Қазақстандағы аграрлық сектордың негізгі бір саласы егін шаруашылығы екені белгілі. Еліміздің солтүстік, орталық өңірлеріндегі алқаптар тұтастай республиканы астықпен қамтамасыз етуге, тіпті, дәнді дақылдарды шет елдерге экспорттауға мүмкіндік беруде. Егін алқабынан жиналған астық дастарханымызға дайын өнім болып келгенге дейін бірнеше сатыдан тұратын күрделі дайындау процестерінен өтеді. Астықты сақтау, кептіру, одан ұн тарту да ірілі-ұсақты компаниялардың жыл бойы тынымсыз айналысатын жұмысы. Отандық нарықтағы нан бағасына да ықпал ететін, турасын айтқанда, нарықтағы нан бағасын бекітетін де осы компаниялар. Біз бүгін осы саланың ықпалды деген ірі ойыншылары туралы сөз қозғағанды жөн көрдік. Назарларыңызға астық алқаптарынан жиналған бидайды сақтау, өңдеу, дайын өнім түрінде сату ісімен айналысатын еліміздің әр өңіріндегі компаниялардың қысқаша тізімін ұсынамыз.
Астана
«Цесна-Астық» концерні» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1992 жылы «Биоцес» фирмасы болып құрылған. Кейін 1997 жылы «Ақмола-астық» ЖШС болып қайта тіркелді. Бүгінгі атауын 2000 жылы иеленді. Астық сақтау, өңдеу жұмыстарын жүргізуге лицензиясы бар компания. Астық концерніне сондай-ақ,Ақмола облысы Жалтыр ауылында орналасқан «Колотун-95», «Жалтыр мұнай базасы», «Жалтыр элеваторы» сынды тағы үш жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен «Астықжан» сауда орталығы тиесілі. Басқарма төрағасы Николай Мещеряков.
Алматы облысы
«Азияагрофуд» акционерлік қоғамы 2010 жылы құрылған. Шамалғандағы «На өнімдері» ЖШС-нің мұрагері болып табылады. Басқарма төрағасы Айдархан Сәрсембаев. Негізгі қызметі – ұн, крахмал дайындау. Құрылтайшылары Әлихан Талғатбек пен Ерлан Баймұратов арқылы «Баян сұлу» АҚ-мен байланысы бар.
Солтүстік Қазақстан облысы
«Қызылту ұн тарту комбинаты» ЖШС 2006 жылы құрылған. 200-ден астам жұмысшысы бар кәсіпорын астықты қабылдау, сақтау, кептіру, өңдеумен айналысады. «ҚазЭкспоАстық» холдингі құрамына енеді. Комбинатқа Golden Grain сауда белгісімен ұг шығарушы «Агроинвест-Трейдинг» ЖШС иелік етеді.
Жамбыл облысы
«Зар-Замин» ЖШС Тараз қаласында орналасқан. «Азық-түлік келісім-шарты копорациясы» АҚ-ы құрамына енеді. 2003 жылы компания мемлекеттік астық ресурстарын басқару бойынша жалғыз агент ретінде анықталды. Атқаратын қызмет түрлері: ұн өнімдерін қабылдау, сақтау, өңдеу, өндіру және сату.
Қызылорда облысы
«Жалағаш элеваторы» ЖШС. Серіктестіктің 100 пайыздық үлесі Қызылорда облыстық әкімдігінің шешімімен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына сатылып алынған. Кейін атауы «Байқоңыр» агрохолдингі болып өзгертілген кәсіпорын күріш және күріш крахмалын сақтау, өңдеу, макарон өнімдерін шығару қызметімен айналысады.
