Жүсіпбек Аймауытов: «Аштан өліп жатқан елдің несібесін жегенше, анамның шуын жегенім артық»

/uploads/thumbnail/20170708150705688_small.jpg

Алғашқы аштық

Қазақта «Аштан өлген адамның бейіті жоқ» дейтін мақал бар. Бұл адам аштан өлмейді деген сөз емес. Халық жаппай аштан қырылғанда бірін-бірі көміп жерлеуге қауқары болмайды, өлгеннің бәрі көмусіз далада қалады да, бейіт тұрғызылмайды деген сөз.  Қазір Қазақстанда 1931-32 жылдары орын алған аштыққа 80 жыл толуына байланысты еске алу шаралары өтуде.

Бірақ осы оқиғадан 10 жыл бұрын 1921-22 жылдары тағы бір үлкен аштық зобалаңы болғанынан көпшілік бейхабар. Бұл туралы ғалым Тұрсын Жұртбай ғана қадау-қадау айтып һәм жазып жүр. Басқамыз үнсізбіз. Өйткені, біздің бодандық сана ұлықсат еткен тақырыпты ғана қаузап үйренген. Осы 1921-22 жылдардағы аштық жылдарынан жеткен бір жазбада: «Ит пен мысықты ұрлап, сойып – жеу, шын мәнінде, індетке айналды. Осынау «бір кесім ет үшін» бірінің жағасын бірі жыртқандар жыртылып айырылды.  Қу құлқыны үшін, бір хайуанның соңынан бірнеше адам жүгіріп бара жатады. Қалайда тірі қалудың қамын жасап, жансебілдікпен жанталасқан әлгі адамның өмірге құштарлығын түсіну үшін оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезіндегі қуанышын көрсеңіз ғой, аштықтың қасіретті сайқымазағын сонда түсінесіз. Жол жиегінде өліп жатқан, өліп бара жатқан адамдарға әлгі «жансебілдердің» өзі қарауға қорқады, өйткені келесі сәтте оның өзі де соның кебін құшуы мүмкін. Иә, ол да ғажап емес… Сотта, бірде аштық сотта тұрақты түрде адамның етімен қоректенген үш адамның ісі қаралып жатса, келесі де адамның етін пұттап сатқанға үкім шығарып жатпады. Міне, дәл осындай көріністен мағлұмат берген Орал губерниясындағы Елек аудандық аштарға көмек комитетінің 1922 жылғы 14 қаңтарындағы есебінде: «Кешке жақын көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсіресе толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердің етін жеп жатыр» – деп жазылған.

Әңгімені арықарай сабақтасақ: осы жылдары Қазақ Орталық Атқару Комитетінің  анықтамасы бойынша 1,5 миллион  қазақ аштан қырылған. Ұлты үшін күйінген қайраткерлер – Ахмет Байтұрсынов пен Мұхтар Әуезов дабыл қаққан.  Нәтижесінде, 1921 жылы 10 желтоқсан күні осы аштық мәселесі бойынша қазақтың оқығандары бас қосқан. Олар – Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Кенжин, Байтұрсынов, Байділдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев; Нұрмаханбетов, Игіліков, Қаржасов, Тұнғаншин,  Біржаров,  Оразбаева, Саматов, т.б-лар қатысқан. Жиынды Жангелдин басқарған. Күн тәртібіне: Қырда аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетуді ұйымдастыру және қазақ қызметкерлерін осы жұмысқа тарту туралы екі мәселе қойылған.

Ұлтшыл-ғалым Тұрсын ағамыз 1921-22 жылдардағы аштық жайлы Ақынжан Игенбаев деген зерттеушінің назарына ілінген «Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қортындысы» атты құжатты жариялап жүр. Осында келтірілген деректе: Қазақ автономиялы республикасының бес губерниясында 1 миллион 559 мың адам аштан өлген дейді. Ай далада қаңғып, жетім қалған балалардың саны: 1921 жылдың 1 желтоқсанда – 128 мыңға, 31 желтоқсанда – 158 мыңға, 1922  жылдың қаңтар айында – 333 мыңға, наурыз айында – 408 мыңға жеткені айтылады.

