РЕСЕЙДЕН КЕНЕСАРЫНЫҢ БАС СҮЙЕГІН СҰРАУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

/uploads/thumbnail/20170708205024039_small.jpg

Елордамыз Астанада желтоқсанның бірінен бастап «Эрмитаж күндері» өтіп жатыр. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша бұл шара Қазақстан мен Ресей арасындағы ортақ музей кеңістігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Сондықтан да бұдан былай «Эрмитаж күндері» елімізде екі жылда бір рет өтетін болды. Бұл келісімге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Эрмитаж директоры Михайл Пиотровский кездесуінен соң қол жеткізіліп отыр.

Эрмитаж десе ең біріншіден есімізге қазақтың соңғы ханы Кенесары ханның бас сүйегі түседі. Өйткені, баһадүр бабамыз өлтірілгеннен кейін оның бас сүйегі аталған мұражайда сақталып келген болатын. Алайда, қазақтың соңғы ханының бас сүйегін «Мәңгілік досымыздан» 25 жылдан бері ала алмай отырмыз. Десек те, тәуелсіздік алғалы бері Кенесарының бас сүйегін елге әкелу мәселесі назардан тыс қалған емес. Ал, Эрмитаждың директоры Астанаға арнайы атбасын бұрған сәтте «Кенесарының бас сүйегі қайда?» деген сұрақ қайта көтеріле бастады.

Өйткені, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап әртүрлі деңгейдегі басшылар Михайл Пиотровскиймен кездесті. Міне,солардың бірі болмаса бірі «Қазақтың соңғы ханының бас сүйегі қайда?» деп Эрмитаж директорынан сұрады ма екен? Мәселен, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын алайық. Өйткені, ол мәдениетке жауапты басшы ретінде Михайл Пиотровскийдың жанында ең көп болған азамат. Алайда, ол бақыттан басы айналып жүріп Кенесарының бас сүйегін сұрауды ұмытып кетуі мүмкін. Тіпті, ол қазақта Кенесары сияқты хан өткенін білмейтін де шығар.

Дегенмен, президент тарихта Кенесары хан болғанын бес саусақтай біледі. Нақтырақ айтсақ, ол Түркияға жасаған ресми сапарында Кенесары хан туралы «1861 жылы қазақтың соңғы ханы өлтірілгеннен кейін біз Ресей патшалығының,  одан Кеңес Одағының боданы болдық. 150 жылдың ішінде қазақ деген халық өзінің ұлттық салт дәстүрін, тілін, дінін, дәстүрін ұмытуға аз қалды. Жаратқанның қолдауымен 1991 жылы біз өзіміздің тәуелсіздігімізді жарияладық» деген болатын. Демек, Кенесарының бас сүйегін Пиотровскийден бір сұраса президент сұрауы мүмкін. Бұл біздің жай болжамымыз ғана.

Негізі, «Кенесарының бас сүйегін Пиотровскийден ел басшылар сұрады ма екен?» деуіміз тегін емес. Өйткені, зиялы қауым өкілдері жылдар бойы бұл мәселені көтеріп келеді. Алайда нәтиже көңіл қуантарлық деңгейде емес. Белгілі жазушы Думан Рамазанның айтуынша, мәселенің шешуші кілті ел басшыларының әрекетіне байланысты болып отыр. Нақтырақ айтсақ, ол Кенесары ханның бас сүйегін елге әкелу Үкімет деңгейінде шешіледі деген пікірде.

– Кенесары ханның бас сүйегінің Санкт-Петерборға апарылып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Эрмитажда тұрғаны айдай ақиқат. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланнан бастап, оны көрген адамдар жетерлік. Ал одан кейін қайда кетті? Ол жағы тағы белгісіз! Біз Ресейдің бүкіл мұражайын сүзудей-ақ сүзіп шықтық. Бірақ, өкінішке қарай, айтарлықтай нәтижеге қолымыз жетпеді. Меніңше, Ресей ханның басының бізге қаншалықты бағалы, қадірлі, қасиетті екенін біліп, оны тығып қойғанға ұқсайды. Із Ресейдің мемлекеттік құпия қоймасына тартатын сияқты.
Ханның бас сүйегін табуға болады, оның із-түзсіз жоғалып кетуі тіптен мүмкін емес. Тек оны қайтарып алудың бір-ақ жолы бар. Оған тек екі ел үкіметтерінің келісімі арқылы ғана қолымыз жетеді. Онсыз бәрі бекер! дейді Думан Рамазан.

Кенесары ханның бас сүйегі өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Эрмитажда тұрса, демек оны табу аса қиын емес. Алайда жазушы айтқандай, бұл мәселе тек екі ел үкіметтерінің келісімі арқылы жүзеге асады. Ал өз сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік пен Эрмитаж арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып жатқанын айтты. Осы әріптестің арқасында Кенесары ханның бас сүйегін елге әкеле алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл игі іс биыл, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жүзеге асса тіпті жақсы. Алайда, бақыттан басы айналып жүрген басшы бұл мәселені шеше алар ма екен? Әлде, адуын көршіден тарихи-мәдени маңызымен қатар саяси сипаты басым мәселе көтеруге жүрексіне ме? Ол жағы белгісіз. Бізге бір белгілісі ұлт рухының ұсытыны Кенесарының бас сүйегі елге міндетті түрде әкеліну керек.

 

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

 

 

Қатысты Мақалалар