. Бұған қоса, алдағы жылы мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты берілетін жәрдемақы және шәкіртақы көлемі 25 пайызға ұлғаяды.

Қазақстандықтарды әлеуметтік жағынан қолдау шараларын кеңейту мақсатында Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2016 жылдың 1 тоқсанының соңына дейін халықты жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Атап айтарлығы, бұл бағдарламаның қаржыландыру көлемі 2007-2009 жылдары жүзеге асырылған Жол картасына ұқсас болуы шарт. Президенттің пікірінше, мұндай қадам жергілікті инфрақұрылымды дамыту мен елді-мекендерді көркейту бағытындағы жобалар есебінен еңбек нарығының тұрақтылығын сақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Елбасы алдағы үш айдың ішінде Үкіметке әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныстар енгізуді жүктеді. «Жекелеген азаматтардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің құрылымын қайтадан қарап, әртүрлі мөлшерін белгілеу керек»,- деп атап көрсетті. Мемлекеттік атаулы көмек оған нағыз мұқтаж адамдарға ғана берілуі қажеттігін ескертті.

Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестеріміз – Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасындағы жалақы өсімін Қазақстандікімен салыстырып қарайық. «Российская газета» хабарлағандай, Ресей Үкіметі бюджет қызметкерлерінің жалақысын индекстеу мәселесін 2016 жылдың 1 қазанында қарастырады. Ресей Федерациясының Еңбек министрі Максим Топилиннің айтуынша, бюджет қызметкерлерінің нақты жалақысы 2015 жылдың сәуірінде 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 13 пайызға қысқарған. «Біздің министрлік жалақыны барынша өсіруді ұсынды, ал Қаржы министрлігі оның көлемін азайтты. Қазір екі министрлік диалог жүргізіп, жалақыны өсіретін мерзімді нақтылай алмай жатырмыз»,- дейді министр «Российская газетаға» берген сұхбатында.

«Ex-Press.by» сайты жазғандай, Беларусь Республикасының Өкілдер палатасының бюджеттік комиссиясының төрайымы Людмила Добрынина 2016 жылы елдегі бюджет қызметкерлерінің жалақысының көлемі 13 пайызға көбейетінін хабарлады. Алайда Беларусь Республикасы Экономика министрінің бірінші орынбасары Александр Заборовскийдің пікірінше, алдағы жылы инфляцияның деңгейінің 12 пайызға дейін көтерілуі 13 пайыздық өсімді «жеп қоюы» мүмкін. 2016 жылға арналған бюджет жобасына жалпы мінездеме берген жоғары лауазымды шенеунік бұл жолғы бюджеттің болжап болмайтын тұстары көп екендігін атап айтты.

 

Әмірлан Әлімжан   

Қатысты Мақалалар