Ресей мен Түркия арасында орын алып отырған соңғы шиеленістерге қатысты «Қамшы» порталында 28 қараша күні Алтай Бұқарбаевтың «Түркияның бүгінгі билігі кімнің сойылын соғуда?» деген мақаласы жарияланған еді. Мақала сайт оқырмандары мен әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, екі ел арасындағы кикілжіңге байланысты түрлі пікірлердің тууына түрткі болды. Олардың арасында Ресей ұшағын атып құлатқан Түркия билігін айыптаушылар да, әлемдік саясатта қолдаушысыз қалып отырған Ресейді жер жебіріне жетіп кіналағандар да көп. Портал редакциясына Серік Мұратхан есімді оқырман да осы мәселеге орай ой білдірген мақаласын жолдаған екен. Оқырмандар арасында пікір алуандылығын қамтамасыз ету мақсатында автор мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
2015 жылы 24 қарашада орыстың Су -24 ұшағын Түрік сарбаздары атып түсіргеннен кейін Қазақстан ақпарат құралдарында әртүрлі сыңайдағы ақпарат соғысы басталып кетті. Қазақстандағы орыс тілді ақпарат құралдарының көбі өздерінің тәуелсіз Қазақстан елінің иелігіндегі медиа екендерін бір мезет ұмытып,бірден ресейдің сойлын соғып,тапқан тастарын Түркияға атумен болды.Тіпті, тек олар ғана емес, қазақ тілді ақпарат құралдарының арасында Ресейдің теле-арна,газет-журнал,интернет порталдарының көзқарасын жүз пайыз көшіріп алып,көлдей-көлдей мақала жазғандар да аз болмады. Сондай пікірдің бірі «Қамшы» ақпараттық порталында «ТҮРКИЯНЫҢ БҮГІНГІ БИЛІГІ КІМНІҢ СОЙЫЛЫН СОҒУДА?» жарияланды. Мақала әлеуметтік желілерде көптеген оқырмандардың қарсылығын тудырды. Бізде бір оқырман ретінде Алтай Бұқарбаевтың жазбасына жауап беріп көрейік.
Алтай Бұқарбев Түркия шекарасын бұзған орыстың Су -24 ұшағын атып түсірген Түркия шекарашыларын айыптай отырып, «Грек ұшағы Түркия шекарасын жүздеген рет бұзғанда ештеңе демеген, АҚШ пен Ирак үкіметі және күрдттер Түркімендерді қынадай қырғанда көмектеспеген, шекарасына аттатпаған Ердоғанның күні кеше батыр болып шыға келуі кімге керек?» деген қисынсыз сауал тастайды.
Осы ретте айта кетер жәйт, Түркия мен Грекия – НАТО-ның толық қанды мүшесі. 1990 жылғы Лондон декларациясында альянстың іргелі мақсаттарының қатарында соғыстың алдын алу мен тиімді қорғанысты қамтамасыз етуге, жеткілікті әскери мүмкіндіктерді нығайту, шарт мүшелерінің қауіпсіздігіне ықпал ететін дағдарыстарды еңсеру жане әскери қимылдарды сәйкесе жүргізу қарастырылған. Сондықтан Грекия әскери ұшақтарының террористерге соққы беруі үшін Түркияның әуе кеңістігіне өтіп кетуі немесе пайдалануы шекара бұзу болып саналмайды.
Ал, «АҚШ пен Ирак үкіметі және күрдттер түркімендерді қынадай қырғанда көмектеспеген» деген сөз де негізсіз. Ол кезде Түркия билігін Тайып Ердоған билеп-төстеп тұрған жоқ, десе де Түркия билігі ол кезде де қатаң наразылықтар білдіріп, Еуроодақ отырысында Ердоғанның орындықты теуіп тастап шығып кеткені көп адамның әлі есінде болуы мүмкін. Сондықтан Түркия НАТО-ға мүше ел ретінде кейде АҚШ-пен бірауыздылық сақтауы мүмкін,бірақ Түркиямен ешқандай қорғаныс-қауіпсіздігіне кепілдік ететін одаққа мүше болмай тұрып, өз әуе кеңістігін,териториялық иелік құқын өзге бір бөтен елге таптатып қоюы мүмкін емес. Бұл жерде Бұқарбаев айтқандай «аяқ астынан батыр» болып шыққан ештеңе жоқ. Кез-келген тәуелсіз мемлекеттің әскери заң-тәртібі, территория тұтастығын, шекараны қорғау туралы бұлжымай атқаратын заңы бар. Ол заң,тәртіп бұзылса онда ол мемлекеттің тұтастығына қауіп төндіреді. Сондықтан Түркияның ресей ұшағын атып түсіруі «жалаңаш патриоттық» емес, сол мемлекеттің қатысты заңдарына сай жасалған шешім деп түсіну керек. «Бір ұшақ бір рет шекара бұзса не болыпты, өткізіп жібермей ме?»-дейтіндей екі елдің арасындағы териториялық құқықтық қарым-қатынас-қой жайып жүрген екі қойшының арасындағы жер таласқан кикілжіңі емес. Сондықтан шекаралық құқықтық жағдайға келгенде ондай далбасалықпен болжам айту сауатсыздық болып саналады. Мемлекеттің тұтастығын,шегарасының амандығын қорғап тұрған сардарлармен сарбаздар Түрік саудагерлерінің нәпақасын емес,Түркия елінің заңдарын негізге алады. Ал егер осы уақиғадан экономикалық қиындықтар туындап жатса ол Түрік шегарашыларының «елді ойламауынан» емес, қайта қателігін танымай,бәрін саясатқа апарып тіреп,экономикалық жазалау, қудалау алып баратын Ресей үкіметінің оспадар қылығы деп санау керек.
