«Хабардың» Лондондағы тілшісі арна жұмысына көңілі толмайтынын айтып қызметтен кетті

/uploads/thumbnail/20170708205129430_small.jpg

«Хабар», «24kz» телеарналарының Лондондағы тілшісі Бэла Құдайбергенованың Фейсбуктағы парақшасына  «Наконец-то я ухожу из ХАБАРА (и 24КЗ, что, впрочем, одна контора))))!!!! Меня переполняет огромное счастье!!!! Я поняла у меня есть совесть!!!:) Я не могу больше ВРАТЬ!!!: (Ақыры Хабардан кететін болдым (24 КЗ-дан да, екеуі бір мекеме)!!! Мен ерекше қуанышты сезімдемін!!! Өзімнің ар-ұятым бар екенін түсіндім!!! Бұдан әрі өтірік айта алмаймын!!!),- деп жазғаны желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсуде. Біреулер оның әрекетін құптаса, біреулер белді телеарнада тағы бір бос орын пайда болды деп пікір білдіруде.

Еліміздегі қос бірдей ірі телеарна тілшісінің жұмыстан кетуіне не себеп болғаны белгісіз. Журналистің өзі парақшасындағы жазбада жұмыстан кететініне қуанышты екендігін айтқан.

24.kz сайтында Б.Құдайбергенованың «Хабар» телеарнасында 2003 жылдан бері жұмыс істейтіндігі жазылған.

«Бұл телеарнаға өз халқым мен мәдениетіме етене жақын болу үшін орналастым. Себебі жастайымнан Мәскеуде өскесін, «қазақ» сөзіне қатысты ұғымдардың барлығы мен үшін қызық. Мәскеуде 8 жыл бойы меншікті тілшінің қызметін атқарған мен енді осы жұмысты Лондонда 5 жыл уақыт бойы жалғастырудамын. Кейбіреулер менің әжептәуір тілші екендігімді айтса да, өзім жазған материалдарға көңілім толатын кездер өте сирек кездеседі. Себебі бірде уақыт тығыз, бірде техника мен қаражат жағы қолбайлау болып жатады…» деп жазады тілші өзі туралы аталған сайтта.

Сондай-ақ, ол «Менің бір арманым — кино түсіру. Кім біледі, күндердің күнінде бұл ойым іске асып қалар. Сол кезде бүкіл қазақстандықтарға айтқым келгенімді фильм түрінде көрсететін алатын болармын» деген ойымен бөліскен.

«Хабар» агенттігі» АҚ тілшісінің шулы жазбасына қатысты әлі ресми пікір білдірмеді.

 

 

 

Қатысты Мақалалар