Ұлттық өнеріміздің өрісі тарылды. Оның орнына жалт-жұлт етіп көз қарықтырғанымен, қаңбақтай тамырсыз жеңіл дүниелерге құлдық ұрып, «тәу ететініміз» өтірік емес. Сондай талғамсыздықтың бір ғана орасан зор зардабы – қазақ мәдениетінің сүбелі тұлғаларының көзі тірісінде-ақ ешкімге керексіз, елеусіз қалуы. Кезінде қанша тағдыры тәлкекке түскенмен, Құрманғазы, Тәттімбет, Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттарды алақанға салып әлпештеген елі болды. Ал енді шынайы өнерпаздар әумесер әуеннің әләуләйімен тірісінде-ақ «жерленіп» жатыр.
Ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұрамыздың бір парасы классикалық әндеріміз болса, оның ең бір қанат жайған сипатын Арқа мектебі дәстүрінен көреміз. Осы мектептің Астанадағы ең білікті ұстазы, ғаламат әншісі Қайрат Байбосынов болса, Алматыдағы шоқтықты ұстаз, біртума әнші ретінде Жоламан Құжимановты айтуға болады. Жоламан Құжимановтың өнердегі өзіндік ерекшелігімен қоса, байырғы ән айту мәнері дәстүрінің қаймағын бұзбай жеткізуші екені дау туғызбайды. Бірнеше жылдардан бері шәкірт тәрбиелеудің шебері бола тұра, ол кісінің жұмыссыз жүргені түсініксіз жайт. Қазіргі кезде дарын иесін есігінен сығалата бермейтін музыкалық мекемелердің студенттері Жөкеңді іздеп барып, әндерін үйренуде. Мүйізі қарағайдай, ел-жұртқа жақсы танылып үлгерген кейбір әншілердің өзі ән үйреніп, тәрбиесін алып жүріп, Жөкеңнің еңбегін атауға келгенде «қымсынатынына» өзіміз де талай куә болдық. Содан, сірә, аспандаған атақ-даңқы аласарып қалатындай-ақ. Күйбең тіршіліктің өзі-ақ талантты жеп қояды, ең сорақысы – шын өнерпазды өнер ортасынан аластату арқылы бүтін қазақ мәдениетіне орны толмас зиян келеді. Тек Жоламан Құжиманов қана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде қаншама дарынды ұлттық өнердің өкілдері ескерусіз қалуда. Көнекөздердің сарқытын көріп, нағыз халықтық нақышты бойында сақтаған, кемел білімді әнші-күйші, жыршы-термешілер Астана мен Алматы тәрізді орталықтарға шақыртылып, ұстаздық қызметке жұмылдырылуы қажет. Әлбетте, ол үшін олар баспанамен қамтамасыз етілмесе, жасы келген адамдардың пәтер жалдап, күн бағатын жағдайы жоғы бесенеден белгілі. Олардың әрқайсысының жеке үнтаспаларының жарық көруі де соншалық мемлекетті шығынға батыра да қоймайды. Жастар оқу бітіре салып, артынша сонда сабақ беріп жатады. Өздері әлі ізденіс үстінде жүргенде, қайтіп олар шәкірт тәрбиелейді? Қазақтың әндері мен күйлерін өмірлеріне серік еткен, баспанасыз баз кешкен жас толқынның да бір бастарына жетерлік мәселе шаш-етектен. Жақсы басталған «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Саз-Толғау» бағдарламасы да қазір бұрынғыларын қайталаудан аспай отыр. Әуелден өнерпазға кеңде емес қазақтың мықтылары сарқылып қалғаны ма? Неліктен құнды өнерімізді құлдыратып, ұлыларымызды ұлықтай алмай отырмыз? «Дипломы жоқ», «кәсіби емес», «атағы жоқ» деп шын дарындарды күресінге тастай бергеніміз жөн бе? Онсыз да шоқтықты тұлғаларымыздың қатары күн санап сиреп барады. Домбыраны «одна палка, две струны» деп білетін билік бишігін ұстағандар Мәди, Қапездер қайта тіріліп келсе де «музыкалық білімің жоқ» деп қоғамнан аластатып жіберуі де ғажап емес.
Франция бүкіл әлемнің мықты өнерпаздарына өз елінде жағдай жасап, Парижді жаһандық өнер ордасына айналдырды. Күншығыс елі өзінің ұлттық дәстүрін сақтаушыларды мемлекеттік қамқорлыққа алғалы қай заман. Ал біз әлі күнге дейін өзіміздің саусақпен санарлық іздеусіз, сұраусыз қалған көкірегі шежірелі тұлғаларымызды «санатқа қоспай» келеміз.
Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, күйші, өнертанушы:
– Бізге Дәулеткерейдің күйлерін жеткізуші Наушаның өз орындауында үнтаспада бірде-бір күйі қалмапты. Бөкейханның ұрпағы, хан тұқымы деп әдейі жойған. Кеше ғана дүниеден өткен Мұрат Өскенбаев 300 күй тартатын, қазір соның он шақтысы ғана бар ма, жоқ па, белгісіз. Ол көптеген жыр айтатын, онысы мүлде ұмыт болды. Қап деп қалған тұсымыз көп. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан Өскеменге келген атақты Кәлек Құмақайұлы деген ақсақалымыз сыбызғыда 100-ден астам күйлер тартады. Бұл – баға жетпес байлығымызды бойына сіңірген тұлға. Ол кісіні елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ. Тағы да сол жақтан келген Қабыкей Ақмерұлы есімді күйші-сазгер, өнер зерттеушісін айтар едім. Қабекең Баян-Өлгейдегі қазақтардың әндері мен күйлері туралы Затаевичтің еңбегінен кем түспейтін екі үлкен кітап жазған.
– Мұқағалидың «Аягөз ару», «Сәби болғым келеді» өлеңдеріне ғажап ән шығарған Тұрсынғазы Рахимовтың мәдениет орталықтарында шәкірт тәрбиелейтін жөні бар. Сонда сол кісімен деңгейлес Амангелді Жікенов есімді әншінің де қадіріне жетпей жүрміз. Жезқазғанда репертуары өте бай әнші Ғалым Мұхамедин ағамыздың өмір бойы жинап-тергенін жастар бойына сіңіруі қажет. Көкшетаудағы өнер зерттеуші, жыршы Жұмабай Есекеев, Қатимолла Бердіғалиев, Сағдат Рахметолла, Рахымбек Ноғайбаев, Найманғазы Сақпанбаев сияқты ағалардың білетінін жазып алу керек. Қарағандыдағы әншілер Жақсыгелді Кемалов, Мейірхан Адамбеков, Ерлан Құжиманов, Семейдегі Мейрамбек Ахметов, Баянауылдағы әнші Ербол Айтбаев тәрізді керемет өнерпаздар үлкен сахнаға шыға алмай жүрген жайы бар. Небір мықты әншілер не дауыстары таспаға жазылмай, не лайықты ілтипат көрмей өмірден озуда. Жақында ғана көз жұмған Келденбай Өлмесек өзі ғана білетін қаншама дүниені өзімен бірге алып кетті. Жиенбай жыраудың немересі, жыршы-жырау Бидас Рүстембекұлы қазір Қармақшыда бала тәрбиелеуде. Маңғыстаудағы күйші Сержан Шәкіратов, жыршы Амандық Көмеков деген азаматтарға назар аударылуы тиіс.
– Соңғы кезде қазақ руханиятына көп пайдасы тиетін тұлғалар шеттетіліп қалды. Бұрын мұндай тұлғалар дәріптелетін, олардың пікір-көзқарастарымен санасу болатын. Есімдері де дүркін-дүркін естілетін. Мен ауыл жазушыларын айтқым келеді. Ақадырда Өмір Кәріп деген мықты жазушы бар. Жамбыл облысындағы Қуандық Шолақ есімді жақсы ақынды көпшілік тани бермейді. Семейдегі Тыныштықбек Әбдікәкімұлы атты ақын қазір естілмей кетті. Солтүстік Қазақстанда тұратын Зарқын Тойшыбай ағамыз Ресей мен Қытайдың мұрағаттарын қопарып, Абылай хан туралы екі томдық еңбек жазыпты. Бұған өз қалтасынан қаржы шығарып, 30 жыл уақытын жұмсапты. «Ұлттық деңгейде ойлайды» деп қуғын көрген кезі болды оның. Тарихқа шынайы махаббаты бар адамдар кез келген кәсіби тарихшыларды жолда қалдырады. Татымы жоқ дүниелер эфирді толтыруда. Бір өзі бір институтты істейтін адамдар қаңтарылып босқа жатыр. Атыраулық күйші Рысбек Ғабдиевтің қадіріне жете алмадық. Фонограммамен шығатын шала күйшілерді жер-көкке сыйғызбай мақтағанда, шын өнерпаздар қандай күй кешпек?
Пікір қалдыру