.
Ендеше Түркия кімнің шылауында?
Алтай Бұқарбаев «Ендеше Түркия кімнің шылауында?» деген сұрақ қойыпты. Сұрақ тіпті күлкілі естіледі. «Ангияның мәңігілік жауы да, досы да жоқ,тек мәңгілік мүдесі бар» деп ұлы Уинстон Черчилл айтқандай Түркия елінің де мәңгілік жауы, не досы жоқ, тек мәңгілік мүдесі және одақтастары бар. Ал, одақ болған соң кейбір ортақ мүде негізінде одаққа мүше елдер бірлесіп,ортақ шешім қабылдап жатса, ол «бір елдің шылауында» дегенді білдірмейді. «кімнің шылауында?» деген сұрақты атам заманнан бері тәуелсіз ел болған,ұлы оспан империясының мұрагеріне емес,әлі де ресейдің етегінен жабысып,қалмай жүрген ортаазиялық елдерге айтса болады.
Алмақала авторы тағы да «Түркия НАТО-ның қолтығына сүңгіп кетті, діншіл салафиттер мен діни фанаттықты саяси негізге алған араб түбегімен жақындасты, Түркияны Еуразиялық бірлікке ұмтылудан алыстатты. Түркішілдік идеясын негіз еткен Түрік болашағына кері жұмыс жасады...» деген тағы басқа еш қисыны, негізі жоқ айыптауларды бұрқыратады.Түркия – НАТО-ның толық қанды мүшесі. Әр мүше өздерінің мүшелік міндеттері ғана емес, мүшелік құқықтары жане сол үшін алған кепілдіктері бар. Әрқандай мемлекет одаққа кірген соң соған қатысты міндеттермен талаптарды орындауға міндетті. Сондықтан АҚШ –пен Европа Сириямен Ирақта антитеррорлық операциялар жүргізсе, оған Түркия сәйкесіп,көмектесуі тиіс. Жане ол антитеррорлық операциялар ресей ойлағандай өз халқына химиялық қару қолданып,қырып-жою жасаған диктатор Башар Асадтың режиімін қалпына келтіру,сақтап қалу үшін жасалмауы мүмкін. Сондықтан Түркия НАТО-қолтығына кіріп емес,тең тұрып әрекет етті деуге әбден болады.
Ал, араб дүниесі Түркия үшін Осман империясы кезінен бергі етене жақын,тарихи тамыры тереңге кеткен, жағарапиялық–саяси жақтан тұтасқан үлкен күш. Түркияның бүгінгі мүдесі үшін аты тәуелсіз ел болғанымен Ресейдің отарлық шеңберінен әлі шыға алмай отырған Орта Азиядағы түркі тілді «стандарға» қарағанда араб дүниесімен қоян-қолтық жақын болу әлде қайда пайдалы. Орта Азиядағы түркі тілдес республикалар өз саяси бағдарын өздері белгілеп, өз таңдауын өздері шешіп отырған жоқ. Сондықтан «Түркі бірлігі,Түркі елдерінің болашағы» деген тек ауадағы арман ғана. Олай болса, әлі жоқ, қалыптаспаған «Түркі дүниесі бірлігін» Ердоған құртып жіберді деу әділетсіздік болар еді. Әрине, бәріміз Түркияның араб дүниесі емес, түркі дүниесімен етене болуын қалаймыз,бірақ қазіргі жағдайда ол іске аса қоятын дүние емес. Түркия ең бірінші өз елінің мүдесін негізге алады. Қазіргі таңда Түркия үшін араб дүниесіндегі сүниттік елдермен ынтымақтасып,Ислам дүниесіне ұйтқы болып, сол арқылы өзінің НАТО –дағы ықпалын нығайту арқылы күрд мәселесін шешіп алғаны дұрыс. Егер Түркия қазіргі таңда НАТО-мен ара қатынасын дұрыс ұстамаса,курд мәселесі ушығып кетуі мүмкін.
