«АУЫЛДЫҢ» АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСУІ МҮМКІН

/uploads/thumbnail/20170708210020429_small.jpg

Келер жылы өтуі мүмкін парламент сайлауына Қазақстандағы саяси партиялардың басшылары әлден дайындалып кеткен сияқты. Мәселен, «Ақ жол» партиясы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерекелік медальді зиялы қауым өкілдері мен журналистерге оңды-солды таратты. Мұндағы «Ақ жол» басшыларының көздегені медальға ие болған азаматтар алдағы сайлауда партияға іш тартып жүрсін деген ниет болуы мүмкін.

Естеріңізде болса, жуырда «Ауыл» партиясы мен Ғани Қасымов басқаратын Қазақстанның патриоттар партиясы бірікті. Ал, күні кеше «Ауыл» Халықтық демократиялық-патриоттық партиясы өздерінің ресми сайтының тұсауын кесті. Бұған дейін ресми сайты болмаған партия, осылайша бейресми түрде сайлауға кірісіп кеткен сияқты. Сондай-ақ, «Бірлік» партиясыда білек түріп, Парламенттен орын алуға ұмтылып жатыр. Өздеріңізге белгілі бұған дейін «Руханият» пен «Әділет» партиясы бірігіп,  азан шақырып өздеріне «Бірлік» деп ат қойған болатын. Осы бірігулердің астарында сайлаудың жақын арада болатынын анық аңғаруға болады. Біздің пайымдауымызша, алдағы уақытта Парламентке 3 партиядан бөлек 1 партия өтуі мүмкін.

Ал, енді келер жылы өтетін Парламент сайлауында кімнің аты мәреден бірінші орын алуы мүмкін? Негізінде, бұл сұрақтың былай қойылуының өзі күлкілі сияқты. Себебі, «Нұр Отан» партиясының шаппай-ақ бәйге алатынын екінің бірі біледі. Бір қызығы, теңге құнсызданып, азық-түлік бағасы шарықтаса да, қараша халықтың бас партияға деген «махаббаты» ортаймайды. Негізінде еліміздегі «белді» сараптамалық орталықтары сайлау қарсаңында қай партияның қанша пайыз алатынын жариялай бастайды. Аталған статистикада «кәнігі» мамандар «Нұр Отан» 90 пайыз дауыс жинайды» десе, олардың айтқан болжамы айна-қатесіз келеді.  

 «Нұр Отаннан» кейінгі екінші орынды «Ақ жол» партиясы алуы әбден мүмкін. Өйткені, билік партиясына «оппозиция» болып саналатын «Ақ жол» Парламентте оғаш қылық танытқан жоқ. Қарапайым тілмен айтсақ «Ақ жол» партиясының тәртібіне Президент әкімшілігі «5» деген баға қояды. Алайда, аталған партияны бұрынғыдай зиялы қауым өкілдері қос қолдап қолдамайды. Себебі, кезінде Амангелді Айталы бастаған ықпалды зиялы қауым өкілдерін партия басшылары «лақтырып» кеткен болатын. Сондықтан да, келер сайлауда Азат Перуашевты ұлт зиялылары қолдай қояды деу қиын. Десек те, бұл мәселе партияның Парламенттен орын алуына ешқандай кедергі келтірмейді.

Сондай-ақ, үшінші болып Парламентке Қазақстан коммунистік халық партиясы өтеді. Әрине, болшевикттік идеяның сойылып соғушы партияның Парламенттен орын алуы өкінішті. Жалпы аталған партияның Парламентке өтуі біздің биліктің ұлттық мүддеге жүрдім-бардым қарайтынын аңғартады. Өйткені, 70 жыл бойы болшевиктер қазақтың игі жақсыларын атып, қолдан аштық ұйымдастырды. Міне, осыны біле тұра билік Қазақстан коммунистік халық партиясына мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, бұл жолы да аталған партия Парламенттен орын алады.

Соңғы уақытта жасалған саяси өзгерістер Парламентте 3 партиядан бөлек бір немесе екі партия жіберілетінін аңғартты. Нақтырақ айтсақ, «Ауыл» мен «Бірлік» партиясының бірі Парламенттен көрінуі мүмкін. Өйткені, «Ауыл» партиясын жаңалықтарын мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары қазірден бастап насихаттап жатыр. Әдетте, өздеріне ұнамайтын партиялардың жаңалықтарын үкіметке қарасты БАҚ жарияламайды. Сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары «Бірлік» партиясының да жұмысын көрсетіп жүр. Алайда, қазақстандық саяси аренада қазіргі қалыптасқан ахуалды сарапқа салсақ, «Бірлікке» қарағанда «Ауыл» партиясының алдағы сайлауда асығы алшысынан түсуі мүмкін деген болжам қисынға келетін сиықты.

Серік ЖОЛДАСБАЙ

Астана

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар