Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары Д.Сатыбалды бастаған бiр топ кәсiпкер Оңтүстiк Корея мемлекетi мен Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Роуд-шоу сапарының басты мақсаты өңiрге ҚХР мен Оңтүстiк Корея инвесторларын тарту болып табылады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Қазақстаннан барған делегаттардың iшiнде өңiрдегi бизнес-құрылымдардың жетекшiлерi мен «Шымкент» ӘКК-нiң өкiлдерi, «Оңтүстiк» индустриялық аймағы басқарушы компаниясы» ЖШС-нiң басшылары да бар. Оңтүстiкқазақстандық делегаттар, ең алдымен, Оңтүстiк Кореядағы Чхунчхон-Намдо және Кёнгидо провинцияларының басшылығымен кездестi. Онда өңiрлiк деңгейде өзара тиiмдi ынтымақтастық мәселелерi талқыланып, Оңтүстiк Корея мен бiздiң облыстың кәсiпкерлерiнiң инвестициялық жобаларын iске асыруға жағдай жасау жайы және Кёнгидо провинциясында құрылған инвестициялық хабқа Оңтүстiк Қазақстан облысының қатысуы сөз болды.
Сапар барысында кәсiпкерлер Оңтүстiк Кореядағы агроөнеркәсiп кешендерi мен ондағы iрi инновациялық агротехникалық институтты, өнеркәсiптiк жылыжайлар мен Еуропалық iскерлiк әрiптестiк орталығын және «Самсунг» корпорациясының мұражайы мен инновациялық кеңсенi аралады.
Аталған мемлекетке iскерлiк сапар соңында ел астанасы – Сеулде Оңтүстiк Қазақстан облысының инвестициялық мүмкiндiктерi таныстырылған форум өтiп, оған Оңтүстiк Кореяның түрлi экономикалық секторларында қызмет ететiн 180 кәсiпкер қатысты. Нәтижесiнде екi ел арасында 11 меморандумға қол қойылды.
Мұнан соң облыстың кәсiпкерлерi Қытай Халық Республикасына жол тартты. Онда делегаттар Сиянь қаласында ұйымдастырылған Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа технологиялар тақырыбында өткiзiлген 22-шi жәрмеңкесiне және арнайы форумға қатысты. Мұнда елiмiздiң Ауыл шаруашылығы министрi А.Мамытбеков сөз сөйлеп, Қазақстанның сала бойынша жетiстiктерi мен жоспарларын баяндады.
Қытайға сапар кезiнде облыс кәсiпкерлерi «Қазақстан-Қытай заманауи аграрлық жобалары» конференциясына қатысып, өңiрдiң ауыл шаруашылығы жобаларының таныстырылымын өткiздi. Кездесу нәтижесiнде ҚХР мен ОҚО кәсiпорындарының арасында екiжақты тиiмдi 3 меморандум түзiлiп, бiрлесiп жұмыс iстеуге келiсiмдер жасалды.
ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.