Осы аштық жылдары Жүсіпбек Аймауытов бас болып М.Дулатов, Қ.Сәтбаевтар Семей өңірінен мыңдаған  мал жинап Торғайға жаяу жалпы айдап келген. Елге тегін таратып берген. Ел қайтті дейсіз ғой, малды дұрыс таратпады деп әлгілердің үстінен арыз жазған. Сөйтіп Аймауытовтың басын сотқа іліктіріп жіберген. Мұны Ахмет Байтұрсынов естіп, беделін салып құтқарып қалған. Сол сотта сөйлеген Жүсіпбектің сөзі бар. Ол: «аштан өліп, қырылып жатқан елдің несібесін жегенше, анамның шуын жегенім артық еді» деп налыған. Ұзын сөздің қысқасы 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Атақты ақын Әбіқай Нұртазиннің «Тас мешін» деген дастаны бар.

Екінші аштық

Бұл біз атап өткелі отрыған, яғни, 1931-32 жылдары орын алған екінші аштық. Осы аштықтың салдарынан саны 6 миллионға жеткен қазақтың үштен бірі қырылып, 1,3 млн адам Қазақстан жерінен басқа жаққа босып кетті делініп жүр. Тірі қалғаны 2 миллионнан астам. Аштық жылдарын басынан өткерген жазушы Өтебай Қанахинның күнделігінде, алапат аштық жайы былай деп суреттеліпті: «…аштықтан әлім бітіп көзім қарауытып, есім бірде кірсе, бірде кірмей, тек кірпігім ғана қимылдап, жұртта қалған тастанды күшік сияқты шалажансар жатқан жерімнен ересек біреулердің тауып алып, сыртта тұрған шанаға апарып салғанын, үстіме киіз жауып қымтап жатқанын еміс-еміс білемін. Сөйтсем бұлар аштықтан жаппай қырылып жатқан қазақ ауылдарын аралап, ең болмаса тірі қалған бала-шағаны аман алып қалу үшін қыстау-қыстауды аралап жүрген комсомол жасақтары екен. Жолда бір жерге тоқтап, бір ұрттам ыстық ас бергенде барып есімді жинадым. Бізді  алып келе жатқан екі адамның әңгімесіне құлақ түрдім. Олар бір қыстаудың есігін қар басып қалғанын көріп, күрекпен аршып үйге кіріпті. Ортасын нар пешпен бөлген үйдің кең зәменкесін айнала өліп жатқан балаларды көреді. Әке-шешесімен 11 баласы біреуі қалмай аштан өліпті. Осыны айтқанда делбе ұстаған жігіт еңіреп жылап келе жатты. Қалқанды шананың ішінде менен басқа тағы бірнеше бала бар екен. Көбі басын көтере алмай әлсіз ыңырсиды. Бізді қалаға әкелгенде, шанадағы 9 баладан бесеуіміз тірі жеттік. …Бізді Ырғыздағы панасыздар үйіне орналастырды. Онда тіпті қиын екен. Арық-тұрақ, өзі аш балаларды бит жеп өлтіргенін көзім көрді. Қыстың ұзақ түнінде таң алдында түзге шықтым. Дәретхана деп ойлап, оның қасындағы тақтай қойманың есігін ашып қалғанымда, отынға дайындаған сексеуіл сияқты төбеге дейін тіреп, жиып қойған өзім құрпы кішкентай балалардың өлі денесін көрдім. Сол жерде құлап қалыппын. Артынан біреу-міреу ішке кіргізіп тастапты. …Нендей дерт екенін білмеймін жаңа ғана сүт ішіп, нан жеп отырған бала оқыс қисая кетіп қылғына бастайды да көзі ақшаңдап жүріп кетеді. Менімен бір кереуетте жатқан бес бала осылай өлді. …Жазғытұрым  ауруханадан шықтым. Киімді беріп жатқан орта жастағы қазақ әйелі еңіреп жылады. Мен «неге жылайсыз?» дедім. Сонда әлгі кісі көз жасын сүртіп: «Осында келген 50 баладан әне бір-екеуің ғана тірі кетіп барасың. Өмірің ұзақ болады екен» деді. …Жаз шыққан соң балаларға ілесіп, қаланың түскей жақ шетінде «Итмола» деп аталатын тұстағы кірпіш басу үшін үңгіп қазған апанға бардым. Нән апандардың ішінде үйген тезекке ұқсатып, кішкентай балалардың басын жиып қойыпты. Бақсам, қыста өлген балаларды көме алмай, апандағы қардың астына тастай беріпті. …Аяғыма әрең тұрып қалаға алғаш шыққандағы көргендерім: ана көшеде аштан өліп жатқан шал, мына көшеде ыңырсып қайыр тілеген кемпір, жуа теріп құдықтың басына барғанымда аштан өліп қалған арыстай дәу жігітті көрдім. Көшеде өліп қалғандарды күнде тәңертең арнайы адамдар келіп, жалаңаштап, тау-төбе қылып арбаға тиеп алып кетеді. Қаланың шетіндегі үлкен орға алып барып тастайды. Бұлардың бәрі ауылдан арып-ашып жеткен қазақтар еді. …Және бір есімде қалғаны, анық білетінім: балалар үйі орналасқан қалада тұратын Грошев дейтін көпес, көзі қарауытып, аштан бұралып қорасына кірген қазақ жігітін табанда атып тастады. Жазықсыз жанды неге өлтірдің, деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Бақшама түсті деп Нүри дейтін түрік тағы бір аш қазақты атып тастады. Қысқасы аштықтан әлсіреген қазақтарды кім көрінген атып тастап жатты. …Менің бұл жазғандарым тоғыз жасымда басымнан кешкен оқиғалар. Өз көзіммен көрген сұмдықтар. Қаншама жылдан кейін есімде қалғандары ғана. Адам жаны төзгісіз, естіген құлақ тұнарлық, көрген көз соқыр боп қаларлық, езіліп-егілмей, көзіңе жас алмай айту, әсіресе қағазға түсіру әсте мүмкін емес сорақылықтар көп болды. Осы жазбаны қағазға түсіргенде көмейіме өксік тығылып, көзімнен жас парлап отырды. Бір шаңырақ астындағы үлкенді-кішілі он екі жаннан тірі қалған жалғыз мен ғана»