Алтай Бұқарбаев араб дүниесімен Түркия ара-қатынасын сынай отырып «Бұл қасиетті құранда: «әсіре діншіл болмаңдар» деген Алланың пәрменімен ескертілгенін еске түсіреді»-деп соғады. Бірақ, бұл құранның қайсы аятында екеніне сілтеме бермей,тек келсе-келмес ойдан шәриғат заңдарын бұрмалау емепе?
Алтай Бұқарбаев тағы «Түркияның болашағы Ресей бастамашылғымен құрылған Еуразиялық экономикалық одағына кіруде!» деп желдей еседі. Оның ойынша, Ресей және оның ықпалынан құтыла алмай отырған бірнеше ел құрған «Еуразиялық экономикалық одағы»-болашақта Түркі одағы болуы мүмкін екен-мыс. Ал «Еуразиялық экономикалық одағы» ешқандай саяси-әскери одақ емес, таза экономикалық құрылым екенін Елбасы неше қайталап айтты. «Елді жалаңаш патриоттық пен эмоция құтқармайды! Елді салиқалы саясат қана тығырықтан алып шығады!» деп мақаласын аяқтай тұра, өзі сондай сауатсыз ойларды оқырманға тықпалай беруден арланбаған. Түркия Еуроодақтан, НАТО-дан бет бұрып, Ресей құрған «Еуразиялық экономикалық одағына» кіру үшін де белгілі бір себеп болу керек қой. Ол одақты құрайтын Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения сияқты экономикасы әлсіз, жан-саны аз елдердің жылдық бюджетін есепке алмай-ақ, Ресей мен АҚШ-тың бір штаты мен Еуропаның бір елінің жылдық бюджетін мысалға келтіріп көрейік:
2014 жылғы Ресей Федарациясының бюджеті шамамен 393 миллиард АҚШ долларын құраса, ал АҚШ-тың Калифорния штатының жылдық бюджеті 1,959 триллион АҚШ долларын құрайды. Ал, Еуроодақтағы Германияның өзінің жылдық бюджеті шамамен 3.76 триллион долларды құрайды. Осылай салыстырсақ Түркиямен Еуроодақ арасындағы сауда-саттық пен «Еуразиялық экономикалық одағымен» арасындағы сауда-саттықтың қайсына басымдылық беруі өздігінен көрініп тұрмайма? Егер Түркияға Ресеймен Еуропаның қайсын таңдау керек деген сұрақ туса, бірінші сынып оқушысы-ақ «Еуропа!» деп жауап берер еді. Сондықтан, Алтай Бұқарбаевтың қандай негізге,қандай есепке сүйеніп «Түркияның болашағы-евроазиялық экономикалық одағында» деп отырғанын өзі түсінбесе,есті адамның илана қоятын дүние емес.
« Негізі осы экономикалық қуатты Ресей мен Қазақстан және Орта Азия елдеріне бағыттап, Еуразиялық одақтың жұмысына жұмсағанда батыспен иық тіресіп тұра алар еді. Былайша айтқанда, Еуропаны экономикалық серіктес ретінде қарап, Еуразияны саяси серіктес еткенде түріктердің бағы жанар ма еді?!» деген сөзіне ішегің түйіле күлмеске амал жоқ. Жартылай жалаңаш, өз елінде әлі дені дұрыс өндіріс жоқ, тек шикізат сатумен күн көріп отырған, тұтыну өресі төмен бес кедей елдің Еуроодақпен «иық тіресіп тұруы» мүмкін еместігін жоғардағы сан- цифрлардан көрініп тұрған жоқ па?
Түркия саяси билігі кімнің қолында немесе Ердоған кім?