Оңтүстік Қазақстан облысы
Оңтүстік Қазақстанда бұл саланы «Алтын дән» ЖШС бастап тұр. Серіктестік құрамында екі ұн зауыты бар. Ұн тарту, астық сақтау, тасымалдау, макарон, сүт өнімдерін шығарумен айналысатын компания Ақмола облысындағы бірнеше элеваторға және ОҚО Сайрам ауданындағы мал ұстау кешеніне де иелік етеді. 1998 жылы «Ақ бидай» АҚ-ы негізінде құрылған компания мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы, «ҚазАгро» холдингі арқылы қаржылай қолдау алып отыр. Компания директоры – Бакарам Әбдікәрімов.
Ақмола облысы
«Урожай» ЖШС астық қабылдау, сақтау және өңдеумен айналысады. Атақты Жақсы элеваторы базасында құрылған. 2003 жылы «Агрофирма TNK» ЖШС құрамына кірді. Барлығы «Агрофирма TNK» компаниялар тобына бірнеше элеватор, мұнай базалары мен жанар-жағар май стансалары, сүт зауыттарына иелік ететін 17 кәсіпорын кіретінін де айта кету керек.
Батыс Қазақстан облысы
«Желаев нан өнімдері комбинаты» АҚ-ы 2004 жылы құрылған. Негізгі қызметі – астық қабылдау, сақтау және өңдеу. 2014 жылға дейін «Корона-Мұқатай» сауда белгісінің иесі «Астық өндірісі» ЖШС-ге тиесілі болып келді. Қазір ресейлік «Мартин» аграрлық компаниясының меншігіне өткен.
Ақтөбе облысы
«Жаңа Әлжан ұн комбинаты» ЖШС «Корона-Премиум» сауда белгісімен «Экстра» сұрыпты ұн өндіруші елдегі жалғыз компания. Investment Trust Company тобына енетін серіктестік үдемелі индустриалды даму бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болып отыр.
Қарағанды облысы
«Ақнар» фирмасы» ЖШС 1995 жылы тіркелген. Негізгі қызметі ұн тарту және сату. Фирма екі ұн тарту кешені мен бір элеваторға иелік етеді. «Стандарт», «Ақнар», «Берекет», «Янтарная» сынды бірнеше сауда белгісімен өнім сатады. Директоры – Игорь Коростелов.
Шығыс Қазақстан облысы
«Шығыс Қазақстан ұн-жем комбинаты» АҚ барлық сұрыптағы ұн, макарон өнімдері мен мал жемін өндірумен айналысады. Нарықта «Ардагер», «Бірінші», «Сдобушка Люкс» сауда белгілерімен танымал. Компания акцияларының 80 пайызына «Ардагер» ӨБ» ЖШС (Алматы) иелік етеді. Елімізде және Тәжікстанда еншілес компаниялары бар. қызы акционерлер өкілі болып табылатын Рашит Сәрсенов арқылы «Нурбанк» және Central Asia Petroleum Ltd ЖШС-ға қатысы бар.
Қостанай облысы
Қостанай облысында 120-дан астам ұн тарту кәсіпорындары жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Қостанай ұн комбинаты» АҚ-ы. Компанияның ірі акционерлері ретінде танымал кәсіпкер Нұрлан Смағұловтың активтері саналатын Forward Grains Capital және Investment Trust Company ЖШС-тарын айтуға болады. Бас директоры – Александр Микетка.
Көріп отырғандарыңыздай, еліміздегі астық жинау, сақтау, өңдеу, дайын нан өнімдерін саудалаумен айналысатын кәсіпорындардың барлығы дерлік отандық компаниялар саналады. Көбі – кешегі кеңестік заманда негізі қаланған ірі элеваторлар мен ұн комбинаттарына ие болып қалған кәсіпкерлер. Астық айналасында әрекет етіп жүрген компанияларды санамалап отырып, бұл салада бәсекелестік ортаның әлдеқашан қалыптасып, нарық заңдарының берік орныққанын байқауға болады. Соған қарағанда, «Бұл сала дамымай қалған, қолдауға зәру, бәсекелестік жоқ» деп жүргендердің байбаламы негізсіз бе деген де ойға қаласыз.
Жомарт Абдоллаұлы