ТЕҢГЕНІҢ АХУАЛЫ АУҒАН АҚШАСЫНАН НАШАР БОЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170708205754146_small.png

Украиналық Forex Club ақпараттық-сараптамалық орталығы құнсызданған валюталардың рейтингінде төл теңгеміз бірінші орынға шыққанын жариялады. Нақтырақ айтсақ, сарапшылардың есебі бойынша, теңге 85,2 пайызға дейін девальвацияға ұшыраған. Бір алаңдатарлығы, төл теңгеміз соғыс жағдайындағы мемлекеттердің валютасымен салыстырғанда әлдеқайда қатты құлдыраған.

Белгілі экономист Тимур Исаев forbes.kz сайтына жазған мақаласында төл теңгеге байланысты түйткілдерді ортаға салыпты. Оның айтуынша, ұлттық валютаның құнсыздануы – экономикалық және мұнай бағасына байланысты емес. Өйткені, ол мұнай өндіруші және соғыс жағдайындағы мемлекеттердің валютасымен салыстырғанда теңге бірнеше есе құлдырағанын алға тартып отыр.

– Ұлттық банк басшыларының айтуынша, теңгенің құнсыздануы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты. Нақтырақ айтсақ, олар желтоқсан айының басынан бастап мұнай бағасының бір баррелі $44,4-тен $37,8-ге дейін, яғни 15 пайызға арзандағанын алға тартып отыр. Алайда, 2014 жылдың қаңтар айынан бері ұлттық валютамыз 125%-ға дейін құлдыраған. Ал енді мұнай өндіретін басқа мемлекеттердің валюта динамикасына назар аударайық. Қазіргі таңда Бразилияның реалы 65%, норвегтік крон – 43%, анголдық кванза – 40%, әзірбайжандық манат – 33%, мексикалық песо мен малазиялық рингит – 31%, канадалық доллар – 30%, нигериялық найра – 24%, ирандық риал – 20%, ливиалық динар – 13%, кувейттік динар – 7% арзандаған. Алайда Оман, БАӘ, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Катар мемлекеттерінің ұлттық валютасы өзгермеген. Ал ирактың динары керісінше 5% күшейген. Осылайша мұнай өндіруші мемлекеттердің бірде-біреуінде дәл теңге құнсызданғандай құлдырау болмаған. Біздің ұлттық валютаны тек Ресейдің рублімен салыстыруға болады. Алайда ресейлік рубльдің өзі 113% құнсызданып отыр, – дейді Тимур Исаев.

Сондай-ақ, ол теңгенің құнсыздануы саяси жағдайы тұрақсыз мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда құнсызданғанын алға тартып отыр. Мәселен, сириялық фунт 67%, украиналық гривна 48,7%, Ауғанстанның афганиі 20% құлдыраған. Өздеріңізге белгілі аталған мемлекеттер қазіргі таңда жартылай соғыс жағдайында. Мәселен, Сирияның ойранын ислам атын жамылған террористер шығарса, ал ресейлік сепаратистер Украинаның ту сыртынан пышақ ұруда. Бұдан бөлек, Ауғанстан ежелден саяси жағдайы тұрақсыз мемлекет. Алайда, соған қарамастан олардың ұлттық валюталары біздің төл теңгемен салыстырғанда әлдеқайда құнды болып отыр.

Бұл нені аңғартады? Тимур Исаевтың айтуынша, төл теңгенің құнсыздануына ұлттық валютаға деген сенімнің жоқтығы әсер етіп отыр. Нақтырақ айтсақ, қолының кірі бар азаматтар өз ақшаларын АҚШ долларында сақтағанды жөн көреді. Осының салдарынан төл теңге күннен-күнге құнсызданып барады. Ал, халықтың ұлттық валютаға деген сенімінің жоғалуына Үкімет пен Ұлттық банктің солақай саясаты әсер етті. Әйтсе де, ақшамыз қанша жерден құнсызданса да, біз төл теңгеден бас тартпаймыз. Өйткені қазіргі жағдайда төл теңегеге төнген қауіп Тәуелсіздікке қатер төндіреді. Сондықтан да қаржылық қиыншылықтарға қарамастан қараша халық шыдамдылық танытуы мүмкін. Алайда, халық шыдайды екен деп Үкімет пен Ұлттық банк ойына не келсе соны жасай бермеуі керек қой.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

Қатысты Мақалалар