Соңғы «Түркия саяси билігі кімнің қолында немесе Ердоған кім?» деген сұраққа жауап берудің өзі ұят сияқты. Егер «Алтай Бұқарбаев кім?»деген мақала жазатын болсам, осы бүркеншік атты автордың жеке-басына шабуыл жасаған болар едім. Бірақ, Алтай Бұқарбаев Түркия елінің президенті жайлы өсек айтудан арланбайды, ұялмайды жане заңдық жауапкершілік арқалаймын деп уайымдап отырған түрі жоқ. Азаматтың биологиялық тегін тектеп, әжесі қайдан, шешесі қайдан екенін сараптап, ешқандай дәлел-факт немесе лабараториялық анализ қортындысы болмаса да «Ережеп Тайып Ердоған – әкесі жағынан Грузиядағы Румдердің ұрпағы, әйелі — еврей текті араб. Ал, Абдуллах Гүлдің де Түрік тектес емес екені туралы кітаптар жазылды» деп өсектің өртін қаулатады. Егер негізсіз жазылған кітаптарді негізге алсақ Бұқарбаев аспанға көтеріп отырған Мұстафа Кемел Ататүрктың тегі жайлы да алыпқашпа әңгіме көп. Бірақ, ол да Түркия мүдесі үшін қызмет етті. Олай болса, Тайып Ердоған да тегіне, түріне, дініне қарамастан Түркия мүдесі үшін қызмет етуге мүмкіндігі бар. Әлемдегі барлық демократиялық мемлекеттердің ата заңдарында «Ел азаматы жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне қарамай тең құқықтан игіліктенеді» деп жазылған. Соның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциясында да сондай бап бар. Түркия президенті болып саналатын Тайып Ердоған Түркия елінде әділ сайлау негізінде,Түркия халқының таңдауы негізінде билікке шығып отырған заңды президенті. Оған әртүрлі заңсыз айыптаулар,жеке басына-тегіне қатысты жала жабу заңдық жауапкершілікті арқалайтынын автор білмейтін болса керек.
Тайып Ердоған билікке келе салып Осман империясының құрамында болған араб әлемімен қарым-қатынасты қалпына келтіріп, араб дүниесіне ықпалын жүргізгісі келгені жасырын емес. Бірақ, ежелден батыс пен шығыстың, Ислам мен христанның шекарасында орын тепкен, әр түрлі мәдениетпен өркениеттің тоғысқан жерінде жасап жатқан,көзі ашық Түркия халқына «діни зомбилау» саясатын жүргізді деу еш қисынға келмейді. Егер бүгінгі таңда Түркия саясатында діни түс қоюланып бара жатса, ол да Түркия халқының таңдауы деп түсіну керек. Себебі: Түркия әділ сайлау өткізетін мемлекеттердің бірі. Түркияда өткен сайлаударды ешқандай халқаралық құқық қорғаушы ұйымдар,бақылаушылар «заңсыз» деп таныған емес. Керсінше постсоветтік елдердегі ешқандай сайлау заңды деп танылған жоқ. Сондықтан Түркия билігі бір Тайып Ердоғанның қолында емес,Түркия халқының қолында деуге болады. Егер халық таңдауын аяқ асты болып жатса,келесі сайлауда Ердоған партиясы оңбай жеңілері даусыз.
Ердоған үкіметі ИМ-ін ашық әрі барынша қолдап отыр ма?
Ал «Ердоған үкіметі ИМ-ін ашық әрі барынша қолдап отыр» деген ойды автор тек Ресей ақпарат-құралдарының дәйексіз байбайламынан көшіріп алғаны көзге ұрып тұр. Ресей бірінші арнасы берген «жаптым жала, жақтым күйе», еш фактсіз сандырақ үшін дәлел іздеуді артық деп санаймын. Егер ресей мықты болса Ердоғанның ИМ содырларын ашық қолдап отырғанын, мұнайын сатып алып отырғанын бұлтартпас фактпен дәлелдеп көрсін. Сол кезде Ердоған сөзінде тұрып өздігінен орнын босатуға уәде беріп отыр.
Қорытып айтқанда, Алтай Бұқарбаев деген бүркеншік есіммен жазылған мақала ешқандай қорытқан ойы, дәлелі-дәйегі жоқ, тек орыс ақпарат құралдарының жетегіндегі, орыстың ессіз сойылшысы деп түсіну керек. Сондықтан, бұл мақаладағы негіздемелерді есепке алмауға болады. Алайда, осындай құлдық сананың біздің тәуелсіз Қазақстан еліне дендеп кіруі еліміздің де қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін, Ресей ақпарат құралдарының еліміздің ақпарат кеңістігін Су-24 ұшағы сияқты емін-еркін «бомбалауынан» сақтауымыз керек. Осындай теріс пиғылдағы ақпараттарға дер кезінде Түрік шекарашылары сияқты батыл соққы беріп отырмасақ, күндердің күні біздің өз айтар ойымыз, көзқарасымыз қалмай,отарлықтың қамытын иыққа қайта ілеріміз даусыз.
Серік Мұратхан