Алматы қалалық ІІД мен ұялы байланыс операторлары жасаған меморандум қолды болған қалта телефондарын дер кезінде бұғаттауға, сол арқылы телефон ұрлығын ашу көрсеткішін арттыруға бағытталған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Полиция қызметкерлері ұрланған телефондарды IMEI коды бойынша бұғаттау процесіне кірісті. Прокуратурамен бірлесіп, телефон ұрлығын ашу бойынша әрекеттердің алгоритмі жасалған. Енді телефонынан айрылған азамат ІІО-ға арыз жазғанда байланыс операторына өтініш беріп, жоғалған телефонды бұғаттай алады. Бұғатталған телефон ұрлық жасаған адам үшін материалдық құндылық болудан қалады», -дейді Алматы қаласы ІІД бастығының бірінші орынбасары Қанат Таймерденов.
Полицейлер осы жүйе телефон ұрлығын алғашқы кезеңде 25 пайызға дейін қысқартады деген сенімде.