Кеше Алматыда Қазақстан Жазушылар одағы мен «Ер Жәнібек» Халықаралық қоғамдық қоры көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының 75 жылдығына орай «Қазіргі қазақ прозасының өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы.
Конференцияға танымал әдебиетші ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты.



Конференция барысында жазушының інісі Ғылымхан Қалиұлының қолдауымен жарық көрген «Сары ала қаз» кітабының тұсауы кесілді.
«Конференцияға қатысушылар ағамыз туралы, жазушының шығармашылығы жайлы керемет естеліктерімен бөлісіп, құнды деректерді, зерттеулерді ортаға салды. Осы жиынның өтуіне атсалысқан барлықтарыңызға алғыс білдіремін» дейді «Ер Жәнібек» қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркия мырза.
Жақсылық Сәмитұлы 1940 жылы Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. 1959-1979 жылдары Қытайдағы «мәдениет төңкерісі» кезінде ұлтшыл атанып, Үрімжі, Тарым, т.б. лагерьлерде жазасын өтеген.
1993 жылы Алматыға көшіп келген.
«Атамекен», «Тау самалы», «Ақ тілек», «Ақ сәуле», т.б. әңгіме, повестер жинағының авторы. 2000 жылы жазушының «Қытайдағы қазақтар» монографиясы, 2010 жылы «Сергелдең» трилогиясы «Қаһарлы Алтай» деген атпен басылып шыққан.