Қазақстанның Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қытай халық республикасына сапары барысында ІІ Дүниежүзілік интернет-конференцияға қатысып, қытай тілінде баяндама жасады, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы. Қазақстандық премьердің қытай тіліндегі баяндамасын ССTV арнасы көрсетті.
Қытайдың Учжэнь қаласында өткен жиында Кәрім Мәсімов интернеттің адамзат өмірін өзгертіп отырғанын, Қазақстанның интернет-технологиялар өндірісіне белсенді араласып келе жатқанын айтты. Қытай тілінде баяндама жасаған қазақстандық премьердің сөзіне тыңдаушылар бірнеше мәрте қол шапалақтаған.
Сондай-ақ, бұл конференцияға Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан премьер-министрлері де қатысты. Тек олар баяндамаларын орыс тілінде жасаған.
Қазақстан пермьер-министрі Кәрім Мәсімов Пекин тілдер институтының, Ухань заң институтының түлегі екенін, қытай тілінен басқа орыс, ағылшын, араб тілдерінде еркін сөйлейтінін естеріңізге саламыз.