МӘҢГІЛІК ҚОЗҒАЛЫС

/uploads/thumbnail/20170708210042570_small.jpg

МЕНІҢ ТІЛІМ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАРА ТІЛІ!

Лауреат та емеспін,

Кандидат та,

Депутат та емеспін,

Жоқ мандат та.

Ақынымын ұлтымның,

Тәңір өзі

Қалам беріп қолыма,

Қойған сапқа!

 

Коммунист та болғам жоқ –

Қарғыс атқан!

Капиталист емеспін –

Қан қақсатқан.

Мен Адаммын –

Ұлтым мен тілім Қазақ,

Тіліменен жылаған ұлтын уатқан!

 

Ұрлығым жоқ!

Емеспін тонаушың да!

Феодал да емеспін –

Қанаушың да!

Азғындалып,

Құлдыққа мойынсынған,

Не болған

Мына менің Алашыма?!

 

Ақын едім,

Жаралған от пен судан,

Наурыздың ақтүтегі қалап туған.

Жаратқан бірге қосып ит наласын,

Тілімді жаратыпты бал мен удан!

 

Менің тілім –

Домбыра,

Қобыз үні,

Қазақ деген ұлты бар –

Жалғыз мұңы!

Бебеу қаққан шырылдап, жүрегім бар,

Не болар деп қазақтың ертең күні...

 

Менің тілім –

Қазақтың қара тілі,

Сенетінім –

Дәстүрлі Тәңір діні!

Найзағайы күркіреп,

Жасын атқан

Менің үнім –

Домбыра,

Қобыз үні!

 

Менің тілім –

Қазақтың қасіреті

(Орысқұлдар тілімді әлсіретті).

«Үш тұғырлы» тіл деген шұбар жылан

Ана тілден айырып,

Кесір етті...

 

МӘҢГІЛІК ҚОЗҒАЛЫС

Мына өмірге

Неге келдім?

Неге жүрмін қыдырып?

Өмір сүру –

Жүру ме екен, шекеңді құр қыздырып?

«Өмір – күрес,

Қозғалыс!» – деп,

Тәңірге айтып, аспанға

Үлкен-үлкен әріптермен қойсам ба екен жаздырып?

 

Жұлдыздар да,

Күн де әне, қозғалыста

Жер-ана!

Қозғалғаннан жұлдыз жанып, ағып түсті жап-жаңа!

Мұхиттар да өзді-өзімен арпалысып жатады,

«Қозғалыссыз өмір жоқ» деп айтты екен қай дана?

Таң да әне

Арайланып,

Күн қозғалса, атады,

Ойнақшыған күннің көзі ұясына батады.

Түнгі аспаннан жұлдыз жанып, төмен қарай сорғалап,

Жердің шаңын бұрқылдатып, шұрқ-шұрқ тесіп жатады.

Өзгермейтін ештеңе жоқ, тау да өседі, қозғалып,

Шоқ та әнекей сөнерінде жылт етеді, қозданып.

Жүрегінде оты сөнген болсам егер тірі өлік,

Отырар ма ем, ұшамын деп, қырандарша қомданып.

 

Қыран болып,

Ұшу маған қол жетпестей болды арман!

Қанат бітсе,

Кетер ме едім бұлттан асып, тіпті, әрман?

Тым болмаса,

Саңқылыммен жұртты мынау оятып,

Қозғау салсам жүректерге...

Уай, шіркін-ай,

Не Арман!

 

КӨКШЕ МҰҢЫ

        (Жүрек элегиясы)

Жан едім

Жастайымнан соры қалың,

«Аһ!» десе,

Жүрегінен шыққан жалын.

Тұзымның жеңілдігі болар, сірә,

Тұрады мен дегенде бейнет дайын...

 

Көкшенің қатпарланған тастарындай,

Сәтсіздік үйір болған жастайымнан.

Кіршіксіз, мөлдіреген көңілім бар

Көкпеңбек, көп-көгілдір аспанымдай.

 

Ақша бұлт жарасады аспаныма,

Ақ көңіл –

Сорым болды жастайымнан.

Жағылды аққа қара,

Алаңдаймын

Қара бұлт көңілімді басқанына.

 

Көкшемнің шыңдарына дамылдаған,

Күні жоқ бұлттан көрпе жамылмаған.

