Бүгін 5571 әскери бөлімі базасында Қазақсан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында «Үздік батальон командирі», «Үздік батальон командирінің орынбасары», «Үздік батальонның штаб бастығы» атты байқаудың ІІ кезеңі басталды, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы Республикасы Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталмыш шара Ұлттық ұлан офицерлерінің әскери-жауынгерлік даярлығын көтеру үшін, сондай-ақ, батальон буынындағы сардарлардың кәсіби біліктіліктерін жоғарылату, тәжірибелік білімдерін арттыру, оларды қызметтік тапсырмаларды орындауға жігерлендіру мақсатында үстіміздегі жылдың 3-4 желтоқсаны аралығында өтеді. Атап өтерлігі сайысқа қатысушы үміткерлер алғашқы айналымның жеңімпаздары және олар Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының үкілі үміттерін арқалап келіп отыр. Олар мемлекеттік-құқықтық дайындық, қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы, ҚР ҚК басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының Жалпы әскери жарғысын білуден бақ сынасады. Сондай-ақ, сайысқа қатысушылар дене дайындығы яғни, 100 метрге жүгіру, белтемірде тартылу, 3000 метр қашықтыққа жүгіру сынды нормативтерден сынақ тапсырады. Бұған қоса, оларды атыс дайындығынан сынақтар күтіп тұр. Бағдарлама бойынша Макаров тапаншасынан №1 атыс жаттығудан өту сайыстың негізгі талаптары.
Екі күнге созылатын аталмыш кезеңнің жеңімпаздары Астана қаласында жоспарланған ақтық сайысқа қатысуға мүмкіндік алады.