О ЗАМАН МЕН БҰ ЗАМАН...
Ол заманда бәрі басқа болатын,
Сүйген жанмен көңіл шалқып, толатын.
О заманда - арулардың құшағы
Қырдың қызыл гүлдеріне толатын.
Пенде біткен бұл өмірдің қонағы,
Уақытшасың, мына сен де, о дағы.
Бұ заманда - сайтандардың қалтасы,
Уыс-уыс көк қағазға толады...
О заманның арулары арлы еді,
Қай-қайсы да құрбысының алды еді.
Бұ Заманда, ісіп, толып, шалқаяр,
Әлде кімнің шәлдегі мен әлдегі...
Көп жүрмей-ақ бүрі кеткен табаннан,
Бұ Заманда ұят кеткен адамнан.
Ұяты жоқ, нысабы жоқ жандарды,
Көріп тұрып, қабақ қатты қабарған.
Жұмбақ болса кешегінің айтары,
Ашық, шашық - бүгінгінің сайқалы,
Тіл қатпаса, О Заманның аруы,
«Шешін!..»-дейді бұ Заманның сайтаны...
Неткен осал бұл пенденің санасы,
Және де жоқ емделетін дауасы.
Сенесіз бе, кеткен қатты алшақтап,
О Заман мен бұ Заманның арасы...
«АРМАН ҚАЛАМ» - ҚАЙДА ЕКЕН?..
Күлкі : «қарқ-қарқ...», «сыңғыр-сыңғыр...», үдейді,
Тілемсек көз түнді үңгіп тілейді...
Тұрса дағы жарық шамға шомылып,
Алматымның түні қандай үрейлі...
Кілең тобыр, ойындары осылған,
Ырду-дырду, думан іздеп жосылған.
Жатса дағы сансыз көлік ағылып,
Ару қалам, дір-дір етер шошыныған.
Тығылатын қара тоғай, орманға,
Шайтан біткен бұл қалаға қонған ба?
Қонақ үйлер, мейрамхана, сауналар -
Жын-ойнақтан әңкі-тәңкі болған ба?
Асып, толып, шайқап ішіп еріккен,
Мына түнде кімдер екен желіккен?
Лас біреудей жан дүниесі кірлеген,
Арман қалам тұнжырайды неліктен?
Арман қала дір-дір етті, тоңған ба,
Қансыз жүзі аппақ болып оңған ба?
Кез келгеннің құшағына жығылғыш,
Арман қала - азған қала болған ба?
Қансыз, сөлсіз, ойсыз, түксіз жанардай,
Оның сыйқы - бейне жынды адамдай.
Мен кешегі: «Арман қала» атанған,
Алматымды қалғандаймын таба алмай...
Бүгінгінің қуғандары «пайда» екен,
Көңілдері - аспандағы Ай да екен.
Ары таза, тәні таза арудай,
«Арман қалам» - сол Алматым қайда екен?..
АЛМАТЫ ДА АҢСАҒАНДАЙ АҚ ҚЫСТЫ...
Кеш батты ма, басып тұрар қара түн,
Бұл қаладан алыс жатыр дала тым.
Сары аяздан титімдей де белгі жоқ,
Ашық жүрген беттен сүйіп алатын.
Ауырсынар қала сұлу көп кірден,
Қалың ұйқы кімнің ішін кептірген?
Ақ боран жоқ алай-дүлей бораған,
Айырма жоқ көп күн менен көп түннен.
Алақайлар: «әппақ қысың келді!» деп,
Соққан емес бұл қалада жел де үдеп.
Болса дағы желтоқсанның аяғы,
Алматымда қыстан иттей белгі жоқ.
Саналардан сағыныш боп ұшты елес,
Күдікті ойлар сыртта қалған, іш те емес.
Не қыс емес, не жаз емес, күз емес,
Көктем де емес, ақ тон киген қыс та емес.
Қысты аңсаумен сарғайғандай сана да,
Жүректерде Үміт өрт боп жана ма?
Ақ қалпақты Алатау да мұңайып,
Қарап тұр ма кірлеп кеткен қалаға?..
Жақын емес, болған бүгін жат күшті
Бізден қашып, айдалаға Бақ та ұшты.
Мұңайғандай сағыныштан сарғайып,
Бүкіл қала аңсағаннан ақ қысты...
Қысты аңсаған мына менің жүрегім,
Тулап, тулап, «дүрс-дүрс» соқты, білемін.
Деп тілеймін, мен ішімнен күбірлеп:
«Мына қыстан аман шықсын Ұлы Елім!..»
Жұмаш КЕНЕБАЙ,
29.12.2015 жыл ,