Тәкаппар өрлігің бар,

Содан ба екен,

Сенен бұлт,

Менен қайғы арылмаған.

 

Басар тау,

Жерім қалмай сабылмаған,

Тыныштық жаныма бір табылмаған.

Айнала биттей өрген дұшпандардың

Жаласы жоқ басыма таңылмаған.

 

Айбыны аруағымның асқақтаған,

Ала алмай ажалым тұр тайсақтаған.

Бәрі де Тәңір ісі –

(Кім білерін)

Жебесі тиер болса жаңсақ маған...

 

Анталап,

Айнакөлге құлардай бір,

Мүжілген мылжыңынан желдің жебір –

Таулар тұр.

Күрсінеді жүрегімдей,

Есіне нелер түсіп қайдағы бір...

P.S. «Айнакөл» емес, бұрынғы атауы «Әулиекөл» деп аталған екен. Сәбеттік идеология солай Айнакөл дегізген... 

 

АҚТҮТЕК

Бораны әбжыландай ысылдаған

Ұнайды туған жердің қысы маған.

Иреңдеп, тіміскілеп сай-саланы,

Ашуы ақтүтектің басылмаған.

 

Неге екен?

Боран тұрса, қасқыр ұлып,

Жүректе қан мұздайды, үрей туып.

Үнін-ай!

Сай-сүйекті сырқыратқан,

Қалады өн-бойымда қаным ұйып.

 

Бөрінің адамзатпен үндестігі –

Тірлікке жоқ біздермен күндестігі:

Бөлісіп табиғаттың несібесін,

Қалайда тірі қалу бірлестігі...

Түнеріп

Сұп-сұр аспан, ішін тартып,

Түтігіп, долданады, күшін сарқып.

Табиғи үйлесімдік осы болар –

Шуақты күннен маған боран артық.

 

Сұрапыл боран бопты мен туғанда,

Ұлыпты, қоймай бөрі – «ант ұрған да»...

Жұт екен: мал қырылған.

Тойыма деп,

Соятын лақ та болмай, тым құрғанда.

 

Жыр қылып айтушы еді әжем марқұм

(Болса екен О жақта да жаны жарқын!).

«Дауылпаз ақын» десе,

Дегендейін,

Жүрегім дауылдатқан – осы парқым.

 

ҚАЙРАН ӘЖЕМ

Жарықтық

Жіп иіріп отыратын.

Жанына мені ымдап шақыратын.

Басымнан иіскеп алып,

Ертегінің

Тіл үйірген қымызын сапыратын.

 

Далада қарлы боран уілдеген,

Суырып пештің отын гүрілдеген.

Тойтарыс беріп желдің екпініне,

Ағаш үй сықырлайды, дірілдеген.

 

Бөрінің құтырынып,

Ұлуын-ай!

Құйқаны шымырлатып тұруын-ай!

Үңіліп терезеден жын-перілер,

Сақылдап салтанатын құруын-ай!

 

Әжемнің ертегісі басталғанда,

(Бір құшақ пешке отын тасталғанда)

Үрейлі үннің бәрі тиылатын –

Соғысқа Қобыланды аттанғанда...

 

Қазақтың батырлары шауып жауға,

Жаулары жеңілетін, сұрап сауға.

Менімен қылыштасқан қалмақ қашып,

Тығылып қалушы еді Қасқатауға...

 

Жайратып, жауды жеңіп –

Мен де риза,

Түріме алабұртқан –

Әжем риза.

Айналдым көңіліңнен, әжетайым,

Қазақтың даласындай гүлжазира!

 

Төсекке өрік-мейіз жасыратын,

Мен үшін соны кешке ақтаратын.

«Соттатпай» сотқар, тентек немересін,

Міндетін қорғаушының атқаратын.

Жарықтық

Арқасынан түсірмейтін,

Жүрісі желмаядай бүлкілдейтін.

Тоқтай қап анда-санда, шаршағанда,

«Жалғызым, құлыншағым, үкім!» – дейтін.

 

Өтсе де содан бері қанша жылдар,

Әжетайым еске түсіп, толғандырар.

Тумас ем ақын болып, сен болмасаң,

Ертегің әлі күнге ойландырар...

Қуаныш МҰҚТАЙ

 

Қатысты Мақалалар