Астанада ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов ҚР Қарулы Күштерінің бірқатар офицерлері мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды табыстады. Бұл туралы «»ҚамшыҚ порталы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Сіздер өздеріңіздің Отанға деген шексіз қызмет етулеріңізбен ғана емес, барша қазақстандық үшін қасиетті іс тәуелсіз еліміздің әр үйінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтай отырып, үнемі үздік және жауапты болу шеберліктеріңізбен бұл наградаларды алуға әбден лайықсыздар. Сондықтан бұл наградаларды қабылдай отырып, Сіздер еліміздің басшысының ғана емес, сонымен бірге әскери адамға құрметпен қарайтын барша қазақстандықтардың жоғары бағасын алып отырғандарыңызға сенімдімін. Жоғары Бас Қолбасшыға, мемлекетіміз бен халыққа әрі қарай адал қызмет ететіндеріңізге кәміл сенімдімін», - деді ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
2015 жылғы 3 желтоқсандағы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес генерал-майор Жомарт Қуанғалиев ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, полковник Әділ Беков, Мұратжан Жұмағазиев, полковник Қайсар Мұгалов, полковник Төлеубек Сүлейменов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Запастағы генерал-майор Диханбек Сатылганов пен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың корпоративтік даму департаментінің директоры Кенжебай Сатжанов «Құрмет» орденінің иегерлері атанды.
Одан басқа, ҚР Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес подполковник Әскер Бейсенов (мерзімнен бұрын полковник атағын) және майор Сергей Черненок (мерзімнен бұрын подполковник атағын) мерзімнен бұрын кезекті әскери атағын алды.
Пікір қалдыру