 

Голощекин һәм Машкевич

Бүгінгі тарихшылар 1931-32 жылғы аштықтың авторы, яғни қазақтарды қырып тастаған адам – Шая Голощекин дейді. Осы тұста Алматыға жер аударылып келген Лев Троцкий 1927 жылдың наурыз айының 11 күні  Г.Я.Сокольниковке жазған хатында, «Голощекин орыс деревнясында бейбіт өмірді, қазақ ауылы үшін азамат соғысын уағыздайды» деген екен. Осыған қарағанда бұл алапат аштық қазақ халқын қырып тастау үшін әдейі, Голощекиннің қолымен ұйымдастырылған.  Тіпті Роберт Конквестің «Жатва скорби» атты кітабында мынадай дерек бар: «Аштық жылдары Қазақстанда басшылық қызмет жасаған Голощекиннің аштан қырылып жатқан қазақтарға дәрігерлік көмек көрсетуге  қатаң тыйым салған жасырын нұсқауы болған» дейді. («Жұлдыз» журналы, 1992 жыл. №5, б-15). Дәл осындай мәлімет әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметовтың «Қазақ қалай орыстандырылды» деген еңбегінде де бар.

Бұл жерде айтпай кетпесе болмайтын бір мәлімет, еліміз тәуелсіздік алған 1991-91 жылдары халық қатты күйзелді. Кейбір алыс ауылдарда аштықтың салдары да болды. Осы тұста жаппай жекешелендіру деген желеумен колхоз-совхоздардың малы күшпен таратылды. Көптеген шағын қала, ауыл тұрғындары үлкен қалаларды сағалап босып кетті. Осы тұста Қазақстандағы ірі өндіріс орындарын жеке меншігіне өткізіп алған алпауыт Александр Антонович Машкевич мырза жоғарыдағы қазақты аштан қырған Шая Голощекиннің  жақын жиені екенін қазір көп адамдар біле бермейді. Бұл деректі бізге жеткізген, кезінде Бішкек Мемлекеттік университетінде экономика кафедрасының меңгерушісі қызметін көп жыл атқарған, үлкен  ғалым  Мырзахметов Хамза Аленович дейтін қазақ азаматы. Бұл кісі қазір өмірде жоқ.

Асқар Баймұханов, тарихшы

«Намыс» порталынан алынды.

Түпнұсқа тақырыбы: «Аштан өлген адамның бейіті жоқ»

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар