Оны ел «Сарыбас», «Алтын бас» деп те атайды. Тамаша талантымен «Қазақстан дауысы» байқауында жұртты таң қалдырып, көптің көзайымы болды. Ол – Мұратбек Хайролда. Назарларыңызға жас әншімен болған шағын сұхбатты ұсынамыз.
- Әуелі жүлдеңіз құтты болсын! «Қазақстан дауысы» жеңімпазы атағымен қоса 5 миллион материалдық марапатқа ие болып жатырсыз? Мынау дағдарыс заманында қандай қажетке жаратуды ойлап отырсыз?

- Ізгі тілегіңізге көп рахмет! Амандық болса «5 миллионды» қолыма тигеннен-ақ көмек қорларына беруді, операцияға кіретін балаларға, жетімдер үйіне көмектесуді ниет етіп отырмын. Себебі, әр азамат қазақтың қамқорлыққа мұқтаж балаларына көмек қолын созатын болса, сол көмектен балалар бақытқа кенелсе, бұндай істің сауабы кез келген жеңімпаздық атақтан әлде қайда артық. Алланың берген осындай бақытына кішкене болса да өзгелерге көмегім арқылы рахметімді, шүкірімді айтқым келеді.
Әрине, бұл деңгейде қалып қоймай өнерімді ары қарай жетілдіре түсуге де тиістімін. Бір байқаудағы жеңіске мастанып, тоқтап қалуға болмайды.
- Алдағы шығармашылық жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз.
– Жоспарымыз әрине, өнерге қадам басқаннан кейін, осы жеңісті маған сыйлаған жақындарыма, туыстарыма, достарыма, қолдаған халыққа жақсы әндер мен бейнебаян сыйлау. Осы деңгейде қалып қоймай жетіле беру, өнерді шыңдау. Шынайы қолдаушылары, талғамды тыңдарманы көп әншілер қатарынан табыла білсем, мені ардақтаған жақындарымның да, менің де бақытым сол емес пе?!

- Сіз Қазақстанның өнер әлеміне жаңа келіп, жарқ етіп топ жардыңыз, оқырманға өзіңіз туралы да мәлімет бере кетсеңіз?
- Мен 1990 жылы, 28 шілдеде Монғолияның бай өлкесі Баян-Өлгий қаласында өмірге келіппін. Ата-анам сол жылы Атажұртқа қоныс аударыпты. Ақмола облысының Степногорск қаласына бесігімде келіп, сонда ержеттім. Білім алдым. Өнерге жақын болғасын, осы бағытқа бейімделдім.
Қазір Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің эстрада бөлімінде, 3 курс студентімін.
- Шетелдің шоу-бизнес өкілдері көбінде өз елімен шектелмей, барша әлемге хит болатын әндер жазып, жалпақ әлемге танылып жатады. Еліміздің ең таңдаулы жобасына жеңімпаз болып жатсың, әлем сахнасына ұмтылуды ойладыңыз ба?
- Әрине, бұл әр өнерде жүрген азаматтың арманы болар. Өнерге аяқ басқан кез-келген талант иесі мен талаптының арманы сондай деңгейге жету. Өзге елдің де өнер иелерімен иық тірестіру. Қазақстанның еңсесін көтеру, көк байрақты желбіретіп, қазақтың атын шығару менің де арманым. Мен бұған дейін халықаралық байқауларға шығып жүрдім. Түркияда өткен, Украинада, Ресейде өткен байқауларға қатыстым. Қатысқан байқауларымда бас жүлдеге ие болып, жеңіспен оралып жүрдім. Шүкір!
Қазақстанда өткен патриоттық әндер байқауында, композиторлардың ән бәсекелерінде бас жүлделер алып жүрдім. Әрине, бұлардың бәрі үлкен жеңіске жетер жолдағы тәжірибе мен сынақтар. Осындай жолдан қанатымыз қатайып, тұяғымыз сүрінбей өте берсек, алар асуларымыз қиын болмас.
- Өнерде кімдерге еліктейсіз? Кімдерді үлгі тұтасыз?
- Өнер жолында жүрген әр кімнің де өз биігі бар, өз өнегесі бар, өзіндік орны бар. Сондықтан да өнер жолындағы барша аға-әпкелерді, бауырларымды жақсы тыңдаймын, сыйлаймын, жоғары бағалаймын. Алалап, бөліп жарған емеспін. Халықтың жүрегінен әбден орын алған Роза Рымбаева, Медеу Арынбаев, Нұрлан Албан, Жұбаныш Жексенұлы сияқты әншілерді өзіме үлгі тұтамын. «Қарағайға қарап тал өсер, Атаға қарап бала өсер» дейді ғой қазақ. Алдыңғы буын әншілердің бәрін де үлгі өтеміз.

- Өзіңіз жүлдесін иелендіңіз ғой, әрине. Дей тұрғанмен қатарынан үш жыл бойы еліміздің ең үлкен телеарнасында болып жатқан «Қазақстан дауысы» жобасына іштей берген бағаңыз бар ма? Бұл жобаны қаншалықты әділ санайсыз?
- Бұл жоба халыққа ұсынылғанынан-ақ көптеген сөзге қалып, сынға ұшырады. Жақсы сөз де, ауыр сын да айтылды. Тіпті, «Әр тәлімгердің креслосы бұрылғанының өзі ақша екен» деген қауесеттер тарады. Бірақ, мен дәл осы жобада қандай да бір қаржылық талаптар, қағажу мен қақпайлау көрген жоқпын. Көзімізбен көрдік, шынымен әділ жоба. Халықтың өзі бағалайды.
Егер жыл сайын қайталанып жатқан болса, көрерменнің де қажетсінген, жақсы бағасын алған жоба болғаны. Қазіргі тілмен айтқанда, рейтингісі жоғары, көрермен сұранысына ие бағдарлама болғандықтан жалғасын тауып келеді.
- Осы жобада әттеген-ай деген немесе көңілің қалған жайлар болды ма?
- Осы жобадан кейін кейбір жұрт «білмей қалыптық, мынау монғол екен, оралман екен» деп суық сөз, қысыр әңгіме айтып, пікір білдіріп жатты. Финалдық бәсекеге шыққан Жәннат та Қытайдан келген қандасымыз еді. Бұндай алалау, әрине, менің көңілімді мұздатты, жанымды күйдірді. Қазақтың ұрпағы қайда туылса да, олардың қанында тулайтын бірдей қан. Алалаудың орнына алқау болса, бөліп жарудың орнына бірлігіміз болса деген ойым бар. Дегенмен де, қолдап-қолпаштаған кісілердің, көптің тілеуінің жанында мұндай жағдайлар тез ұмытылып кетеді ғой.
- Байқаудың жеңімпазы ретінде, мереке қарсаңында елге деген тілегіңізді білсек.
- Иә, бұл байқаудың жеңімпазы атануым жалғыз менің еңбегім немесе ғайыптан қона салған бақ емес. Бұл елдің қолдауы, талмай жаттығулар, әрі тәрбиешім болған Нұрлан ағаның нұсқаған жолы. Сондықтан да ең алдымен сол кісіге үлкен алғысымды айтамын! Дауыс берген, биік шыңға, мәртебеге лайық көрген барша қазақстандықтарға зор алғысымды білдіремін! Отандастарымның баршасына тек жақсылық, отбасыларына береке-бірлік тілеймін! Мереке қарсаңында бәріңіздің шаңырақтарыңызда шаттыққа толы көңіл-күй, жаңа жылда жаңа табыстар, жоғары жетістіктер болсын деймін. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын!
- Тілегіңізге рахмет! Сіздің де мерекеңіз құтты болсын!
Сұхбаттасқан: Ерлан Төлеубай